Экономика

Экономика саласы бойынша аймақта өсім айқын байқалады

Жұмыссыздық деңгейін төмендетуге «Еңбек» бағдарламасы ықпал етуде

Бұл туралы облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтың төрағалығымен өткен селекторлық кеңесте облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлбарам Мұсағазина мәлімдеді.

Мәселен, өнеркәсіп өндірісі 19,8%-ға, ауыл шаруашылығы 2%-ға, инвестициялар 8,7%-ға, құрылыс 8,4%-ға, тұрғын үйді пайдалануға беру 5,4%-ға, бөлшек сауда 5,5%-ға өсті.

– Нәтижесінде қысқа мерзімді экономикалық индикатор 111,8% құрады,–деді Гүлбарам Мұсағазина.

Ағымдағы жылдың қаңтар айында облыстың өнеркәсіп кәсіпорындары 341,5 млрд теңгенің өнімін өндірді, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде – 194,4 млрд теңгеге 26,4%-дық өсімді көрсетті.

Бұл жетістікке қол жеткізудің бірден-бір себебі, машина жасау өнімдері өндірісінің 2,5 есеге, металлургияның 29,0%-ға, тамақ өнімдерінің сусындары өндірісінің 18,0 және 14,0%-ға ұлғаюының арқасында болып отыр.

– Егер тау–кен өнеркәсібі туралы айтатын болсақ, сала кәсіпорындары 127,7 млрд теңгенің өнімін өндірді, НКИ – 115,1%, – деді ол.

Ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемі 33,7 млрд теңгені құрады. НКИ-102%. Сонымен қатар, есепті кезеңде облыс экономикасына 56,8 млрд теңге инвестиция тартылды, ол 8,7%-ға өсті. Салалар бойынша құрылысқа инвестициялар 12 есеге, жылжымайтын мүлікпен операциялар 2,2 есеге, ал ауыл шаруашылығы 25,1%-ға өсті.

Жыл басынан бері орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 8,4%-ға артып, 12,8 млрд теңгені құрады. Осы жылдың басынан бері 85,0 мың м2 тұрғын үй пайдалануға берілді, көлемі 5,4% өсті. Ағымдағы жылдың соңына дейін тұрғын үйді іске қосу жоспары 10% өсіммен 368,9 мың м2 құрайды деп күтілуде.

– Көлемнің басым бөлігі Қостанай, Лисаков және Рудный қалаларына келді, – деп атап өтті Гүлбарам Мұсағазина.

«ШОК субъектілерін қолдау мақсатында «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға ағымдағы жылы 2,7 млрд теңге қаражат бөлінді.

– Бүгінгі таңда бағдарлама аясында 45 жоба мақұлданды 2,4 млрд теңгеге, оның ішінде 28 жобаны субсидиялауға, 17 жобаны кепілдендіруге, – деді Гүлбарам Мұсағазина.

Сонымен қатар, облыста инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту бойынша Жол картасы шеңберінде іске асыру жоспарланған 275 инфрақұрылымдық жобалардың тізбесі қалыптастырылды, елді мекендерді абаттандыруға 53,7 млрд теңге бөлінді. Осы жобаларды іске асыру 13 435 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді, оларға жұмыспен қамту орталықтарының бағыттары бойынша 6 718 жұмыссыз азамат жұмысқа орналасады. Облыс экономикасындағы көрсеткіштердің өсуі әлеуметтік саладағы тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік берді. Аймақта 4,7% құрайтын жұмыссыздық деңгейін төмендетуге «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту «Еңбек» бағдарламасын іске асыру ықпал етуде.

– 2020 жылы Бағдарламаның іс-шараларына 8,4 млрд. теңге бағытталады, 10 мың тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарлануда, бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,1%-ға жоғары, – деді Гүлбарам Мұсағазина.

Өз тілшіміз


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77