Новости Образование

IT университетінде оқушылар арасында робототехникадан «IITU Robocon Games» бесінші республикалық чемпионаты басталды

Чемпионатқа Алматы, Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Теміртау қалаларының 30 үздік мектеп командалары қатысып отыр

Оқушылар арасындағы «IITU Robocon Games» жарысы дарынды жастарды анықтап қана қоймай, робототехниканы дамытып, робот жасаудың халықаралық стандарттарына жақындатуға мүмкіндік береді.

– Бес жылдан бері чемпионат өтіп келеді. Оқушылармен жақын болып кеттік. Сіздер құрастырған роботтар инженерлік ойдан туған. Біз сіздер үшін алаңдаймыз. Мұндай жарыстарға қатысудың өзі үлкен пайда береді. Бірінші кезекте дағдыларыңыз артады. Екінші кезекте командамен жұмыс істеуді көрсетесіздер. Үшіншіден, оқытушылардың біліктілігі артып келеді. Бір ай бұрын АҚШ-қа оқуға түскен қазақстандық студенттің сұхбатын оқыдым. Ол сұхбатында осы конкурсқа деген алғысын айтты. «Осы чемпионаттың арқасында оқуға түстім, себебі дағдыларым басқаларға қарағанда жоғары болды» дейді ол. Бұл сұхбат жарыстың жемісін беріп жатқанын білдіреді, – деді «Зере-Жанашыр» қорының директоры Майраш Тайкенова мәлімдеді.

Оның сөзінше, чемпионат жас қазақстандықтардың болашақ мамандығын дұрыс таңдауына өз үлесін қосады. Жарыстың  көптеген қатысушысы қазақстандық және шет елдік  жетекші ЖОО-на түсті. Чемпионатқа әр түрлі жастағы мектеп оқушылары қатыса алады және өздерінің ерекше роботтарын жасау кезінде қатысушыларда soft skills дағдылары қалыптасады. Қазіргі кезде оны болашақ дағдысы деп те атайды. Топта жұмыс істеу, жаңаша ойлау, қызметтік сауаттылық, өзгерістерге тез бейімделу және т.б. дағдыларды бойына жинайды.

«Шеврон» компаниясының өкілі Айнұр Сыдықова бес жылда қатысушылар саны 750-ге жеткенін айтты.

– Алматыда төрт рет өткіздік. Биыл елорда деңгейінде өткізу керек екенін түсіндік. Бес жылда барлығы 106 команда қатысты. Алғашқы жылы 15 команда ғана болған еді. Алматыдағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі биыл Америкада әлемдік командалар арасында сегізінші орын алды. Олар да біздің бағдарламамызға қатысқан болатын. Тағы байқағаным, ауылдық командаларда қатыса бастады. Мен таңданып, балаларда осындай мүмкіндік пайда болғанына қуандым. Мұның бәрі тегін. Адамдарға команда жинауды ұсынамын. Егер энтузиаст оқытушы болса ол бізге команда жинағысы келетінін айтады. Біз оған университеттен менторды жібереміз. Ментор оған конкурс шарттарын, роботтарды құрастыруды үйретеді. Оқытушыларға арналған семинарлар өткіздік. Ментор алты ай бойы командаға көмектеседі, – дейді ол «IITU Robocon Games» ашылуында.

Алматыдағы Халықаралық «Мирас» мектебінің 12-сынып оқушысы Назерке Кәрім чемпионатқа екінші жыл қатарынан қатысып жатыр.  Былтыр ол командаластарымен бірге екінші орын алған.

– Жыл сайын жарысты асыға күтемін. Робототехника, бағдарламалау маған қатты ұнайды. Болашақ мамандығымды сонымен байланыстырғым келеді. Былтыр бірінші орын ала алмадық. Биыл жеңіске жетуге тырысамыз. Мектебімнің осы жарысқа қатысатынын білмегенге дейін робототехникаға аса қызықпадым. 11-сыныпта қатысамын деп шештім. Сыныптастарыммен, достарыммен команда жасақтап, робот құрастырып, жарысқа дайындалдық. Біздің командада екі қыз бар. Бұрын 3-4 командада ғана қыздар болатын. Биылғы жарыстан қыздар саны өскенін байқадым. Бұл қуантады, себебі қыздардың программалау, инженерияға деген қызығушылығы артып келеді, – дейі қатысушы.

Оқушы мұндай мамандықтарды көбіне ұл балалар таңдайтытын, болашақта  қазақстандық әйелдерді қолдауға арналған қайырымдылық қорын ашқысы келетінін айтты. Оның сөзінше бүгінде Қазақстанда жыл санап жұмыс істейтін әйелдер саны ерлерге қарағанда төмендеп жатыр.

Бес ай бойы 30 мектеп өкілдері Arduino микроконтроллер негізінде екі роботты әзірлеумен айналысты. Роботтар ойын алаңында ақылды қала қызметіне көмектесу, нақтырақ айтқанда, қала тазалығын сақтау, саябақтардағы, шағын бақтардағы гүлзарларды күту, тез дайындалатын тағамдарды жеткізу, жүргізушісіз такси және гид қызметін көрсету секілді берілген командаларды орындауы тиіс.

Arduino негізіндегі роботтарды жасау балаларға роботтарды құрастыру, электрониканы пайдалану және бағдарламалау дейінгі толық циклын үйретеді. Мұндай өңдеу Lego EV3 конструкторы негізінде роботтарды құрастырудан әлдеқайда күрделі және STEM-білім беру қағидаларына сәйкес келеді. Қазақстандағы STEM-білім беруді дамыту – «Шеврон» компаниясының басты мақсаттарының бірі.

Байқау жеңімпаздары бағалы сыйлықтар, сондай-ақ Халықаралық Ақпараттық Технологиялар Университетінде (ХАТУ) және  Astana IT university-де (AITU) оқуға гранттар мен жеңілдіктер алады.

Шараны «Зере-Жанашыр» жеке қайырымдылық қоры және Инновациялық техникалық колледжі ұйымдастырып отыр. Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті және Astana IT university серіктестер болса, бас демеуші – «Шеврон» корпорациясы.

Назерке АБИБУЛЛА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77