Культура

І.Омаров атындағы Қостанай қазақ драма театры жаңа қойылымын көрермен назарына ұсынды

Төлен Әбдіктің шығармасының желісі бойынша «Өтелмеген парыз» спектаклінің премьерасы өтті

Індет өршіген тұста мәдениет ошақтарының қызметіне тыйым салынып, көрермен қабылдауға рұқсат етілмеді. Ұжым тек дайындық жұмыстарын ғана жүргізіп отырды.

Қазақ театры наурыздың басында өз көрермендеріне үш бірдей жаңа қойылымды ұсынып отыр. Алғашқы болып көрермен назарына «Сыған серенадасы» музыкалық драмасын ұсынды. Шәмшіні сомдаған театр актері, «ҚР Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Олжас Бегайдаров.

Айта кету керек, 3-4 наурыз аралығында пандемия кезінде алдыңғы шепте жүріп, індетпен күрескен дәрігерлер мен полиция қызметкерлерін және еріктілерді шақырып тегін қойылым көрсетті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Қайырымды істер жалпыұлттық марафонын» ұсынған болатын. Біз осы жоба аясында екі күн бойы «Сыған серенадасы» музыкалық драмасын қайырымдылық спектаклі ретінде тегін қойып, пандемияға қарсы күрескен қаһармандарға деген өз сый-құрметімізді білдірдік, – деді театр басшысы Әлімхан Мырзахан.

Ал, күні кеше 6-наурыз күні Төлен Әбдіктің «Қыз Бәтіш пен Ерсейіт» повесінің желісімен әзірленген «Өтелмеген парыз» драмасының тұсауы кесілді.

– Жазушының бұл повесі өткен ғасырдың 60-шы жылдары жазылған. Соған қарамастан күні бүгінге дейін өзектілігін жоғалтпаған шығарма. Қазақ пайымында қыздың абыройы – елдің абыройы. Ал бүгінгі қоғамда көптеген қаракөздеріміздің ар-абыройы табан астында тапталып қалып жататыны жасырын емес. Осы мәселе көптен бері жанымды жегідей жеп маза бермей жүрген. Бүлінген тағдырдың обалын арқалаған Болатжанның мезгілсіз өлімі, жалғыз ұлынан айырылып аңырап қалған Қожабек қарияның трагедиясын ашып көрсететін Төлен Әбдіковтың повесін оқыған соң, бұл драманы қоя алмай тұра алмадым, – деді драманың режиссері Баатырбек Шамбетов.

Қойылым көрерменді тебірентпей қоймады. Залда отырғандардың біразы Қожабек қариямен қоса күрсініп, баласын жоқтаған анамен бірге зариледі. Сахнада өтіп жатқан өмір көрінісі, қоғамда болып жатқан жәйттің бет-бейнесін көз алдымызға әкелгендей болды. Әртістердің сомдау шеберлігі де жоғары болды. Көрермен қойылым аяқталған соң ұзақ қол соғып, әрістерді сахна сыртына жібергілері келмеді.

Қойылымды тамашалауға келген облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов, жерлес Төлен Әбдіктің шығармасы Қостанай театрында сахналануы үлкен мәртебе екендігін айтады.

– Біріншіден, біздің жерлесіміз, қазіргі қазақ әдебиетінің төрінде отырған абызы Төлен Әбдік сынды қаламгердің осы бір шығармасы Қостанай театрында сахналануының өзі біз үшін үлкен мәртебе деп білеміз. Әртістердің үлкен жұмыс атқарғанын өздеріңіз көріп отырсыздар. Бұл қойылымның толық нұсқасы алдағы уақытта облыстық телеарна эфирінен беріледі. Қойылымның тұсаукесері халықаралық әйелдер мерекесімен тұстас келіп отыр. Сондықтан осындағы ақ жаулықты аналарымызды, апа-қарындастарымызды мерекелерімен құттықтаймын! – деді басқарма басшысы.

Театр ұжымы 8-наурыз халықаралық әйелдер күніне орай, «Сыған серенадасы» музыкалық драмасын тарту етпек. Наурыздың 12-күні «Кішкентай адамның үлкен таргедаиясы» драмасының тұсаукесері өтеді.

Сералы МЫРЗАБАЙ
Суретті ұсынған театр қызметкері


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77