ІІМ академиясы қабырғасында халықаралық деңгейде жиын ұйымдастырылды
Өңірдегі ҚР ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы академияда алғаш рет философия докторы (PhD) ғылыми дәрежесін алу үшін диссертацияларды көпшілік алдында қорғау рәсімі өтті. Бұл тарихи сәтке отандық және шетелдік құқық қорғау саласының жетекші мамандары қатысып, іс–шараның беделін арттырды. Сондай–ақ, академия кітапханасында жаңа Skakov library оқу залының салтанатты ашылуы өтті.
Жиынға Ресей Федерациясының еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор – Вячеслав Селиверстов, Беларусь мемлекеттік университетінің криминалистика кафедрасының меңгерушісі – Вячеслав Шабанов және ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты – Тоқтарбай Қадамбаев қатысты.
Диссертацияларды қорғау отырысына заң ғылымдарының докторы, профессор, ҚР–ның құрметті білім қызметкері – Айдархан Ысқақов төрағалық етті.
Академияның қосымша білім беру факультетінің бастығы, полиция подполковнигі Данияр Қалқаманұлы атап өткендей, бұл күн академия үшін ғана емес, ел ғылымы үшін де ерекше маңызға ие. Іс–шараның басты бөлігі – Skakov library кітапханасының ашылу салтанаты болды.
– Бұл жаңа оқу залы ғылым саласына орасан үлес қосқан, заң ғылымдарының докторы, профессор Айдархан Байдекұлы Ысқақовтың құрметіне арналып ашылды. Ол қылмыстық құқық пен құқық қорғау жүйесінің дамуына зор еңбек сіңірген, халықаралық деңгейде мойындалған маман. Сонымен қатар, Айдархан Байдекұлының жетекшілігімен көптеген ізбасарлары кандидаттық және докторлық диссертацияларын сәтті қорғаған. Біз әрбір азамат осы кітапхана арқылы ғылымға ден қойып, Айдархан Байдекұлының жолын жалғастырып, елімізге елеулі үлес қосады деген сенімдеміз, – деді Данияр Қалқаманұлы.
Сонымен қатар, бүгін академияда диссертациялық кеңестің алғашқы отырысы өтті. ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2024 жылғы шілде айындағы бұйрығымен құрылған бұл кеңес академия қабырғасында алғаш рет жұмысын бастады. Кеңестің алғашқы отырысында екі докторлық диссертацияны қорғау рәсімі жоспарланған.
– Диссертациялық кеңеске 7 азамат мүше болып отыр. Сонымен қатар, Ресей мен Беларусьтен осы саланың көрнекті ғалымдары, профессорлар арнайы шақырылды. Бұл – біз үшін үлкен мәртебе, – деп атап өтті Данияр Қалқаманұлы.
Бұл маңызды оқиғаға дайындық жоғары деңгейде жүргізіліп, іс–шараға еліміздің және шетелдің беделді ғалымдары мен профессорлары шақырылған.
–Докторлық диссертацияларды қорғау кеңесінің басты мақсаты – қызметкерлеріміздің кәсіби дайындығын жетілдіру және әрқайсысына өз саласында дамуға мүмкіндік беру. Бұған дейін мұндай кеңестер тек Алматы мен Қарағандыда ғана жұмыс істейтін. Енді Қостанай академиясының докторанттары өз диссертацияларын осында қорғау мүмкіндігіне ие болды, – деді Академия басшысы, полиция генерал–майоры Ақынқали Дарменов.
Дильназ ИЗДЕЛЮЕВА,
суреттерді түсірген Лариса БОЖКО
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77