Правопорядок

Иіс сезгіш иттердің шекараны күзетуде атқаратын қызметі зор

«Қайрақ» шекара бақылау бөлімінің аға нұсқаушысы сержант Қайрат Валиев жайында

Қызметтің қандай саласы болмасын, өзінің жұмысына берілген шеберлерімен ғана мақтанары белгілі. Мұндай жандардың көбісі қарапайым болып келгенімен, өмірлік тәжірбиесіне көз жүгіртсең қайран қаласың. Бүгінгі мақаламыз Қостанай облысы бойынша департаментінің мақтанышына айналған шекарашы жөнінде болмақ.

Өткен жылдың қорытындысында елуден астам шекара бұзушының жолына тосқауыл болған «Қайрақ» (автокөліктік) шекара бақылау бөлімінің аға нұсқаушысы сержант Қайрат Валиевті сөзге тартқан болатынбыз:

– Мен Қостанай облысы, Қарабалық ауданы, Октябрский ауылының тумасымын. Қарапайым жанұяда тәрбиелендім. Отан алдындағы борышымды Талдықорған қаласында орналасқан Ұлттық ұлан әскери бөлімінде өтедім. Үй жануарларын бала кезден жақсы көремін. Мектеп қабырғасында оқып жүргенде күшік кезінен асыраған иттерім көп болды. Олардың лақап аттарын жақсыға жорып Құтаяқ, Сыртан, Дик деп қойдым. Ауыл баласы болған соң жылқыға да жақын болдым. Мен де жылқы десе ішкен асын жерге қоятын жігіттердің бірімін. Әкем мені ерте жастан атқа отыруға үйретті. Соның арқасында аудандық, облысық аламан бәйгелерге қатыстым. Біздің Декада атты талай бәйгеден жүлдегер атанған тұлпарымыз болатын. Бала кезімді еске алсам, көз алдыма Декада келеді.

Шекара қызметінің қатарындағы әскери қызметім он бес жылға таяп қалды. Әскери қызметті көлік жүргізушісі лауазымынан бастадым. Басшылықтан қызметтік иттердің нұсқаушысы лауазымына өзім сұрандым. Армандаған мамандығыма тағайындалып, бір жылдан соң Алматы қаласында орналасқан кинологиялық орталықта алты ай бойы қайта дарялықтан өттім. Әскери қызметімдегі алғашқы қызметтік итім – Кама. Аталмыш қызметтік итіммен төрт жыл жұмыс істедім. Ол лобрадор тұқымынан болатын. Камамен темір жол көліктерінің жүк, жолаушы вагондарын, автокөлік өткізу пунктінде жүк, жеңіл көліктерін тексердім. Мемлекеттік шекарадан өткізуге тыйым салынған заттарды талай мәрте анықтадым.

Бүгінгі күні маған екі бірдей қызметтік ит бекітілген. Олар: Рингл мен Майя. Әр қызметтік жануардың адам сияқты өзіндік мінезі болады. Соған байланысты, қызмет барысында олардың икемдеріне қарап жұмыс жасаймын.

Рингл қызметтік итіммен өткен жылы Кеденшілердің кинологиялық орталығында төрт айдан астам қайта даярлықтан өттім. Ол жерде дериваторлық курсты оқытты. Бізге киік мүйізін, тасбақа, аю табаны, аю өті, сұңқар балапаны, арқар мүйізін қызметтік иттерді пайдалану арқылы исінінен табуды үйретті. Осы оқу орнында білім алған он шақты әскери қызметшілердің ішінен мен ғана қорытынды емтихандарды «өте жақсы» деген бағаға тапсырдым.

Майя қызметтік итім туралы әңгіме мүлдем бөлек. Ол бельгиялық овчарка тұқымынан. Аталмыш қызметтік итті мен өткен жылдың маусым айында қабылдадым. Өте еңбекқор. Иісшіл. Шекара бұзушылырдың басым бөлігін осы қызметтік итіммен ұстаймын.

2020 жыл мен үшін жемісті жылдардың бірі болды. Жауынгерлік қызметімнің көрсеткіші жақсы нәтиже көрсетті. Шекара асып жолға шыққан

жолаушылардың ішінен бірнеше рет травматикалық тапанша, аңшылық оқ-дәрілердің жолын кестім. Есірткі заттарын алып өтуге талпынғандарға да тосқауыл болдым. Әлемде орын алған пандемия кезінде көрші елге заңсыз түрде медициналық бетперделер мен қорғаныс костюмдерін алып шығуға тырысқандардың да жолына бөгет болдым. Сонымен қатар шекарадан жиырмаға жуық өкпені жасанды желдету аппаратын өткізуді ойлағандар да болды. Қызметтік иттердің арқасында олардың жасырғандарын анықтадым. Қолға түскен өкпені жасанды желдету аппараттарының жалпы құны орта есеппен жиырма бес миллионға жуық деп бағаланды, – дейді.

Сырттай қараған адам үшін қарапайым болып көрінетін шекара сақшысының туған жері үшін атқарған қызметі өлшеусіз. Келешекке деген жоспары да көп.

Әңгіме барысында Қайрат Ержанұлының бойынан жетістіктеріне деген мақтаныш емес, елге деген адал қызметке деген жауапкершілікті сезіндім. Сапында Қайраттай азаматтары бар шекарашылардың жауынгерлік қызметі үнемі жоғарыдан көрінері талас тудырмас.

Манарбек Қарекенов,
ҚР ҰҚК ШҚ Қостанай облысы бойынша Департаменті, майор


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77