Социум

Халықтың таңдауы – ел үшін маңызды

Бүгін елімізде азаматтар маңызды саяси оқиғаға қатысуда.

Бұл тарихи күнде еліміздің әрбір азаматы өз дауысы арқылы мемлекетіміздің болашағына ықпал ете алатынын сезінеді. Билік пен халықтың бірлесе әрекет етуіне мүмкіндік беретін осындай демократиялық үдерістер мемлекет дамуының іргетасын қалайды.

Ерте таңмен №20 референдум учаскесі есігін ашты. Сағат 07:00-ден бастап халық легі ағыла бастады. Жастар мен қариялар, белсенді азаматтар өз таңдауларын жасауға асығуда. Әркімнің дауысы маңызды, әр шешім – ортақ болашақтың бір бөлшегі. Учаскедегі атмосфера ерекше – әркім өз азаматтық борышын орындауға келгенін мақтанышпен сезінеді.

Бүгінгі референдум учаскесіндегі жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Жалпы 2400 адам тіркелсе, қазірдің өзінде 1000-нан астам адам өз таңдауын жасап үлгерді. Жексенбіге қарамастан, халықтың белсенділігі көңіл қуантады. Күннің жайма-шуақ демалыс екеніне қарамай, азаматтарымыз еліміздің болашағына бейжай қарамай, осындай маңызды саяси шараға қатысуда.

– Тұрғындардың белсенділігі ерекше, біз мұндай қатысуды күткен едік. Бүгін барлығы жауапкершілікпен қарауда, таңнан бері дауыс берушілер толастаған жоқ. Әркім өз таңдауын жасап, елдің болашағына өз үлесін қосуда,- дейді №20 учаскелік референдум комиссиясының төрағасы Шайхыбеков Кенжебек.

Оның айтуынша, бұл көрсеткішке жету үшін талай жұмыс атқарылған.

Учаскемізде комиссия мүшелерімен бірге әр үйге жеке шақыру билеттерін жеткіздік. Әрбір подъезге де шақыру қағаздары ілінді. Мақсатымыз – әрбір азаматтың өз дауысын беруіне мүмкіндік жасау,– дейді ол.

Бұл дайындықтың нәтижесінде тұрғындар референдумға белсенді қатысып, азаматтық міндеттерін орындауға үлкен ықыласпен келген.

Кезекте тұрғандардың арасында халықаралық дәрежедегі спорт шебері Тұрсынай Қабыл да бар. Ол өз таңдауын жасай отырып, референдумның ел болашағына тигізер әсерін жоғары бағалайтынын атап өтті.

Мен үшін дауыс беру – тек азаматтық міндет емес, сонымен қатар ел тағдырына деген жауапкершіліктің көрінісі. Бұл референдумның нәтижелері еліміздің болашақ даму бағытына елеулі әсер етеді, – деді Тұрсынай өз ойын бөлісіп.

Учаскеге келген басқа да тұрғындар өз пікірлерін білдірді. Көпшілік үшін бұл күн ерекше. Әркім өз таңдауы арқылы мемлекетіміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық бағытын айқындауға қатысып жатқанын түсінеді. “Бүгінгі референдумның нәтижелері тек қазірдің өзінде ғана емес, келешек ұрпақ үшін де маңызды,” – дейді учаскеден шыққан қариялардың бірі. Жастар да мұны мақұлдайды: “Мұндай мүмкіндіктер жиі кездеспейді, сондықтан бізге берілген дауысты дұрыс пайдалану керек,” – деп, жас сайлаушылар пікір білдірді.

Тұрғындар референдумның саяси тұрғыда ғана емес, әлеуметтік тұрғыда да маңызы зор екенін айтады.

“Бұл тек бір күндік оқиға емес, бұл еліміздің саяси мәдениетін қалыптастыратын ұзақмерзімді үдеріс”, – деп, белсенді азаматтардың бірі атап өтті.

“Халықтың таңдауы болашақ ұрпақ үшін маңызды жол салады, сондықтан әр дауыс есептеледі,” – дейді ол.

 

Дильназ Изделюева

Суреттерді түсірген автор


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77