Біздің Қостанай Культура

І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрының актрисасы Шара Мүсіловамен сұхбат

Биыл 70 жасқа толып отырған Қазақ театрының сахнасында жарты ғасырға жуық уақыт бойы көрерменнің қошеметіне бөленіп келе жатқан Шара Мүсілова апай – сахнада ғана емес, өмірде де ұлттың ұйытқысы бола білген жан.

Театрдағы шығармашылық жолында ол жетпістен астам рөл сомдап, әйел болмысының сан қырын, ананың мейірімін, қазақ әйеліне тән сабыр мен парасатты, ішкі тектілікті көрерменге шынайы жеткізе білді. Ол – өнерді өз өмірімен астастыра алған сирек тұлғалардың бірі. Шара Мүсілова – сахна мен өмірді бөліп-жармай, екеуін де тең ұстаған актриса. Ұлттық тәрбие мен рухани құндылықты биік қойған, кейінгі буынға тек өнермен ғана емес, өмірлік өнегесімен де жол көрсетіп келе жатқан тұлға. Оның әрбір сөзі – кейінгі ұрпаққа қалдырған аманат, әрбір рөлі – шынайылықтың және өнерге адалдықтың үлгісі.

Ол өмірді түсінген, өнерді сүйген және сол жолда өзін жоғалтпай, биігін сақтап қалған сирек жан. Бүгін біз Шара апаймен театрдағы жолы, өнердегі сабақтастығы мен адамгершілік жайлы әңгімелестік. Бұл сұхбат – сахна өнерінің алтын діңгегіне айналған актрисаның жүрек сөзі мен өмір жолына тағзым.

Өнер жолы

– Шара апай, театрдағы жолыңыз қалай басталды? Ең алғашқы рөліңіз есіңізде ме?

– Әнші боламын деп, сол музыка факультетіне оқуға түсемін деп ойладым, жүрегімнің түкпірінде кино әлеміне қадам басу тілегі қатар жүрді. Ауылға театр келген сайын сахна сиқырына таңданып, арманға ерік беретінмін. Бірақ тағдырдың бұйыртқаны болар, мен бірден музыка емес, театр бөліміне жол тарттым. Бұл менің өнер жолындағы алғашқы үлкен шешімім еді. Сахнадағы сапарым Арқалық қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы қазақ театрынан басталды. Ол кезеңдер мен үшін ерекше қымбат. Театрға келген әрбір күн – мен үшін жаңа әлемнің есігін ашқанмен бірдей болатын. Жадымда жақсы сақталған: сахнаға алғаш шыққан сәтте жүрегім атша тулап, толқу мен қуаныш сезімі қатар келді. Бұл – сөзбен айтып жеткізе алмайтын, тек жүрекпен сезінетін сәттер. Алғашқы рөлдерімнің бірі – «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектакліндегі Баянның анасы образы болды. Сол рөл арқылы ананың шексіз мейірімі мен қазақ әйеліне тән сабырлылықты, даналықты сезініп, оны көрерменге жеткізудің жауапкершілігін түсіндім. Сахнада айтылған әрбір сөз, жасалған әрбір қимыл – жүректен шығуы тиіс екенін сонда ұқтым. Уақыт өте келе шетел драматургиясына да бет бұра бастадым. Италиялық драматург Эдуардо де Филиппоның «Цилиндр» атты туындысында Беттина рөлін сомдадым. Бұл мүлде басқа мінезді, өзге мәдениеттегі әйелдің бейнесі болатын. Аталған рөл маған үлкен ізденіс пен кейіпкердің ішкі әлеміне терең бойлауды үйретті. Театр сахнасында өткізген алғашқы жылдарым – мен үшін тек кәсіби тәжірибе ғана емес, нағыз өмір мектебі болды. 10 жыл мәдениет саласында, 35 жыл бойы театр сахнасында еңбек етіп келемін. Жалпы алғанда, өнер жолында жүргеніме 45 жылдан асып барады. Бұл жолда қаншама рөл, қаншама образдар, сан алуан кейіпкерлермен өмір сүрдім. Бірақ әрбірі менің жүрегімде сақтаулы. Өнер – менің тағдырым, өмірімнің мәні.

– Қай рөлдеріңіз өзіңіз үшін ерекше маңызға ие болды?

