Біздің Қостанай Культура

Халықаралық театр күні үздіктер марапаттады

​І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрында Халықаралық театр күніне арналған іс-шара өтті

Мерекелік кеш аясында дәстүрлі «Темірқазық» сыйлығының биылғы лауреаттары марапатталды.

Қазіргі таңда Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрында жалпы алғанда 30-ға жуық актер бар.

​- Тобыл театрының төл марапаты осыдан екі жыл бұрын өмірге келген еді. Содан бері жүзден жүйрік шыққандар жеті аталым бойынша анықталып, лауреаттар қатары жыл санап толығып келеді. ​Осы жолғы салтанатты іс-шара да жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Дәстүрлі думанға театр өнерінің жанашырлары да аз жиналмады. Қалың көрермен сахна шымылдығы түріле салысымен өнер адамдарын ыстық ықыласпен, құрмет-қошеметпен қарсы алды. Актерлар бұл жолы тек әртістік қабілеттерін көрсетіп қана қоймай, әуелете ән де салды, «ортаның шаңын қағып» би де биледі. Әзіл-қалжыңға толы шағын қойылымдар да көпшіліктің езуін жыйдырмады. Бесаспап өнерпаздарымыз сахна өнерінің сан алуан жанрын паш етті, – деді театр басшысы Азамат Чукеев.

​Іс-шараның шарықтау шегінде облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов және театр директоры Азамат Чукеев құттықтау лебіздерін жолдап, соңы марапаттау рәсіміне ұласты. Әуелі басқарма басшысының Алғыс хатына Жібек Үсенова ие болды. Театр директорының Алғыс хаты мен төсбелгісі Жасұлан Ханқожаев, Нұржан Ғалымжанұлы, Айнұр Надырова және Жеңіс Дастеновке табыс етілді. Ал Қазақстан театр қайраткерлері одағының төрағасы Тұңғышбай Жаманқұловтың Құрмет грамотасын Ерхан Барақов, Жәнібек Иман, Қуаныш Маратұлы, Әсем Ищанова және Зәуре Сүндет иемденді.

​Кезек «Темірқазық-2023» сыйлығына да беріліп, оларды лайықты иелеріне табыс ету құрметі театрдың аға буын әртістеріне және басқарма басшысына ұсынылды.

«Үздік техникалық қызметкер» номинациясы Ғалия Айқадамова.

«Үздік жауапты қызметкер» Керімқас Қонқабай, «Үміт» номинациясы – Жалғас Туйгунбеков, «Жас толқын» номинациясына Азамат Күшікбай, «Көрермен көзайымы» сыйлығын Ақбота Ықыласова, «Үздік әйел бейнесі» Айдана Мәжитқызы, «Үздік ер бейнесі» Мағжан Тұрарбек қанжығалады.

Театр майталмандарын лайықты марапаттарымен шын жүректен құттықтаймыз! Халықаралық театр күні құтты болсын!

Сондай-ақ, мереке күні театр ұжымы көрермендерге көркем кеш сыйлады.

Жан ШАЙМЕРДЕН


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77