Біздің Қостанай Социум

Экологияны жақсартуға бағытталған инновациялық жобалар

2-7 сынып оқушыларының қатысуымен өткен «Зерде» зерттеу жобалары мен шығармашылық жұмыстарының республикалық байқауында бірқатар қызықты жобалар ұсынылды.

Жалпы республикалық «Зерде» байқауының облыстық кезеңі 8 қараша күні салтанатты түрде ұйымдастырылды. Бұл білім мен ғылымды қатар игерген жас өрендердің ізденісін қолдап, шығармашылық және зерттеушілік қабілеттерін шыңдауға бағытталған маңызды іс-шаралардың бірі.

Байқауға 2-4 сынып және 5-7 сынып оқушылары қатысты. Әр қатысушы өзекті тақырыпты таңдады, оны жан-жақты зерттеп, шынайы деректермен байланыстыра отырып, өзіндік ғылыми жұмысын ұсынды. Бұл жобалардың ішінде экология мәселелеріне ерекше мән берілген. Атап айтқанда, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында 2 жоба таныстырылды.

2024 жылдың көктемінде орын алған су тасқыны Қостанай облысындағы табиғи аймақтарға, әсіресе су қоймалары мен өзендерге айтарлықтай әсер етті. Осы табиғи құбылыстың салдарын терең зерттеп, «Су қоймаларындағы судың ластану деңгейін зерттеу» тақырыбында жоба дайындалды. Жоба авторлары, оқушылар Саялы Жұмабек және Аружан Сабитова судың сапасын тексеріп, ластанудың негізгі себептерін анықтап, экологиялық жағдайды жақсарту бойынша ұсыныстар жасаған. Нәтижесінде оқушылар 2-ші орынды иеленді.

– Бұл зерттеуіміздің мақсаты – су тасқынынан кейінгі ластану деңгейін физикалық, химиялық және биологиялық тұрғыдан анықтап, оны тазарту бойынша ұсыныстар жасау. Жоба барысында біз су тасқынының судың сапасына қалай әсер еткенін зерттеуге кірістік. Алдымен, оқушылармен бірге 2024 жылғы су тасқынына қатысты деректерді жинадық, ғылыми мақалалар мен зерттеулерді қарастырдық. Бұл ретте бізге судың тасқынға дейінгі және кейінгі көрсеткіштері маңызды болды: рH деңгейі, қаттылығы, сондай-ақ су астындағы биологиялық ағзалардың өзгерісі. Зерттеу үшін біз Тобыл өзенінің екі жағалауын – Орталық жағалауы мен ҚР-ның 25 жылдығына арналған жағалауды, сондай-ақ салыстыру үшін Тастыкөл көлін таңдадық. Орталық жағалау мен 25 жылдық жағалауы су тасқынынан тікелей зардап шеккен болса, Тастыкөлде мұндай әсер байқалмаған. Осы аймақтардан біз су сынамаларын алып, олардың сапасын салыстырмалы түрде зерттедік. Сынақ барысында оқушылар пластикалық бөтелкелерге сынамаларды жинап, әр үлгіні әдіс арқылы тексерді. Судың қаттылығы мен рH мөлшері анықталды. Егер қаттылық 100-ден жоғары болса, су ластанған және ішуге жарамсыз деп танылды. Сонымен қатар, биологиялық тұрғыдан микроскоппен судың құрамындағы микроағзалар зерттелді. Зерттеу нәтижелері су тасқынынан зардап шеккен аймақтардағы судың сапасы айтарлықтай төмендегенін көрсетті. Құрамындағы рH деңгейі мен қаттылығы өзгерді. Ал Тастыкөлдегі су сапасы тұрақты күйінде қалды. Бұл зерттеу су қоймаларындағы ластанудың негізгі себептерін анықтауға, сондай-ақ су көздерін қалпына келтіру бойынша нақты ұсыныстар жасауға мүмкіндік берді, – дейді «Озат» мамандандырылған ақпараттық технологиялар мектеп-лицейі-интернаты» биология пәні мұғалімі Жұлдызай Төлеміс.