– Актёр үшін әр рөл ерекше сияқты. Бірінен бірін бөліп-жара алмайсың. Дегенмен, кейбірі жүрекке ерекше жақын болып кетеді. Қостанай театрына ауысып келгенде, алғашқы рөлдерімнің бірі – «Бір түп алма ағашы» қойылымындағы Дәметкеннің бейнесі еді. Сол образ арқылы мен алғаш рет ананың жүрек сөзін, отбасындағы әйелдің күйін, сабырын көрсетуге тырыстым. Сосын Шоқан Уәлихановтың анасын ойнадым. Сәкен Жүнісовтің «Жаралы гүлдер» шығармасындағы Гүлсім – жүрегімде ерекше орын алған кейіпкер. Бұл образда нәзіктікпен қатар, тағдырға қарсы тұра алатын ішкі қуатты көрсету маңызды болды. Елу жасымда сомдаған «Ең әдемі келіншек» қойылымындағы Гүлбаршын – әйелдің жастық шаққа деген сағынышы мен өмірге деген махаббатын жеткізетін рөл. Ол рөлді жүрекпен қабылдадым. Ал алпыс жастан асқанда ойнаған Құрбан апа – өмірдің ащы-тұщысын көрген, бірақ сол тәжірибесімен елге ақыл айтатын, дана аналардың жиынтық образы. Комедия жанрындағы Мәми рөлі де мен үшін ерекше. Ол – мінезді, қимылы шапшаң, көрерменді күлдіріп қана қоймай, ойландыратын кейіпкер. Жалпы, ана бейнелерін сомдау – әр актрисаның рухани жетілуіне ықпал ететін үлкен мектеп дер едім.

– Театр сіз үшін нені білдіреді?

– Театр – менің тағдырым. Бұл өнер мені өсірді, тәрбиеледі, шынайылыққа баулыды. Театрда әр қойылым – бір өмір. Әр рөл – бір тағдыр. Сахнаға шыққанда өзіңді ұмытып, өзге бір адамның жандүниесіне енесің. Бұл – ерекше процесс. Мен үшін сахна – жанның айнасы. Қанша жыл өтсе де, сахнаға шыққанда жүрегім дүрсілдеп тұрады. Демек, бұл өнерге деген құрмет, адалдық бар деген сөз. Кей кездері театрдан біраз уақытқа қол үзіп қалсам, ішімде бір нәрсе жетіспей тұрғандай болады. Сахна иісі, гримнің иісі, режиссердің айқайы, әріптестерімнің күлкісі – бәрі-бәрі сағынышқа айналады. Екі ұлым бар. Бес немерем, бір шөберем бар. Қызым 17 жасында жол апатынан көз алдымда қаза тапты. 38 жаста едім. Қайғыны көтере алмай, біраз теңселіп қалдым. Өмірде жоқты театрдан, театрда жоқты өмірден тауып, әйтеуір сабырға келдім. Театр – тек өнер ғана емес, ол – үлкен отбасы, үлкен өмір мектебі. Үйде отырып қалсам, «театрсыз қалай күн көрем, сахнаға шықпасам не болам» деп кейде қорқамын. Құдай бетін аулақ қылсын.

Заманауи өзгерістер

– Соңғы жылдары театр қалай өзгерді деп ойлайсыз?

– Бастапқыда актерлер өте аз болды. Қазір, шүкір, актерлердің қатары көбейді, әсіресе, Алматы мен басқа қалалардан келген талантты жастар көп. Заманауи театр көптеген өзгерістерге ұшырады. Технология дамыды, жарық, дыбыс, декорация – бәрі кәсіби деңгейге көтерілді. Қойылымдардың формасы өзгеріп, түрлі эксперименттер жиілеп кетті. Бұл – өте жақсы құбылыс. Себебі уақытпен бірге театр да дамуы керек. Алайда меніңше, театрдың жаны – актердің шынайылығы мен драматургияның қуатында. Көрермен қазір өте ақылды, талғамы жоғары. Олар жасандылықты, жалған эмоцияны бірден байқайды. Сондықтан сахнадағы әрбір әрекет, әрбір сөз жүректен шығуы керек. Қойылымды жай ғана сахналап шығу жеткіліксіз, оны көрерменнің жүрегіне жеткізу – басты міндет. Театр – тек ойын-сауық емес, ол – тәрбие, сана, мәдениет. Қазір жас актерлердің өнеріне қарап, үлкен үмітпен қараймын. Білімді, ізденімпаз, өздеріне талапшыл. Олар тек рөлді орындап қоймай, оны түсінуге, тереңінен сезінуге тырысады. Бұл – болашақ театр өнерінің жарқын болатынына сенім ұялатады. Сахна – қасиетті орын, ал актер – халықтың жанын қозғайтын тұлға. Осы жауапкершілікті түсініп, соған сай еңбек етсе, театр ешқашан өлмейді.

