Қазіргі уақытта қолдан әрқилы бұйымдар жасау қайта жаңғыру үстінде. Өңіріміздің тұрғындары да қолөнердің алуан түрімен айналысып, кәсіптерін өркеңдетіп жатыр. Солардың бірі – Нұргүл Хамзина қолдан бұйымдарды жасаумен айналысады.
Ол қолөнер шеберлігін 2014 жылдан бастап қолға алды. Қазіргі уақытта ерекше қабілетін табыс көзіне айналдырған.
-Бес саусағынан өнер тамған ата-әжем мен анам шебер болатын. Солардың арқасында бала кезімнен осы өнерге әуестік танытқан едім. Хамза атам ұста болған кісі. Ағаш, тері түрлерінен жиһаз, мәс тігіп, қамшы және ат әбзелдерін жасайтын. Ал әжем тоқыма өнеріне жақын болдыешкінің жүнінен түбіт түтіп, қолғап, шұлық тоқитын. Анам болса, кілем тоқумен айналысты. Әжем мен анам мені тынбай еңбек етуге үйретті. «Өз наныңды адал жолмен тапсаң, өнерің өрге жүзеді» деп ақылдарын айтатын. Мен сол қағиданы ұстанып, қазіргі кезде әшекей бұйымдарды құрып, тігіншілікпен айналысып келемін, – дейді қолөнерші.
Соңғы кездері қолөнерге деген қызығушылық артқан. Адамдар қолдан жасалған дүниелерді қолдана бастады. Қолданыстан шығып қалған тұрмыстық құралдар қайта кәдеге жарады.Бұрын кәдесыйларды көрмелерге қойса, енді көпшілік мұны қайта тұтынуда. Бұл – қолөнер шеберлерінің жетістігі деуге болады.
-Қолөнер – адам бойындағы ерекше қабілеттердің бірі. Бұл өнерді өз бойына сіңіру үшін оның тарихи маңызын білу жөн. Әжем бар білгенімен бөлісіп, әр қолөнердің қандай мағына беретіні туралы айтып отыратын. «Қолөнер – көне заманнан дамыған шеберлік, ол біздің рухани байлығымыз» деп сыр шерткен әңгімелері әлі есімде, – дейді Нұргүл.
Нұргүлдің жасаған алғашқы қолөнері тоқыма болыпты. Әр бастамада әжесі мен анасы қолдау көрсететін. «Әр қиындыққа сабырлықпен қарасаң, ісің алға басады» деп үнемі құлағына құйып отыратын. Шебердің айтуынша, ең қиыны бұл кілем тоқу болыпты. Дегенмен, қазірде ол барлық қолөнер түрлерін меңгеріп, еш қиындықсыз жұмыс істейді.
-Бұйымның толық жинағын құруға екі күн жеткілікті. Оның ішіне алқа, шашбау, сырға мен сақина кіреді. Бұйымдар ерекшеліктері бойынша әр түрге жіктеледі. Ол әжелерге, қыз-келіншектерге және балаларға арналған өзіндік бұйымдар. Қазіргі кезде жастардың арасында бұйымдарға деген сұраныс артуда. Бұйымдарды тұтыну кезінде жастар қауымына шолпы, шаш бау, кіші алқа мен сырға әшекейлерін ұсынамын. Оларға осы бұйымдардың тарихи маңызы мен ерекшелігін де атап өтемін. Тарихты білсін, дәріптесін деген оймен, – дейді ол.
Бұл тамаша өнер қазіргі заманда жалғасын тауып, көрші халықтардың өнер шығармашылықтарымен толысып, дамып, әсемдігімен, көркемдігімен көз тартып өркендеп келеді. Көз салып байыптап қараған адамға бұйымдардағы түрлі-түсті ою-өрнек, оның орналасуы адамзат дүниесінің табиғатпен біте қайнасқан сонау заманнан келе жатқан қарым-қатынасын, көңіл-күйін, жан дүниесіндегі тылсым күштердің бірлігін аңғаруға болады.
– Бұйымдарды жасаудан бөлек, қазақтың ою-өрнегімен көмкерілген сөмкені тігемін. Арасында көрпе де тоқимын. Қазақ елі өз тарихын жадында сақтауы керек. Осы тарихты ұмытпас үшін өз кәсібімді өрлетіп, үлесімді қосып жүрмін. Әр ғасырдың өз тарихы болады демекші, осы тарихты жас ұрпаққа айтып келемін, – деп атап өтті Нұргүл.
Дильназ ИЗДЕЛЮЕВА
суреттерді ұсынған кейіпкер
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77