Бүгінгі таңда қоршаған ортаның ластануы – әлем алдында тұрған ең өзекті мәселелердің бірі. Бұл мәселені шешудің түрлі жолдары қарастырылғанымен, тиімді нәтижеге қол жеткізу үшін жаңа технологияларды енгізу және экологиялық тұрғыдан қауіпсіз материалдарды қолдану маңызды. Солардың бірі – биологиялық қаптама жасау. Олар экологияға зиян тигізбестен табиғи жолмен ыдырайтын қасиетке ие. Бұл материалдар – болашақтың негізгі шешімдерінің бірі. «Биологиялық қаптама жасау» зерттеу жұмысы – биологиялық қаптаманың жасалу жолдарын зерттеуге арналды. Бұл экологиялық таза қаптама қалдықтарды азайтуға және қоршаған ортаға зиян келтірмеуге көмектеседі. Айша Оралбаева мен Даяна Бекешова жобаны зерттеу нәтижесінде 3-ші орынды жеңіп алды.

– Әлемде қалыптасқан экологиялық мәселелерді зерттей отырып, біз табиғатта ұзақ уақыт бойы ыдырамайтын полиэтилен қаптамалардың зиянын түсіндік. Бұл қаптамалар жердің құнарлылығын төмендетіп, тіршілік иелеріне, соның ішінде өсімдіктер мен жануарларға үлкен қауіп төндіреді. Сондықтан экологияны сақтау мақсатында жаңа, табиғи шикізаттардан биологиялық қаптамалар жасау идеясын қолға алдық. Биоқаптамаларды жасау барысында біз қарапайым, қолжетімді шикізаттарды таңдадық. Банан, алма, картоп, мандарин қабықтары және пектин – табиғи түрде қайта өңделетін, экологиялық таза материалдар. Бұл компоненттер биологиялық тұрғыдан тиімді әрі экологияға зиянын тигізбейтін қасиеттерге ие. Оқушылармен бірлесе отырып, осы шикізаттардан бес түрлі биоқаптама құрастырдық. Алғашқы үлгілерді жасап шығару барысында, біз әдеби және ғылыми дереккөздерге сүйеніп, олардың қасиеттері мен құрамын анықтадық. Одан кейін тәжірибелер жүргізу арқылы құрамын жетілдіре отырып, өзіміздің нұсқаларымызды әзірледік.

Әрбір материалдың ерекшеліктерін зерттей отырып, біз олардың салыстырмалы қасиеттерін анықтадық. Мәселен, банан мен алма қабығынан жасалған қаптамалар икемділігімен және ұзақ уақыт бойы сақталу қасиетімен ерекшеленсе, пектин негізіндегі қаптама ылғалға төзімді және берік болып шықты. Осылайша, әрбір материалдың артықшылықтары мен кемшіліктерін анықтап, олардың экологиялық тиімділігін бағаладық.

Биоқаптамалардың артықшылықтары өте көп. Біріншіден, олар табиғи жағдайда оңай ыдырап, қоршаған ортаға зиян келтірмейді. Екіншіден, олардың қайта өңделу мүмкіндігі жоғары, яғни оларды жаңа шикізат ретінде қолдануға болады. Үшіншіден, биоқаптама материалдарды пайдалану арқылы полиэтиленге деген сұранысты азайтып, экологияны жақсартуға үлес қосуға болады. Зерттеу барысында біз тек материалдарды жасауға ғана емес, олардың экологиялық тиімділігін тәжірибе жүзінде дәлелдеуге де назар аудардық. Әрбір қаптаманың ыдырау жылдамдығын бақыладық. Мәселен, банан қабығынан жасалған қаптама шамамен екі апта ішінде толығымен ыдыраса, пектиннен жасалған қаптаманың ыдырау уақыты біршама ұзақ болды. Бұл қаптамаларды табиғи ортада қолдану олардың қоршаған ортаға қауіпсіздігін дәлелдейді, – дейді «Озат» мамандырылған ақпараттық технологиялар мектеп-лицейі-интернаты» химия пәні мұғалімі Карина Нұғыманова.

Бұл жобалар жас зерттеушілердің экологияға бейжай қарамайтынын және өздерінің жаңашыл идеяларын жүзеге асыруға дайын екенін көрсетеді.

Дильназ ИЗДЕЛЮЕВА,
суреттерді ұсынған кейіпкерлер


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77