– Қазіргі қазақ театры үшін қандай тақырыптар маңызды деп есептейсіз?

– Қазіргідей заманда театр тек көңіл көтеру емес, ой салу, жан тербету құралы болуы керек. Қоғамдағы өзекті мәселелерді сахнадан айту – біздің міндетіміз. Меніңше, отбасы құндылығы, ұлттық тәрбие, ана мен бала арасындағы байланыс, руханият пен діл мәселесі – міне, осы тақырыптар ешқашан ескірмейді. Қазақтың болмысын, жан дүниесін терең көрсете алатын, тамырынан ажырамаған шығармалар қажет. Көрермен залынан шыққанда, бір терең оймен немесе бір жарық сәулемен қайтса, сол – нағыз театрдың жеңісі. Бүгінде шетелдік қойылымдардан үлгі алып, формалық өзгеріс енгізу сәнге айналды. Бірақ меніңше, форма өзгерсе де, мазмұн қазаққа жақын болуы тиіс. Жүрекке жететін сөз бен кейіпкердің тағдыры болмаса, қандай әдемі безендірілсе де, ол көрерменді ұстай алмайды.

– Жас актерлер туралы не айтасыз? Сіздің ойыңызша, нағыз актер қандай болуы керек?

– Сабақтастық – өнерде ғана емес, өмірде де аса маңызды ұғым. Театр – үлкен өзен, ал біз – сол өзенге келіп, тамшы болып қосылған пенделерміз. Менің бүгін сахнада жүруім – менен бұрынғы аға-апаларымның берген батасы мен үйреткені. Қазір сол үмітті жастарға тапсырып жатырмыз. Жастардың келіп жатқаны қуантады. Олардың энергиясы, батылдығы бар. Бірақ бір нәрсе жетіспей тұрады – ол өмірлік тереңдік пен тектілік.

Ізденіп жүрген жастар бар. Мысалы, Олжас Бегайдаров – еңбекқор, ұқыпты, өзін үнемі жетілдіріп жүрген актер. Кеңес айтсаң, шын ниетімен қабылдайды. Сабақтастық деген – осы. Үлкенге құрмет, кішіге жанашырлық. Егер біз білгенімізді бермесек, өнер үзіледі. Сондықтан жастарға жиі айтып отырамын: “Айналайын, тыңда, үйрен, бірақ сонымен тоқтап қалма. Өзіңді ізде!” – деймін. Нағыз актер – сахнаға шыққанда рөл емес, тағдыр ойнайтын адам. Ол ішкі тазалығы бар, шындыққа жақын, жүрекпен ойнайтын тұлға. Бет-әлпетті әркім өзгертеді, костюм кию де оңай, бірақ жанды қозғалысқа келтіру – үлкен еңбек. Нағыз актер өмірде де өнер адамы болуы тиіс. Ол оқыр, ізденер, өз-өзіне сұрақ қояр. Адамгершілік, мәдениет, сөйлеу мәнері, жүріс-тұрысы – бәрі біртұтас болуға тиіс. Актерлік тек сахнамен шектелмейді. Актер – халықтың көзі, жүрегі, үні. Сондықтан халық сенетін, құрметтейтін актер болу – үлкен жауапкершілік. Мен үшін актер деген – сенім мен тазалықтың иесі.

Тәбрие мен жас ұрпақ

– Өсіп келе жатқан ұрпақ қандай тәрбие алуы керек деп ойлайсыз? «Қазақи тәрбие» ұғымына сіз қандай мағына бересіз?

