Экономика

Өңірде 98 жоба іске асты және 6 мың жаңа жұмыс орыны құрылды

Биыл көлемі 47 млрд теңге болатын 6 жобаны іске асыру жоспарлануда

Өңірге инвестиция тарту басты міндеттің бірі. Аймақ экономикасын жақсартуға бағытталған бастамаларды іске асыру жұмысы жүйелі жүргізілуде.

2016 жылдан бастап өткен жылды қоспағанда, негізгі капиталға инвестициялардың жыл сайынғы өсуі байқалады. Оның қорытындылары бойынша облыстың негізгі капиталына 329,5 млрд теңге инвестиция тартылған, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 11 пайызға артық.

Жаңа жобаларды іске асыру жұмысында «қарапайым заттар экономикасы», «Бизнестің жол картасы 2025» сынды бағдарламалар жетекші орын алады.

– Индустрияландыру бағдарламасын іске асыру кезеңінде өңір үшін жеңіл автомобильдер мен ауыл шаруашылығы техникасын шығару, құрылыс арматурасы мен болат прокатын өндіру сияқты жаңа өндірістер игерілді, асфальт араластырғыш қондырғылар шығаратын зауыт, үй құрылысы комбинаты салынды, – деп атап өтті облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Олжас Сапарбеков.

Басқарма басшысының мәліметінше, облыста 180 млрд теңгеден астам қаржыға 98 жоба пайдалануға берілген. Алты мыңнан астам жаңа жұмыс орындары құрылған екен.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша индустрияландыру бағдарламасы шеңберінде 400-ге жуық жаңа жұмыс орындарын құрумен 11,5 млрд теңге көлемінде 5 жоба іске асырылған.

– Мысалы, өткен жылы «Мибеко» ЖШС алаңында жүзеге асырылған сұлы үлпектерін өндіру жобасын айтуға болады. Бұл жоба «қарапайым заттар экономикасы» аясында жүзеге асырылды. Сондықтан, облыстың бизнес-қоғамдастығынан осы бағдарламаға назар аударуды сұраймын, – деді Олжас Сапарбеков.

Іске асырылған жобалар қатарында, биыл наурыз айында «СарыарқаАвтоПром» зауытымен «KIA Motors Ресей және ТМД» компаниясымен бірлесіп «KIA» көліктерінің өндірісі бар. Автомобильдердің жаңа желісі қатарында «RIO», «Picanto», «Сerato, «K5», «Seltos», «Sportage», «Sorento», «Soul» модельдері бар. Ал, 2022 жылға қарай осы модельдер қатары «Stinger», «Carnival» және «K900 бен» толығады.

Сонымен қатар, биыл индустрияландыру бағдарламасы аясында машина жасау, АӨК, жаңартылатын энергия көздері және қалдықтарды қайта өңдеу саласында 47 млрд теңгеден астам сомаға 6 жобаны іске асыру жоспарланып отыр.

Сералы МЫРЗАБАЙ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77