Аурудың алдын алу – денсаулық сақтау саласындағы негізгі стратегиялық басымдықтардың бірі. Қостанай облысында созылмалы дерттердің өсуін тежеу, ерте диагностика жүргізу, тұрғындардың денсаулық мәдениетін арттыру және алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігін кеңейту бойынша жүйелі жұмыстар қолға алынған.
Профилактикаға басымдық берудің маңызы зор, себебі ауруды ерте анықтау емдеудің тиімділігін арттырып қана қоймай, асқынуларды азайтады. Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде өңірде жүрек-қан тамырлары аурулары, туберкулез және онкологиялық дерттердің көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда төмендеген. Мамандар мұны профилактикалық медицинаның тиімділігінің нақты көрінісі деп бағалайды.
Профилактика – басты назарда
Облыста жыл басынан бері жүрек-қан тамырлары, қант диабеті, глаукома, онкологиялық ауруларды ерте анықтауға бағытталған скринингтен 300 мыңнан астам адам өткен. Сала мамандары азаматтарды алдын алу тексерулеріне тарту арқылы ауыр дерттердің үлесін азайтуға болатынын атап өтеді.
Біздің басты мақсатымыз – халықтың денсаулығын сақтау, ауруды асқындырмай ерте анықтау және алғашқы медициналық көмек деңгейін күшейту. Скринингтік тексерулердің ауқымы жыл сайын ұлғайып келеді. Соның нәтижесінде тәуекел топтары уақытылы анықталып, көптеген азаматқа ауруды бастапқы сатысында емдеу мүмкіндігі берілді, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Еркебұлан Баязитов. – Мысалы, 11 ай ішінде сүт безінің қатерлі ісігін анықтауға 40 мың, ал жатыр мойнының обырына 30 мыңға жуық әйел тексерілді. Олардың ішінде 70 азаматшадан сүт безінің ауруы анықталса, жатыр мойны обырының 36 жағдайы тіркелді.

Еркебұлан Сағитдинұлының айтуынша, скринингтің тиімділігі – ауруды алғашқы сатысында анықтауға мүмкіндік беруінде. Ерте анықталған әр жағдай адам өмірін сақтап қалуға негіз болады. Уақытылы тексерудің арқасында көптеген азаматтар асқынуларға жол бермей, ем-домды дер кезінде бастайды. Бұл жалпы өңірдегі сырқаттанушылық деңгейінің төмендеуіне де оң әсерін тигізеді.
Облыста денсаулық сақтау саласын жаңғырту мен халықтың өмір сапасын арттыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Скринингтік тексерулердің ауқымы ұлғайып, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде өткізіледі. Бұл өзгерістер профилактикалық медицинаның тиімділігін арттыруға мүмкіндік жасап отыр.
Жаңарған инфрақұрылым, заманауи жабдық
Скринингтің тиімділігін арттыру үшін тек түсіндіру жұмыстарын күшейту жеткіліксіз. Бұл бағыттың нәтижелі болуы медициналық инфрақұрылымның мүмкіндігіне де тікелей байланысты. Сондықтан облыста соңғы жылдары денсаулық сақтау нысандарын жаңғырту және алғашқы медициналық көмекті тұрғындарға барынша жақындату мақсаты жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.
Өңірде бірқатар жаңа емханалар ашылып, бұрыннан жұмыс істеп тұрған медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Жаңа нысандар халық тығыз орналасқан аудандардағы жүктемені едәуір азайтып, тұрғындардың дәрігерге дер кезінде қаралуына жағдай жасады.
Қостанай қаласы мен облыс аудандарында соңғы жылда бірнеше жаңа нысан пайдалануға берілді. Биылдың өзінде өңірде 25 медициналық нысан тұрғызылып, жаңадан ашылды. Мәселен, Қостанайдағы Юбилейный шағын ауданындағы жаңа №6 емхана бір ауысымда 250 адамды қабылдауға қауқарлы. Бұл бұрынғы емханалардың кезек жүктемесін азайтып, тұрғындар үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып отыр.
Қазіргі таңда Жітіқара аудандық емханасы, облыс орталығындағы және Арқалық қаласындағы перзентхана ғимараттары күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Бұл нысандар жаңарғаннан кейін ана мен балаға көрсетілетін көмек сапасы едәуір жақсарады деп күтілуде.
Ал Қостанай ауданында жаңадан салынып жатқан емхана келер жылы халық игілігіне беріліп, медициналық қызмет аясын кеңейтпек.
Медициналық нысандардың құрылысымен қатар, оларды заманауи аппараттармен жабдықтау жұмыстары да қарқынды жүріп жатыр. Өңірге биыл медициналық техника сатып алуға 7 млрд теңге бөлініп, емдеу ұйымдары смарт-жүйелермен жабдықталған холтер және ЭКГ аппараттарымен, УДЗ-дың портативті жүйелерімен, спирометрлермен, флюорографтармен, сондай-ақ реанимацияға қажетті хирургиялық және оңалту жабдықтарымен толықты. Бұл дәрігерлерге диагноз қоюдың дәлдігін арттырып, емдеу тәсілін дер кезінде таңдауға, сондай-ақ медициналық көмектің жалпы сапасын жақсартуға мүмкіндік беріп отыр, – дейді басқарма басшысы.