– Ұрпақ тәрбиесі – ұлттың тағдыры. Біз баланы тек біліммен емес, көргенімен, естігенімен тәрбиелейміз. Үлкенге сәлем беру, ата-анасына құрмет, қарапайым иба – соның бәрі баланың санасына сіңіп өсуі керек. Қазір кей ата-ана баласына барды әпереді, бірақ тәрбиені ұмытып кетеді. Байлық емес, тәрбие – болашақтың кепілі. Балаға мейірім керек. Мейірім көрген бала ғана адамдықтың қадірін түсінеді. Қазақи тәрбие – ол тұтас өмір сүру салты. Ол – ата-ене алдында иіліп тұру, үлкенге орын беру, кішіге жол сілтеу. Біз аналарымыздан «алдымен сәлем бер», «үлкеннің сөзін бөлме», «асығыстық – шайтанның ісі» дегенді естіп өстік. Қазақи тәрбие – ол иман мен ұят. Ұят деген – қорқыныш емес, ол – ішкі тәртіп. Осыны жоғалтып алмауымыз керек. Бүгінгі балаларға да осыны сіңіру – біздің борышымыз.

– Бүгінгі заманда адам өз ішкі тұғырын, моральдық қағидаларын қалай сақтап қала алады?

– Адам өз жолынан адаспас үшін жанға азық іздеуі керек. Рухани қуаты мықты адам ғана сыртқы дүниенің әсерінен қорғана алады. Қазір бәрі жылдам, бәрі жарыс. Бірақ ішкі тыныштық болмаса, бәрі бекер. Өзгеге еліктеме, өзіңнің жолыңмен жүр. Меніңше, ішкі тұғыр – адамның тектілігі мен сенімінде. Сахна маған осыны үйретті: шын жүректен жасалған іс – ешқашан зая кетпейді.

– Өмірден алған ең үлкен сабағыңыз қандай? Егер балаңыз немесе немереңіз өнер жолын таңдаса, қолдайсыз ба?

– Өмір маған көп нәрсені үйретті. Қуаныш пен қайғы қатар жүретінін, адам қандай ауыр сәттер болса да, бәріне төтеп бере алатынын түсіндім. Қызымнан айырылу – жанымды жаралаған ең ауыр кезең болды. Бірақ мен сол қайғыны көтере алдым. Театр мен үшін тірек болды. Сахнаға шығып, басқа бейнеге енген сәтте ғана біразға сол мұңды ұмытып кетемін. Өмірдің әр сәтін бағалауды, барға шүкір етуді үйрендім. Бүгінде тағдырыма ренішім жоқ, керісінше, мені шыңдағанына алғыс айтам. Адамды адам ететін – бастан өткерген сынақтар екен. Ұлым өнерге бет бұрамын дегенде, біз – ата-аналар ретінде қарсы болдық. Үйде бір актер болса, жеткілікті деп санадық. Оның үстіне, ер адамға байыпты, тұрақты мамандық керек деп шештік. Сөйтіп, ұлым заң факультетіне түсіп, қазіргі таңда ІІМ жүйесінде жақсы мансап жасап жүр.

– Сіз үшін шынайы бақыт деген не? Өмірде өзіңізді бақытты сезінетін сәттерді қалай сипаттар едіңіз?

– Бақыт – әркім үшін әртүрлі шығар, ал мен үшін шынайы бақыт – өз орныңды тауып, жүрек қалауыңмен өмір сүру. Мен театрға алғаш қадам басқан күннен бастап, сахна менің тағдырыма айналды. Күн сайын жаңа рөлге еніп, сан түрлі кейіпкердің жанын сезіну – бұл тек мамандық емес, бұл – өмірдің өзі. Сахнада тұрып көрерменнің көзінен жылылық, алғысты көру – мен үшін үлкен мәртебе әрі бақыт. Бақыт – отбасың аман болып, артыңнан ерген ұрпағың саған қарап бой түзеуі. Жан дүниеңді түсінетін, қолдайтын адамдардың жанында болуы – соның бәрі адамды бақытты етеді.

Таңертең шүкірлікпен оянып, жүрегіңде өкініш емес, үміт болса – бұл да бақыт. Қандай жағдай болса да, адалдықпен, махаббатпен өмір сүру – нағыз бақыт сол деп ойлаймын.

Аяжан СЕРІК,
суретті түсірген
Абиль ДОЩАНОВ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77