Ерте қамданған қапыда қалмайды

Ерте қамданған қапыда қалмайды

Комментарии к записи Ерте қамданған қапыда қалмайды отключены

Қаламызда мектеп базары жұмысын бастап кетті

Шаһарымызда тірлігі қыз-қыз қайнап жататын көк базарда мектеп базары өз жұмысын бастап кетіпті. Мұндағы мектепке қажетті құрал –жабдықтар сататын дүңгіршектер көп болмағанымен бірнешеуінде сауда қыза түскен.

Алдағы уақытта жылдағыдай қатар-қатар мектеп құралдары қойылған дүңгіршектер саны артатыны белгілі. Қазірде қала тұрғындарының көпшілігі кезекке тұрып қажетін алып жатқан оқу құралдары сатылып жатқан дүңгіршіктерге біз деп бас сұғып, ондағы бағамен таныстық.

Мектепке дайындық басталды десек те болады. Ерте қамданғанды жөн көретіндер күні бұрын балаларының мектепке киетін киімін, оқу-құралын сайлап қойған десек қателесе қоймаспыз.

Бірақ, көп отбасыларда шілденің аяғы мен тамыздың басында мектепке үлкен дайындық басталады. Алыс-жақын аудандардан балаларын ертіп, киім-кешек алуға қалаға ағылатын шақ әрине осы кез. Осындағы туыстарының үйіне түсіп, мұндағы орталық базарды аралайтын жандардың құлақтарына алтын сырға болсын.

Өзіміз арнайы барған дүңгіршектердегі мектепке қажетті құралдардың бағасына тоқталып өтсек.

Мұнда күнделікті пайдаланылатын жай дәптер-25, қалам-50-250, түрлі түсті қарындаш-600-1200, сурет альболы-500, күнделік-500-600, қалың дәптер-150-ден жоғары, сызғыш-50-500, пинал-700 теңгеге сатылымға қойылғанын көрдік. Таңдау жоғары талғамыңызға, қалтаңыздағы ақшаңызға қарай ең арзанын немесе қымбатын сатып ала аласыз.

Ал бүлдіршіндеріміз арқалап мектепке баратын сөмкенің бағасы — 2000 теңгеден жоғары. Мектепке екінші аяқ киім апаратын, спорттық костюмдер салатын доба — 1000-ден басталады. Бір қараған жанға қымбат емес сияқты.

Сонда да үйіңізде бірден бес бала мектепке баратын болса қомақты қаржы жұмсауыңызға тура келеді. Сондықтан елімізде «Мектепке жол» акциясы жұмыс жасайды. Бұл акцияның басты мақсаты көп балалы және аз қамтылған отбасыларының балаларын мектепке дайындауға көмек көрсету. Осы акция аясында мемлекетіміздің барлық аумағындағы әлеуметтік көмекке зәру  отбасыларындағы мектеп жасындағы балалары қамқорлыққа алынып, мектепке қажет құралдармен толық қамтамасыз етіледі.

Бұл еліміздегі көмекке мұқтаж жандар үшін өте маңызды. Осындай отбасыларының балаларының қатарынан қалмай білім алып, болашақта білімді де тәрбиелі азамат болып қалыптасуына қосып отырған үлесі зор.

Сонымен қатар меткепке дайындық кезінде ата-аналарды үлкен сарсанға салатын жағдайдың бірі балалардың мектепке киетін киім-кешегі. Қазіргі таңдап қыз баланың қажеті көп, шашына бантик, аяғына туфли, капрон-колготки керек дейтініміз де бар.

Бірақ  бұл ретте ер балалардың да қажеттілігі жетіп артылады. Көк базарда ер баланың костюм шалбары — 7000 теңгеден жоғары, талғамыңызға қарай түрлі бағада сатып ала аласыз. Ал ақ жидесінің бағасы — 2500 теңгеден басталады. Ер баланың көркіне сән беретін галтуктің бағасы — 500.

Қыздардың сабаққа киетін ақ күртешесі —  2000 теңгеден басталады. Шаштарына тағатын ақ бантиктің бағасы — 500-ден жоғары. Дәл қазір қаламыздағы орталық базардағы бағаның көрсеткіші осындай.

Бұл баға сауда қыза түскен кезде көтерілетіні де белгілі. Сондықтан уақытты өткізбей дер кезінде ертерек қамданған жөн сияқты. Алдағы тамыз айы бойы жұмыс жасайтын мектеп базарындағы бағалар көңіліңізге тым қымбат көрінсе, басқа да дүкендерді аралап, асықпай сауда жасауларыңызға кеңес береміз.

Осы ретте біз қалаға Жангелдин ауданынан екі баласын мектепке дайындау үшін арнайы алып келген Ақмарал есімді келіншекті сөзге тартқанымызда, ол бізге былай деді:

-Біздің ауылда да мектепке қажетті киім-кешек, оқу құралдары сатылып жатыр. Бірақ өте қымбат. Қымбат екенін білсем де жылда ауылдағы дүкендерден сауда жасап, балаларымды мектепке дайындайтын едім. Биыл әдейі қаланың бағасын көрейін, білейін деп келдім.

Бір жағынан ауылдағы киімдер қызыма ұнамады. Бала өскен сайын өзінің ұнатқанын киюге құмар келеді ғой. Сондықтан осы жылы қызыма Қостанай қаласындағы кең таңдауды ұсынып отырмын.

Біз ауылдан келгесін болар, мұнда баға тым төмен болып көрінеді. Қалай болса да жаздай жинаған қаражатыма ұлым мен қызымды бастан аяқ киіндіріп, қажетті құралдарын алып ауылға қайтамын деп отырмын.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА

Суретті түсірген автор

Создать профиль



Войдите в свою учетную запись