Қостанайда екі күнге созылған 21 жылдық тарихы бар дәстүрлі халықаралық «Алтын микрофон – 2025» әншілер байқауы да өз мәресіне жетті. Биылғы байқауға еліміздің барлық өңірінен және алыс-жақын шетелдерден келген 84 үміткер қатысып, өнер додасы бұрынғыдан да ауқымды өтті. Айта кетерлігі, алғаш рет байқау сахнасына Ұлыбритания өкілі шықты.
Жас таланттардың өнерін Армения, Болгария, Қырғызстан, Беларусь, Украина және Қазақстаннан келген қазылар алқасы саралады. Қазылар алқасының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор әрі әнші Жеңіс Сейдоллаұлы биылғы байқаудың деңгейіне жоғары баға берді.

– «Алтын микрофон» бүгінде өз межесіне жеткен сияқты. Байқауды кәсіби деңгейде өтті деп толық айта аламын. Себебі жастардың өзін көрсетуі, таңдаған репертуарлары – кәсіби деңгейде. Олар сахнаға шыққанда нағыз өнер тарландары секілді бір-бірімен шынайы таласқа түсетіндей дайындықпен келіпті. Қазылар алқасына баға беру оңай болмады. Бірдей ұпай жинағандар жиі кездесті. Бұл – қатысушылардың деңгейі тең, бәрінің де мықты екенін көрсетеді, – деді ол.
Композитордың айтуынша, жас орындаушылардың басты кемшілігі – репертуардың тарлығы.


– Репертуар кеңейсе екен деймін. Өкінішке қарай, жастар кейде бір-бірін қайталағысы келеді. Халық әндерін көбірек орындаса – ұтар еді. Әрине, дауысты көрсету маңызды. Бірақ сахнаға шыққанда стиль мен мәнерді жоғалтып алмау керек. Жастарға айтарым – әлемдік жұлдыздарды тыңдап қана қоймай, өз стилін қалыптастырсын. Сонда ғана олар дараланады, – деді Жеңіс Сейдоллаұлы.
Сондай-ақ ол байқауды ұйымдастыруға қатысты бірнеше ұсынысын да айтты:
– Егер мен ұйымдастырушы болсам, әр қатысушы екі әнін екі күнге бөліп орындағанын қалар едім. Бұл мәселені талқылап, ескерттік. Сонымен қатар, қатысушылар құр қол кетпесе екен дейміз. Өйткені өнерге қаншама уақыт пен күш жұмсайды. Жастардың ар жағында үлкен еңбек бар.
Оларды дайындаған жетекшілер де елеусіз қалып жатады. Негізінде, еңбегі үшін ұстаздарды да марапаттасақ, әділ болар еді. Ал әр өңір өз үміткерін қолдап отырса, жастар да сол елдің намысын арқалап, қанаттана түседі, – деді ол. – Мұндай халықаралық деңгейдегі вокалдық конкурс біздің елде көп емес. Сондықтан оның ауқымын кеңейту үшін жарнама қажет. Егер Мәдениет министрлігі тарапынан қолдау болса, тіптен жақсы. Бұл тек Қостанайдың ғана емес, барша қазақтың мүддесі. «Алтын микрофон» алдағы уақытта да биікке самғайды деп сенемін, – деп сенім білдірді Жеңіс Сейдоллаұлы.
Салтанатты ашылу рәсімінде облыстық мәдениет басқармасының басшысы Құралбек Атамұратов сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. «Бұл жоба жылдан-жылға кеңейіп келеді. Байқаудан қаншама таланттар танылды. Бүгін де жаңа есімдер ашылатынына сенімдімін», – деді ол.
Байқау төрт санат бойынша өтті: кіші топ (7–10 жас), ортаңғы топ (11–13 жас), ересектер (14–17 жас) және «профи» (тәжірибелі орындаушылар). Қатысушылардың өнері 10 балдық жүйемен бағаланды. Ал гала-концерт биыл алғаш рет ашық аспан астында – облыстық әкімдік алдындағы сахнада ұйымдастырылды.


