Біздің Қостанай Здравоохранение

Гаджетке байланған ғұмыр. Қашаннан бастап бұл әдет тәуелділікке айналады?

Гаджеттер біздің өмірімізге берік енді және олар балалар үшін де күнделікті нәрсеге айналды. Бала қолындағы смартфон қалыпты көрініс. Бірақ ең басты сұрақ, бұл баланың денсаулығына, психикасына және дамуына қалай әсер етеді?

«Алдымен жай ғана мультфильмдер еді…»: цифрлық тәуелділік қалай басталады. Айгүл екі баланың анасы, тұңғыш ұлына телефонды алғаш рет төрт жасында берген. Ол кезде бұл уақытша шешім сияқты көрінген: «Мен ас әзірлеп немесе үй жинап жатқанда, мультфильм көре тұрсын. Белсенді бала, ал телефонмен тыныш отырады». Кейін ол оқу бағдарламаларын орнатты, экранда сандар, әріптер, пазлдар пайда болды. Айгүл баласының үйреніп кететініне үміттенді, бірақ бәрі бақылаудан шығып кетті.

Уақыт өте келе бала телефонды жиі сұрай бастады, ал алып қойғанда ашуланып, кейін тіпті айғайлап, бақырып-шақыратынды шығарды. Қазір ол жеті жаста, анасы алаңдап отыр: ұлы тез шаршайды, ұйқысы бұзылған, сабаққа зейіні төмен, інісімен ойнауды қойған.

«Қасында секілді, бірақ ойы — телефонда», — дейді Айгүл.

Телефон әсері

Телефон баланың ұйқысынан бастап омыртқасына дейін әсер етеді. Педиатр Гүлнұр Елубаева ата-аналардың көпшілігі экран біртіндеп баланың өміріндегі басқа маңызды дүниелерді ығыстырып жатқанын байқамайтынын айтады.

«Гаджеттерді шамадан тыс пайдалану көбіне ұйқының бұзылуына, көру қабілетінің төмендеуіне, омыртқа қисықтығына әкеледі. Бұл факторлар баланың жалпы жағдайына және дамуына тікелей әсер етеді. Қимыл-қозғалыстың азаюы, экран сәулесінің көгілдір жарығы, миға шамадан тыс жүктеме – бәрі шаршау, алаңдаушылық, ашушаңдық пен семіздікке соқтырады», – дейді дәрігер.

Оның айтуынша, гаджетті балаға «бос қалу үшін беру» — өте қауіпті. Мұндай сәттерде тұрақты тәуелділік қалыптасады. Ал физиология жағынан – ұйқы ырғағы, мелатонин бөлінуі, белсенділік режимі бұзылады. Бұл бас ауруына, иммунитеттің әлсіреуіне, өмірлік энергияның төмендеуіне әкеледі.

Көзілдірік – шешім емес

Цифрлық тәуелділік көзге бірінші болып соққы береді. Әсіресе 1 жастан 13 жасқа дейінгі балаларда, көз әлі қалыптасу кезеңінде болғанда.
Офтальмолог Анара Сарсембина гаджеттер тек жақыннан көруді (миопия) тудырып қана қоймай, көздің құрылымына елеулі зиян келтіретінін айтады.

“Көзілдірік кигіздік, болды” деп ойлайтындар бар. Бірақ бұл тек мәселенің көрінетін бөлігі. Миопия кезінде көз ұзартады, ал бұл көздің тор қабығында жыртылу немесе ажырау қаупін тудырады. Біздің тәжірибемізде мұндай диагнозбен келген 7–8 жасар балалар көбейіп барады».
Кей ата-аналар болашақта лазерлік түзету бәрін шешеді деп ойлайды. Бірақ ең дұрыс шешім – алдын алу: экран алдында уақытты шектеу, әр 20 минут сайын үзіліс, дұрыс жарықтандыру және ең бастысы – табиғи жарық пен серуен.

«Клиника дәлізінде жүрсем – анасы екі баламен отыр. Үлкені телефонда, кішісі небәрі екі жаста, оған да телефон беріп қойған. Бұл күнделікті көрініске айналды. Осы қорқынышты», – дейді офтальмолог.

