Қоғамда қай кезеңде де маңызын жоймайтын мәселенің бірі дін тақырыбы. Бүгінде бұл мәселе тек мешіт мінберінде немесе арнайы жиындарда ғана емес, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде, тікелей эфирлерде қызу талқыланып жүр.
Әркім өз ойын ашық айтып, өзінше «ақиқатты» түсіндіруге тырысады. Алайда сол айтылған пікірдің қаншалықты дұрыс, қаншалықты бұрыс екенін саралап жатқандар аз. Әсіресе жастар арасында интернеттегі әсерлі, өткір уағыздарға еліктеу басым.
Мамандардың айтуынша, дәл осы бейберекет ақпарат ағыны діни түсінбеушілікке, тіпті радикалды көзқарастың қалыптасуына себеп болуы мүмкін. Заң талаптарын білмеу, діни сауаттың төмендігі және күмәнді дереккөздерге сену – қоғам үшін қауіпті үрдіс. Осы орайда өңірдегі діни ахуал, интернеттегі уағыздың ықпалы және заң талаптары туралы білген едік.
Біріншіден, заң бойынша әр азаматтың діни көзқарасына қол сұғылмайды, яғни, рұқсат етілген діндердің қайсысын ұстансаңыз да өз еркіңіз. Екіншіден, бір діннің өз ішінде бірнеше ағым-тармаққа бөлініп кетуінен. Соның салдарынан діннің құндылықтарына қатысты стандарт жоғалады. Мәселен, ислам және тәңіршілдік немесе шаманизм арасындағы талас тудыратын пікірлер. Себебі, қазақ халқында ислам келмей тұрған кезден келе жатқан ата-бабаларымыздың сенімі бар.Ең қорқыныштысы, ғибадат ордасына барып, имамнан емес, экранның ар жағындағы «икс-ұстаздан» «білім алу». Міне, осындай шала сауатты «уағыздаудың» кесірі қаншама жанға, соның ішінде жастарға тиіп жатқаны алаңдатады.
Дін саласының мамандары әсіресе діни тақырыптағы ақпараттарға аса мұқият болуға кеңес береді. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 490-бабына сәйкес, дінді тек ресми діни білім алған азаматтар ғана насихаттай алады. Заң талаптарын білмеу ешкімді жауапкершіліктен босатпайды. Осыған байланысты облыстық дін істері басқармасы жұртшылықты әлеуметтік желілерде діни мазмұндағы жазбалар мен материалдарды таратқанда барынша сақ болуға шақырады.
Түрлі ағымдардың жетегіне еріп кетпеу үшін…
Жалпы, жат діни идеологиялардың ашық түрде таралуы салдарынан кейбір тұрғындардың түрлі ағымдардың жетегіне еріп кетуде. Облыстық дін істері басқармасы жұмысының басым бағыттарының бірі – жұртшылықты жат ағымның жетегінен сақтау, деструктивті діни ағымнан зардап шеккендер мен ұстанушыларды оңалту. Басқарма өз жұмысын үш негізгі бағытта ұйымдастырады.
Бірінші бағыт – облыс тұрғындарының діни сауаттылығын арттыру, экстремизм, терроризмнің көріністеріне жол бермеу мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Халыққа ақпарат таратуда газет, журнал, телеарна, радио және әлеуметтік желілердің үлесі зор. Сол себепті екінші бағыт – бұқаралық ақпарат құралдары, ресми парақшалар арқылы үгіт-насихат жұмыстарын ұйымдастыру.
Үшінші бағыт – деструктивті діни ағымды ұстанушыларды дәстүрлі ислам нормаларына және зайырлы Қазақстанның құндылықтарына бейімдеу. Жат діни идеологиялар еркін түрде насихатталып жатыр. Мұның салдарын тартып жатқандар аз емес. Бұл мәселелер белгілі дәрежеде қоғамның бір бөлігінің, әсіресе жастардың исламның және басқа да діндердің мәнін түсінудегі діни сауатсыздығының кесірі десек те болады.
«Осындай факторлар дінге сенушілердің радикалдануына, соның ішінде діни экстремизмнің пайда болуына себеп болып отыр. Жалпы, басқарма жұмысының негізгі мақсаты – облыс аумағындағы азаматтардың діни сенім бостандығын, құқықтарын қамтамасыз ету және діни бірлестіктермен іс-қимыл жасау саласында мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын қалыптастыру», – дейді облыстық дін істері басқармасының діни бірлестіктермен жұмыс жүргізу жөніндегі бөлім басшысы Сапарғали Әбдиев.
Интернет әлеміндегі бүлдіргілер
Қазір дін мәселесі тек мешіт пен шіркеу аумағымен шектелмейді. Ол смартфон мен интернет арқылы әр адамның қалтасына кірді. Бірақ сол «қалтада» нақты қандай ақпарат жүргенін көпшілік біле бермейді…
Ресми деректерге сүйенсек, жастардың басым бөлігі діни білімді мешіттен емес, YouTube, Telegram, TikTok сияқты платформалардан алады. Алайда бұл алаңдарда кімнің уағыз айтып отырғанын, қайсысы рұқсат етілген, қайсысы тыйым салынған ақпарат екенін ажырату оңай емес.
Қостанай облысында жүргізілген сауалнама нәтижесі де ойландырмай қоймайды: жастардың бір бөлігі интернеттегі уағызшылардың сөзі мешіт имамдарының уағызынан «қызығырақ», «өткір» көрінетінін айтқан. Бірақ дәл осы «қызық» әрі эмоцияға құрылған мазмұн – дінді радикалды бағытта қабылдататын қауіпті тұзақ болуы мүмкін.
