Здравоохранение

Халықтың көбісі дәрілерді қалай тексеру керек екендігін білмейді

Қазіргі заманауи кезеңде саланың барлық жақтарында медицинаның тиімділігі туралы сөз қозғалады. Сондықтан мемлекет басшысы өз сөзінде денсаулық сақтау жүйесін цифрландырудың маңыздылығын бірнеше рет атап өтті. «Қазақстан-2050» стратегиясында да әр саланың цифрландыруға көшу керек екендігі айтылған

Электрондық денсаулық сақтауды дамыту деректер базасын біріктіруді, пациенттерге мониторинг жүйесін құруды, сондай-ақ дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың қозғалысын мониторингтеу жүйесін қамтиды. Медициналық ұйымдарда дәрі-дәрмектердің қалдықтары мен қадағалануы туралы нақты ақпараттың болмауы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді цифрландырудың негізгі проблемасы болып табылады.

Дәрі-дәрмектерді таңбалау – бұл өндірушіден, дистрибуция құрылымынан, дәріханалардан және медициналық ұйымдардан пациенттің соңғы нүктесіне дейінгі барлық жеткізу тізбегі арқылы дәрі-дәрмектердің қозғалысын бақылаудың маңызды құралы және цифрлық экономикаға маңызды қадам.

Қазақстанда медициналық препараттарды міндетті таңбалау басталды. Енді әр дәрі-дәрмектің қаптамасында арнайы цифрлық код болуы тиіс. Заңдағы өзгерістер бірінші шілдеден бастап күшіне енді. Міндетті таңбалау не үшін енгізіліп жатыр? Бұған тұрғындардың көзқарасы қандай ?
Нарықтағы бағаны бақылау, заңсыз сауда мен жалған дәрі-дәрмек айналымына жол бермеу. Медициналық препараттарды міндетті таңбалаудың негізгі мақсаты да осы. Ол тек бірінші шілдеден бастап өндірілген дәрілік заттарға қатысты. Кез-келген тұтынушы қаптама сыртындағы цифрлық кодты сканерлеу арқылы өнімнің түпнұсқалығын тексере алады.

– Бүгінде облыстағы барлық медициналық ұйымдар таңбаланған препараттарды қабылдауға дайын. Ақпараттық жүйе орнатылған. Дәрі-дәрмектерді тауарды өндірушілер таңбалайды, кейін олар дистрибюторлардың қоймасына жеткізіледі. Мұнан соң барлық медициналық ұйымға таратылады. Таңбалау препараттың қай жақта өндірілгенін және қай дәріханаға, кімге жеткізілгенін бақылауға мүмкіндік береді. Бұрын бұл ақпараттарға қол жеткізу қиын болатын, – дейді денсаулық сақтау басқармасы дәрілік саясат бөлімінің басшысы Гүлнар Оспанова.

Осыған дейін әлеуметтік желілерде міндетті таңбалау енгізілсе, дәрі-дәрмектердің құны қымбаттауы мүмкін деген ақпарат жарияланған болатын. Алайда, мамандар бұны жоққа шығарды. Себебі, заң негізінде әр медициналық препаратқа шекті баға енгізілген.

– «Нақты өнім» деген арнайы қосымша бар. Кез-келген тұтынушы сатып алатын тауар туралы барлық ақпаратты дәл осы мобильді қосымшаның көмегімен ала алады. Контрафактілік немесе нақты өнім екендігіне көз жеткізеді. Дәрілерді таңбалау бұрыннан бар еді, ол кезең-кезеңімен жүзеге асырылды. Енді барлық препараттарға міндеттелді. Нарықта дәрі-дәрмектің бағасы күрт артады деп айта алмаймыз. Себебі, шекті баға енгізілген. Дәріханалар медициналық препараттарды өздігінен қымбаттата алмайды. Бұл Заңға қайшы. Бұдан бөлек, дәрілік заттардың қаптамасына код орнататын арнайы құралдар да қымбат емес, – дейді денсаулық сақтау басқармасы фрамацевтикалық қызметті бақылау бөлімінің басшысы Олжас Жиенбаев.

Медициналық препараттарды міндетті таңбалау ең алдымен ашықтық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Қостанайлық тұрғындар осындай пікірде.

– Күнделікті дәріханаға барғанда дәрі-дәрмектің жалған не нақты өнім екендігін тексере бермейміз. Оның құрамына назар аудармаймыз. Тексерген күннің өзінде, түсінбейміз. Міндетті таңбалау жайында естідім. Енді әр қаптаманың сыртында арнайы код болатын болса, жылдам әрі тез құрамын оқып аламыз ғой. Бұл, біріншіден, ашықтық. Дұрыс шешім деп есептеймін, – дейді дәріханада тұрған Айша апа.

Соынмен қатар бұл барлық дәрі-дәрмектерді қадағалап, халық арасында осындай бар екендігін айтып, тарату маңызды.

– Барлық дәріханалар бұл жүйеге көшу керек қой. Егер расымен де барлық медициналық препараттар таңбаланса, онда әрине жақсы. Мен өзін ауырған кезде ғана дәріханаға барамын. «Нақты өнім» деген қосымша барын енді естідім. Енді барлығын тексеріп жүремін, – деп қала тұрғыны Жанар Ардаққызы өз пікірін білдірді.

Айта кетелік, елімізде көлеңкелі нарыққа қарсы күрес құралы ретінде тауарларды цифрлық таңбалау және қадағалау 2018 жылы басталды.

Аяжан СЕРІК,
суретті түсірген
Лариса БОЖКО


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77