Цифрлық жалғыздық

Педагог-психолог Қанағат Фатхутдинова гаджеттердің эмоциялық және тілдік дамуға үлкен зиянын тигізетінін айтады.

«Цифрлық тәуелділік психикаға, зейінге және оқуға әсер етеді. Кей балалар гаджетке соншалықты үйреніп кетеді, шынайы өмірге қызығушылықтарын жоғалтады. Оларға достар керек емес, сөйлесу қызық емес. Олар ашуланшақ, тұйық болады, оқығысы келмейді, ата-анасына дөрекілік танытады. Түнде де жасырынып, көрпесінің астында телефон қарайды. Мұндайда ұйқы бұзылады, сабақ үлгерімі төмендейді, жанұя ішінде жанжал көбейеді».

Экран — негізгі ақпарат көзі болған балада сөз қоры аз, сөйлем құрауы нашар болады. Қиялы, ынтасы, зейіні төмендейді. Жанды сөзді естіп, түсініп, есте сақтау да қиындайды.

Мамандар гаджетті шектеу ғана емес, баланың айналасында салауатты орта қалыптастыру маңызды екенін айтады. Экран — өмірдің кішкене бөлігі ғана болуы тиіс.

Педиатр Гүлнұр Қадырқызы Елубаева гаджетті әсіресе ұйқы алдында пайдалануға болмайтынын ескертеді. «Экраннан шығатын көгілдір жарық мелатониннің бөлінуін тежейді, ал бұл — ұйқы сапасына тікелей әсер етеді. Ұйқыға бір сағат қалғанда гаджетті толық өшіріп, кітап оқу, әңгімелесу, жылы ванна сияқты тыныш әрекеттерге көшкен жөн», — дейді дәрігер.

Ол сондай-ақ қозғалыс маңыздылығын атап өтеді: «Бала күніне кемінде үш сағат белсенді қимылдауы керек. Бұл серуен, доп ойыны, би, тіпті қарапайым жаттығу болуы мүмкін. Экран қозғалысты ешқашан алмастыра алмайды».

Психолог Қанағат Амирханқызытелефонды «тыныштандырғыш құрал» ретінде қолдану қателік екенін ескертеді:

«Ата-ана баласы жыламасын, мазаламасын деп телефонды бере салады. Бірақ бұл қауіпті әдетке әкеледі: ішім пысты — экран керек. Оның орнына кітап, кубик, сурет салу немесе жай ғана сөйлесу арқылы баланы шынайы дүниеге бағыттау маңызды», — дейді ол.

Оның айтуынша, гаджетке қатысты ережелерді балаға түсіндіріп, бірге талқылау пайдалы. Себебі бала шектеудің себебін түсінсе, оны жеңілірек қабылдайды.

Офтальмолог Анара Александровна Сарсембина былай дейді: «Экран алдында 20 минуттан артық отырмауы керек. Сосын міндетті түрде үзіліс жасау қажет. Бала көзін алысқа қаратып, жарыққа шығып, аздап қозғалғаны дұрыс. Бұл — көздің демалуына көмектеседі». Сондай-ақ, бөлме жарығы дұрыс болуы және экран көзден 30–40 см қашықтықта орналасуы тиіс. Офтальмологтың тайтуынша, серуен – жай ғана “денсаулық үшін жақсы” нәрсе емес, көздің дамуы үшін қажет шарт. «Күндізгі табиғи жарық – көздің дұрыс дамуына қажетті басты фактор. Оны ешқандай жаттығу алмастыра алмайды».

Цифрлық технологияларды түбегейлі жоққа шығаруға болмайды — оларды дұрыс қолданса, пайдалы бола алады. Бірақ ешбір қосымша, ешбір мультфильм — шынайы сөйлесуді, серуендеуді, достармен ойнауды және ата-ананың көңілін ауыстыра алмайды.

Мариям СЕРГАЗИНОВА,
суретті түсірген автор және Лариса БОЖКО


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77