Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен шекара қызметкерлері жайында қос туынды жарық көрді
Еліміздің Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, «Отандық арнаулы қызметтің хроникалары» және «Мемлекеттік шекара» мерейтойлық кітабының презентациясына арналған салтанатты жиын болып өтті.
Шара барысында, ҚР ҰҚК Қостанай облысы бойынша Департаментінің басшысы, ұлттық қауіпсіздік полковнигі Сергей Климчук пен ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі Қостанай облысы бойынша Департаменті бастығының міндетін уақытша атқарушы подполковник Темірлан Байгабатов сөз сөйлеп, жиналған жұртшылыққа қос кітапта көтерілген тақырыптар жайында баяндап өтті.
Сондай-ақ ҰҚК-де көптеген жылдар тапжылмай еңбек етіп, зейнетке шыққан бір қатар ардагерлер қауымына жарық көрген қос туынды сыйға тартылды.
-Бұл туындылардың мағынасы өте терең. Қазіргі кез-келген қызметкердің жұмыс үстелінде жататын кітап деп білемін. Жанқиярлықпен еліне адал қызмет етіп жүрген жандардың ерлігін халық оқып білгені дұрыс. Осы мақсатта шығарылған кітапты үлкен қуанышпен қабыл алып отырмын,-дейді Ұлттық қауіпсіздік комитенінің Құрметті ардагері Ғалихан Маулетов.
«Мемлекеттік шекара» кітабына Обаған шекара қызметінің бастығы Құрмет Бейсеновтің есімі енген. Онда оның «Қостанай-Қорған» тас жолында қар құрсауында қалған 22 адамның өмірін құтқару жолында көрсеткен ерлігі жайында жан-жақты баяндалған.
Сонымен қатар «Отандық арнаулы қызметтің хроникалары» кітабындағы «Мәңгілікке қадам» деген мақалада ҰҚК-нің Қостанай облысы бойынша Департаментінің «Арыстан» арнайы бөлімшесінің кезекті операциясы барысында ерлікпен қаза тапқан Қайрат Ибраимов жайында мол мағлұмат берілген.
Бүгінде ел тыныштығы үшін ерлік танытып жүрген қызметкерлер жайында жарық көрген қос кітаптың барлық қалаларда сатылуы үшін 1600 данасы «Меломан» дүкендеріне жөнелтілген. Сонымен қатар бұл туындылардың қазақ және орыс тілдеріндегі электрондық нұсқасын Kitap.kz интернет-платформасынан еркін жүктеуге болады. 28 қазаннан бастап ҰҚК-нің сайтына кітаптың бір мақаласы жүктеліп, оқырмандар назарына ұсынылып келеді.
Ерім дейтін елі болмаса, елім дейтін ері болмайтынын ұмытпайық.
Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Суретті түсірген Нұржан СМАИЛОВ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77