Алғашқы болып сахнаға алматылық Тамерлан Абдолда шығып, байқаудың шымылдығын ашты. Ол осы жобаға бұған дейін де қатысып, өз өнерін көрсеткен екен. Араға бірнеше жыл салып, Қостанай жеріне тағы да оралып отыр.
– Әрине, алғашқы болып шығу оңай емес. Дегенмен, бұл маған ерекше серпін берді. Өлеңімді шын көңілмен орындап, өзге де әншілердің өнерін емін-еркін тамашалауға мүмкіндік алдым. Қазылар алқасының берген жоғары бағасы да қуанышымды еселей түсті, – дейді Тамерлан.
Гран-при иегері – Мирас Нағашыбай
Екінші күні өткен гала концертте жеңімпаздардың есімдері белгілі болды. Кіші жас санатында бірінші орынды алматылық Темірлан Абдолла иеленсе, орта жас санатында астаналық Жасмин Түзелова үздік шықты. Ересектер санатында Болгариядан келген Виктория Илиева жеңімпаз атанды. Кәсіби әншілер арасында Айдар Жазықбаев (Қазақстан) топ жарды.


Ал байқаудың Гран-при иегері болып 13 жастағы Мирас Нағашыбай танылды. Байқаудың ең басты марапатын облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов табыстап, оған 1 миллион теңгенің сертификаты мен арнайы статуэтка тарту етіп, барша жеңімпаздарды құттықтады.
Бас жүлдені қанжығасына байлаған Мирас небәрі 13 жаста. Ол өнерге ерте жастан қадам басқан:
– Бес жасымнан бастап ән айтып келемін. Жетекшім – Әділ Ахметжан. Болашақта әлемге танылған әнші болғым келеді. Қостанай жері қонақжай, көңілімнен шықты. Бүгінгі байқауға екі ән әзірлеп келгенмін. Менің өнерімді бағалаған көрерменге, қазылар алқасына алғыс айтамын, – дейді Мирас.
Кішкентайынан үлкен сахнаға құштар болған жас дарынға қазылар алқасы ерекше баға берді. Оның орындаушылық шеберлігі, сахналық мәдениеті мен дауыс мүмкіндігі жасына қарамай тыңдарманды да, кәсіби мамандарды да тәнті етті. Мирас Нағашыбайдың жеңісі – қазақ эстрадасында жаңа есімнің жарқ етіп шыққанының айғағы. Алдағы уақытта оның өнер жолындағы қадамдарына сәттілік тілейміз.


Халықаралық мәртебесі артып келеді
Қазылар алқасының мүшелері мен ұйымдастырушылардың айтуынша, «Алтын микрофон» бүгінде дарынды жастардың шығармашылық қабілетін шыңдап қана қоймай, халықаралық мәдени байланыстарды да нығайтып отыр. Қазылар алқасының төрағасы Жеңіс Сейдоллаұлының айтқан пікірлері мен ұсыныстарынан-ақ «Алтын микрофонның» болашағы айқын аңғарылады. Байқау бүгінде жас дарындардың кәсіби деңгейде өнер көрсететін сахнасына айналған. Әрбір қатысушы өз өлкесінің намысын қорғап қана қоймай, қазақ өнерінің абыройын асқақтатуда.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, конкурс алдағы жылдары да кеңейіп, халықаралық мәртебесін арттыра түспек. Демек, Қостанайдан қанат қаққан бұл өнер додасы әлі талай жұлдызды танытып, талай жүректі әнімен тербейді деген сенім мол.
«Бұл сахнадан болашақ жұлдыздардың қанат қаққанына талай куә болдық. Байқаудың ғұмыры ұзақ болып, абыройы арта берсін», – деді шара соңында өнер қайраткерлері.
Қостанай жерінде дәстүрге айналған өнер додасы биыл тағы да жаңа есімдерді танытып, талай жастың арман-мақсатына жол ашты.
Ая ӘБДІЛДА,
суреттерді Облыстық халық шығармашылығы орталығы ұсынды
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77