Заңды білмеу жауапкершіліктен құтқара алмайды
Қазір әлеуметтік желілерде дінді уағыздауға заң аясында тыйым салынған.
– Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 490-бабы бойынша дінді діни білім алған азаматтар ғана уағыздай алады. Сол себепті жұртшылықты әлеуметтік желідегі жазбаларына сақ болуға шақырамыз. «Мұндай заңнаманың бар екенін білмедік» деген уәж заң алдындағы жауапкершіліктен құтқара алмайды. Бұл – бір. Екіншіден, ғаламтордағы ақпараттардың бәрі бірдей саралаудан өтпеген, қоғамға өте қауіпті кесел тигізетін материалдар аз емес. Сол себепті кез келген материалдағы мәліметке сенуге болмайды. Осындай мәселелердің алдын алуда облыстық басқарма тарапынан құзырлы органдармен бірлескен жұмыстар атқарылып жатыр,–дейді Сапарғали Әкімбекұлы.
Әлеуметтік желілердегі деструктивті идеологияны насихаттайтын топтардың жұмысына бақылау жүргізіледі. Олардың жұмысына тұрақты түрде мониторинг, талдау жасалады. Қазір белсенді жұмыстардың нәтижесінде күмәнді діни парақшаларға жазылған қолданушылар саны азайып келеді екен. Сондай-ақ, дін істері басқармасы ғаламтор желісіндегі деструктивті контенті бар сілтемелерді, жазылымдар мен аккаунттарды анықтап, құзырлы органдарға материалдарды бұғаттауға жолдайды.
–Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізілгенде заң аясында шектеу қойылған діни уағыздар мен ақпараттарды тарату деректері анықталып жатады. Көп емес. Былтыр Әкімшілік құқықбұзушылық Кодексінің 453-бабының 1-бөлігі бойынша (экстремизм және терроризм идеяларын насихаттау белгілері бар баспа өнімдерін облыс аумағында тарату (әкелу, дайындау, сақтау) үш адамның үстінен әкімшілік іс қозғалып, айыппұл салынды», – дейді бөлім басшысы.
Аймақ тұрғындары діни мәселелерді нақтылау үшін Kazislam.kz, Nurgasyr.kz, Muftiyat.kz, old.muftyat.kz, fatua.kz, muslim.kz, azan.k, islam.kz, akmechet.kz секілді ресми тіркелген сайттардан ақпараттар, ілім алғаны дұрыс.
Облыста діни ахуал тұрақты. «Жусан» операциясымен келген, кеткендер жоқ. Былтыр ақпараттық түсіндіру тобы мүшелерінің қатысуымен жүз мыңнан астам тұрғынды қамтыған 2606 шара ұйымдастырылыпты. Сондай-ақ өткен жылы аталған бағыттағы жұмыстарды жандандыру мақсатында облыс аумағына республикалық ақпараттық түсіндіру тобы шақырылып, әртүрлі форматта іс-шаралар ұйымдастырылған.
Мысалы, Қостанай облысында бір азамат «ВКонтакте» парақшасында сақталған бейнеролик үшін бес жылға бас бостандығынан айырылған. Ол қараған бейнебаяны интернеттен іздеген кезде оның «ВКонтактегі» парақшасында сақталған. Бірақ ол өз парақшасына жүктегені үшін тарату деп танылып, Қылмыстық кодекстің 174-бабы «Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыру» бабы бойынша жауапкершілікке тартылды. Бірақ, ол аса қауіп төндіретін материал сақтап отырғанын өзі де білмеген. Осындай жағдай жиі кездеседі екен. Білмедім, байқамай қалдым деген сөз – заң алдында негізсіз. Сондықтан ақпаратпен сауатты жұмыс істеу – қазіргі діни қауіпсіздіктің басты шарты.
Діни кітаптарды таратуға бола ма?
Көшеде, үйлерге келіп діни мазмұндағы кітаптарды, үнпарақтарды таратуға болмайды. Діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тарату үшін арнайы тұрақты үй-жайлардың орналасатын жерін бекіту туралы шешім беру – облыстық дін істері басқарма көрсететін мемлекеттік қызметтің төртінші түрі. Бұл көрсетілетін қызметтің, аты айтып тұрғандай, діни заттарды сату орындарын айқындауды көрсетеді. Облыс бойынша діни кітаптар сататын бір ғана орын бар. Ол – Қостанайдағы А.Байтұрсынұлы атындағы кітап үйі.
«Нақтырақ айта кетсем, әр діни бірлестік өздері сататын кітаптардың тізімін бізге ұсынады, біз бұл тізімді Астанаға, Дін істері комитетіне сараптамадан өткізуге жібереміз. Саралаудан өткеннен кейін ғана кітаптардың сатылуына рұқсат беріледі. Әр кітаптың мұқабасында «Дінтану сараптамасынан өтті» деген арнайы белгі соғылуы тиіс. Кітаптар мешіттер жанындағы дүңгіршектерде ғана сатылып, мемлекет бақылауында болады», – дейді дін өкілдері.
Ал, Ресейлік сайттардан немесе Telegram каналдарынан келген діни әдебиеттер әлі күнге дейін қоғамда мәселе туғызып отыр. Олар ұсыныс ретінде берілмейді, ресми тараптан таратуға да тыйым салынған.
Ая ӘБДІЛДА,
сурет кейіпкердің архивінен алынды
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77
