Здравоохранение

Инсультті ерте кезеңде анықтауға көмектесетін жаңа жүйе дамыды

Елімізде жыл сайын 40 мыңнан астам адам инсульт алады. Ал, 5 мың адам бірінші айда-ақ, көз жұмады. Қазір, науқастардың санын азайтып, аурумен күресу – басты назарда. Осыған орай “Cerebra” жүйесі іске қосылған еді.

“Cerebra” жасанды интеллект жүйесі инсультті жылдам әрі нақты анықтау мақсатында арнайы жасалған. Оның көмегімен дәрігерлер науқастың миында пайда болған өзгерістерді жедел түрде анықтап, шешім қабылдауға қажетті уақытты қысқартқан болатын.

Диагностиканы автоматтандыру бағдарламасы дертті жедел әрі бірден емдеуге кірісуге мүмкіндік береді. Небәрі 10 минутта диагноз қойылып, неврология ауруының алдын алуға болады.

Қостанай қаласының қалалық ауруханасында “Cerebra” жүйесі енгізілген кезде, ол неврологиялық ауруларды диагностикалауда маңызды қадам болды. Жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін бұл жүйе науқастарды тексеру кезінде аурудың ерте белгілерін анықтауға және диагноз қоюды жылдамдатуға мүмкіндік берді. “Cerebra” науқастың ми қызметін талдай отырып, неврологиялық дерттердің динамикасын бақылауда тиімді құрал болды.

Көпсалалы неврология бөлімінің меңгерушісі Руслан Адиятуллин жасанды интеллектті пайдалана отырып, мидың алдыңғы өзгерістері негізінде инсультты болжай алатын “Cerebra” мобильді қосымшасы туралы бізбен бөлісті.

– “Cerebra” жасанды интеллектісі біздің ауруханада 3 жыл көлемінде қызмет атқарып келді. 2022 жылдан бастап бұл жүйемен қарқынды түрде жұмыс істей бастадық. Бұл технология бізге науқастардың түсірілімдерін жылдам әрі тиімді түрде қарап шығуға мүмкіндік берді. Әрбір дәрігер маманның ұялы телефонына орнатылған қосымша арқылы түсірілімдерді тек жұмыс орнында ғана емес, үйде де қадағалап, сараптама жасауға қолайлы жағдай жасалды,-дейді Руслан Маратұлы.

Ауруханадағы дәрігерлер бұл жүйе арқылы диагностикада жоғары дәлдікке қол жеткізіп, дер кезінде қажетті емдеу шараларын қабылдай алды. Әсіресе, инсульт, инфаркт және басқа да күрделі неврологиялық ауруларды анықтауда “Cerebra” уақытты үнемдеп, нәтижелі емдеуді қамтамасыз етті. Бұл тек медициналық қызмет көрсету сапасын арттырып қана қоймай, науқастардың өмірін сақтап қалуға да ықпал етті.

Қостанайдағы қалалық аурахананың дәрігерлері жасанды интеллекттің күшімен жұмыс істеп, науқастардың өмірін сақтап қалу үшін жаңа деңгейге көтерілген болатын. “Cerebra” жүйесі ми қызметіне тікелей қатысты еді. Бірақ бүгінгі күнде бұл озық құрал қолданыстан шықты, дегенмен де дәрігерлер келесі жылы бұл жүйемен жұмыс жасауды жаңғартамыз деген сенімде.

– Жасанды интеллект мидың зақымдалған аймақтарын, инсульттің әсер еткен жерлерін басқа түспен белгілеп көрсетеді. Сонымен қатар, инсульттің болуы мүмкін аймақтарды да анықтайды. Бұл жүйе тамырлық, қан айналым жүйесіндегі ақаулар және жарақаттар секілді күрделі жағдайларды да дәл көрсетіп береді. Алайда, қазіргі таңда бүкіл Қазақстан бойынша “Cerebra” жүйесі уақытша тоқтатылды. Себебі, осыған дейін біздің ауруханада бұл бағдарлама тегін қолданылған болатын. Енді денсаулық сақтау басқармасы мен жасанды интеллект ұйымы арасында келісімшарт жасалуы тиіс. Алдағы жылы бұл жүйемен қайтадан жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз, – деп атап өтті Руслан Адиятуллин.

“Сerebra” сияқты жүйенің жұмысы медициналық технологияның дамуын айқындайтын маңызды фактор болды. Қолданыстан шығуы медициналық қоғамдастықта үлкен өзгерістер туғызды, соның ішінде ауруларды диагностикалаудағы тиімділіктің төмендеуі байқалды. Жасанды интеллектке негізделген медициналық технологияларды қайта іске қосу және дамыту медицина саласында үлкен сұранысқа ие болатыны анық.

Дильназ Изделюева
Суреттерді түсірген автор

 


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77