2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап, Қазақстанның барлық емханаларында науқастарды қабылдау үшін Face ID жүйесі жүзеге асырылатын болады.
Енді дәрігердің қабылдауында болуды арнайы бағдарлама арқылы дәлелдеу талап етіледі. Бұл жаңашылдық жалған тіркеулер мен қызмет көрсетуге қатысты мәселелерді шешу үшін енгізілуде. Жаңа жүйе бойынша емханаға келген әрбір науқас арнайы камераның көмегімен өз бет-бейнесін сканерлейді. Бұл арқылы дәрігердің қабылдауында нақты болу фактісі тіркеледі. Сонымен қатар, медициналық қызметтер, анықтама беру немесе еңбекке уақытша жарамсыздық парағын рәсімдеу секілді құжаттарды алу да Face ID арқылы бекітіледі.
Қостанайдағы №2 емхана – жаңа жүйені енгізген алғашқы мекемелердің бірі. №2 емханада Face ID жүйесі 2025 жылдың 8 қаңтарынан бастап жұмыс істей бастады. Емхана қызметкерлері жаңа құрылғының қолданылуында ешқандай қиындық жоқ екенін айтады. Керісінше, бұл жаңашылдық жұмыс үдерісін жеңілдеткен. Адамның бет-бейнесін сәйкестендіру кезінде дәрігердің мониторында науқас туралы толық ақпарат: аты-жөні, тегі, сондай-ақ медициналық деректер қорына тіркелген жеке сәйкестендіру нөмірі көрінеді.
Емханаға мұндай 70 құрылғы сатып алынған. Олар дәрігерлердің қабылдау бөлмелерінде, акушерлік-гинекологиялық көмек көрсету бөлімдеріне, скрининг және алдын алу бөлімдерінде орнатылған. Егер науқас Face ID жүйесінен өтуден бас тартса немесе техникалық қиындықтар туындаса, қабылдауды басқа тәсілмен растауға болады. Бұл үшін науқас eGov қосымшасына кіріп, арнайы SMS-кодты атау сұралады. Науқас сол кодты айтып, өзінің қабылдауға қатысқанын дәлелдей алады. Егер деректер сәйкес келмесе, қабылдау есептелмейді.
ЖҮЙЕНІҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ МЕН ТИІМДІЛІГІ
№2 емхананың бас дәрігерінің медициналық бөлім жөніндегі орынбасары Арман Исембаевтың айтуынша, Face ID жүйесі науқастардың нақты қабылдауда болғанын тіркеуді жеңілдетеді.
– Біздің емханада әрбір дәрігердің қабылдау бөлмесінде веб-камера орнатылған. Қабылдау кезінде медициналық ақпараттық жүйеде арнайы терезе шығады. Науқастың бет-бейнесін бір түймені басу арқылы суретке түсіріп, жүйеге жүктеуге болады. Бұл үдеріс өте жылдам және ыңғайлы. Егер науқас идентификацияға өз деректерін беруден бас тартса, ол мобильді қосымша арқылы арнайы кодты ұсына алады. Бұл жүйе ең алдымен жалған тіркеулерді жоюға бағытталған. Науқастар жаңа жүйені негізінен түсіністікпен қабылдап, оның артықшылықтарын мойындайды. Олар бұл жаңашылдықтың медициналық қызметтің сапасын арттыратынын түсінеді, – дейді Арман Исембаев.
Жалпы, Face ID жүйесі медициналық қызмет көрсетуді барынша әділ және ашық етуге, сондай-ақ науқастардың құқығын қорғауға бағытталған. Жыл соңына дейін бұл жүйе Қазақстанның барлық медициналық мекемелерінде толық енгізіледі деп жоспарлануда. Қала тұрғындарының басым көпшілігі жаңа жүйеге оң көзқараспен қарайды. Бұл жүйе дәрігер мен науқас үшін ыңғайлы, себебі ақпарат жүйеге бірден енгізіледі. Сондай-ақ, науқастар өздерінің мобильді қосымшаларында ұсынылмаған деп санайтын медициналық жазбаларды табуды тоқтатады.
– Face ID жүйесінің енгізілгенін дұрыс шешім деп ойлаймын. Бұл жүйе медициналық қызмет көрсетудің ашықтығын қамтамасыз етеді. Бұрын кейде дәрігердің қабылдауына жазылып, шынымен барсаң да, деректерің жүйеге дұрыс түспей жататын жағдайлар болатын. Ал енді бет-әлпетті тану технологиясы мұндай қателіктерді жояды деп сенемін. Сонымен қатар, бұл науқастардың өзіне де ыңғайлы. Өзіңіз туралы мәліметті қайта айтудың қажеті жоқ, бәрі жүйеде шығады, – дейді қала тұрғыны.
Дильназ ИЗДЕЛЮЕВА,
суретті ұсынған
кейіпкер
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77