Сайыста бақ сынаған отбасы мүшелері ұлттық салт-дәстүрімізді берік ұстанатындарын танытты
Күн мен түн теңеліп, табиғат оянып, жан жануар қытымыр қыс құрсауынан босап, қорада төл төлдеп ауыл маңы у-шу болып жататын көктемнің ең берекелі мейрамы Наурыз да келіп қалды. Ұлыстың Ұлы күні қазақ халқы үшін үлкен мереке. Өйткені, жылдың басы. Берекенің бастауы. Міне, осы мейрам қарсаңында қаламыздағы Ы.Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-интернатының ұжымы «Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз» атты сайыс ұйымдастырып, көпшіліктің назарына ұсынды.
Сайысқа интернат тәрбиешілері Гүлшат Досатова мен Шолпан Сейсенбинаның тобындағы 6 сыныптың оқушылары ата-аналарымен бірге қатысып, өз өнерлерін ораға салды. Білім ордасында ұйымдастырылған аталмыш шараға үш отбасы қатысты. Олар Құсайыновтар, Мырзабековтер және Зейнеловтар отбасы.
Мерекелік сайыс 5 номинациядан тұрды. Біріншісі бойынша қатысушы топтар өздерінің отбасы мүшелерімен таныстырды. Одан кейін қазақы салт-дәстүрімізге қатысты сұрақтарға жауап берді, өнерлерін ортаға салды. Сонымен қатар ұлттық салт-дәстүрімізді көрсетті. Ал үшінші номинация бойынша Наурыз мейрамына қатысты сурет салды. Сонымен қатар үйлерінен дайындап келген ұлттық тағам түрлерін ұсынды.
Сайыс барысында жиналған көпшіліктің көзайымына айналған көрініс, Құсайыновтар отбасының кішкентай бүлдіршіндерінің тұсауын кесуі болды. Олар отырған жерінде ұйықтап қалған тәтті балақайды оятып, тұсау кесерін жасап, көпшілікке шашу шашты. Сондай-ақ ежелден келе жатқан салт-дәстүрлеріміздің бірі Бесікке салу салтын Зейнеловтар отбасы жақсы баяндап берді. Олар сахна төріне оюланып жасалған, барлық әбізелдері бар, әдемі безендірілген бесікті әкеліп, баланы қалай бөлеу керектігін түсіндіріп, көрсетті. Бұл номинация бойынша екі топ та бір-бірінен қалыспай, салт-дәстүрді берік ұстанатындарын танытты.
Сонымен қатар сайыста бақ сынаған үш топтың да мүшелері үйлерінен дайындап әкелген ұлттық тағамдарын жиналған қауымға ұсынды. Бұл номинация бойынша Құсайыновтар отбасы ұлттық тағамымыз бесбармақ дайындаса, Зейнеловтар отбасы Наурыз мейрамының басты тағамы Наурыз көже пісіріп әкелге. Ал Мырзабековтер отбасы әкелген сары бауырсақ тіл үйіретіндей дәмді болды.
-Біздің интернатта жыл сайын Наурыз мейрамы 1 ай көлемінде тойланады. Осы уақыт ішінде Ұлыстың Ұлы күнінің бар нақышын насихаттайтын кең көлемде іс-шаралар ұйымдастырылады. Бүгін мектеп интернатының тәрбиеленушілері үшін ерекше күн болды. Қазақ халқының ұлы күніне орай отбасылық шара ұйымдастырып отырмыз. Бұл сайыстың маңызы зор. Отбасылық құндылықты мектеп оқушыларының санасына сіңірудің пайдасы зор. Сонымен қатар шәкірттеріміз салт-дәстүрімізді толық білуі қажет. Сондықтан жыл сайын Наурыз мейрамында мәнді де мағыналы іс-шаралар ұйымдастыруға ерекше назар бөлеміз. Сондай-ақ осынау отбасылық сайысқа қатысып, ұлтымыздың салт-дәстүрін, ұлттық тағамын жетік білетіндерін танытқан ата-аналар қауымына зор алғысымды білдіремін. Осындай қазақы отбасыларынан елін, ұлтын, Отанын сүйетін патриот өрендердің шығатынына сенімдімін,-дейді интернат меңгерушісі Бақытгүл Байдәулетова.
Наурыз мейрамына орай өткен «Жыл басы – Наурыз» сайысында әділ қазылар алқасы өнер көрсеткен үш отбасыны бір бірінен бөлмей барлығына белгілі номинациялар табыс етті. Сайыс қорытындысы бойынша Мырзабековтер «Парасатты отбасы, Зейнеловтар «Салт-дәстүрді ұстанған отбасы», Құсайыновтар «Өнегелі отбасы» номинацияларына ие болды.
Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77