Оның айтуынша, жыл соңына дейін облысқа екі ангиограф аппараты жеткізіледі. Оның бірі облыстық ауруханада, екіншісі Рудный қаласындағы ақ халаттылардың қолданысына берілмек. Ангиограф – күрделі ота жасауға арналған қымбат құрылғы. Бұл жүрек-қан тамырлары ауруларымен күресте нәтижелі қадам болады деп күтілуде. Онкологиялық орталықты да жаңару күтіп тұр. «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен мұнда құны 1,7 млрд теңге тұратын сәулелік терапияға арналған желілік үдеткіш іске қосылмақ.
Мұндай аппарат біздің облыста бұрын болмаған. Ол қатерлі ісік жасушаларын нүктелік дәлдікпен сәулемен өңдеп, зияны төмен терапия жүргізуге мүмкіндік береді. Мұндай аппаратты жай әкеліп қою жеткіліксіз – арнайы қорғанысы бар кабинет керек, жабдықты шетелдік мамандар келіп іске қосады, – деп түсіндірді Еркебұлан Баязитов. – Сонымен бірге жаңа МРТ аппаратын алу жоспарда. Қолданыстағы аппараттар өкпені жасанды желдету құрылғысына қосылған науқастарды түсіруге жарамайды, сондықтан жаңа МРТ ауыр жағдайдағы адамдарды толыққанды тексеруге мүмкіндік береді.
Жаңа аппараттардың енгізілуі әсіресе онкологиялық, жүрек-қан тамырлары ауруларын диагностикалау тиімділігін жоғарылатып отыр. Жалпы, облыстағы медициналық жабдықталу деңгейі қазір 85-89 пайыз аралығында. Басқарма басшысының айтуынша, бұл көрсеткішті арттыру – алдағы жылдарға қойылған негізгі міндеттердің бірі.
Білікті маман – сапалы медицина негізі
Инфрақұрылымды жаңарту және заманауи техникамен қамтамасыз ету – профилактиканың бір қыры ғана. Ең бастысы – осы мүмкіндікті халық игілігіне айналдыратын маманның болуы. Өңірде қазіргі таңда медицина саласында 7000-ға жуық қызметкер еңбек етсе, оның ішінде 1800-ден астамы – дәрігерлер. Алайда бірқатар бағыттар бойынша кадр тапшылығы сезіледі. Әсіресе терапевт, хирург, акушер-гинеколог, анестезиолог-реаниматолог, аллерголог және педиатр мамандары жетіспейді. Бұл – профилактикалық жұмыстың тиімділігіне де әсер ететін факторлардың бірі.
Сондықтан облыста кадр тапшылығын азайту, мамандарды тарту мақсатында әлеуметтік қолдау тетіктері де кеңейіп келеді.

Жергілікті бюджет есебінен жас дәрігерлерге көтерме ақы, жалдамалы тұрғын үй, ауылдық жерге барған мамандарға қосымша әлеуметтік пакет ұсынылуда. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысының айтуынша, қолдау көлемі өңір ерекшелігіне қарай әртүрлі:
Егер маман Арқалық қаласына барып қызмет етсе – 5 млн теңге, ал Амангелді немесе Жангелдин аудандарында қызмет ететін болса
– 7 млн теңге төленеді. Шарты – сол жерде кемінде 7 жыл еңбек ету. Алайда өтеу мерзімінің ұзақтығы кей мамандарға қиындық тудырып, кадр тартуға әсер етіп отыр. Сол себепті алдағы жылдары бұл мерзімді 5 жылға қысқарту мәселесін қарастырып жатырмыз. Бұл маман тартуға тиімді болар еді, – деді басқарма басшысы.
Өңірде кадрлардың кәсіби деңгейін арттыруға да ерекше көңіл бөлінуде. Келер тәжірибе алмасу мақсатында шетелдік медициналық орталықтарға мамандар жіберу жоспарланып отыр. Жаңарған медициналық нысандар мен заманауи аппараттар емдеу сапасын арттырып, дәрігерлік көмектің қолжетімділігін ұлғайтса, кадрларды қолдау және қайта даярлау шаралары саланың тұрақты дамуына жағдай жасап келеді. Денсаулық сақтау басқармасының мәлімдеуінше, алдағы жылдары да бұл жұмыстар қарқынды түрде жалғасып, медициналық қызмет сапасын жақсартуға бағытталады.
Назгүл АЗАТҚЫЗЫ,
суреттерді Денсаулық сақтау басқармасы ұсынды
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77
