Студенттер мен оқушылар жазушы мен ақын шығармаларын жатқа оқыды
Республикалық «Бір ел-бір кітап» акциясының аясында 2019 жылы ел болып оқуға таңдалған, үздік деп танылған шығармалар Әбділдә Тәжібаевтың еңбектері мен Әбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» романын қалың оқырманға жеткізу мақсатындағы акция жалғасын тапты.
Қоғамның отандық əдебиетке, əдебиет мен поэзияға деген қызығушылығын əрі қарай жоғарылатуына мүмкіндік туғызу мақсатында Н.Островский атындағы қалалық кітапханада «Көңілім кейде кең дала» атты тақырыпта Жастар жылына орай мектептердің жоғары сынып оқушылары мен оқу орындарының студенттері арасында көркемсөз оқу байқауы өтті.
Н. Островский кітапханасы бұл байқауды Қостанай облысындағы «Ақ жол» демократиялық партиясымен бірлесе отыра ұйымдастырды. Шара барысында кітапханашылар республикалық «Бір ел-бір кітап» акциясының тарихына тоқталып, «Қазақ әдебиетінің тарландары» атаулы кітап көрмесін ұйымдастырды.
Кітап көрме 2007 жылдан бастау алған акцияға қатысып, жыл сайын үздік деп таңдалып оқырманға жол тартқан авторлардың еңбектерінен жасақталды. Сондай-ақ кітап көрмеде 2019 жылғы акция бойынша танылған Әбділдә Тәжібаев пен Әбіш Кекілбаевтың өмірі мен қызметі жайлы оқырмандар назарына молынан ақпарат ұсынылды.
Бірнеше жас таланттар ынта білдіріп қатысқан байқау екі бөлімнен тұрды. «Сөз өнерінің зергері» атаулы бірінші бөлімде қатысушылар Әбділдә Тәжібаевтың шығармаларын жатқа оқыса, ал «Сырлы сөздің саңлағы» атты екінші бөлімде үміткерлер Әбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» романынан үзінді орындады.
– Кітапты жәй оқудан гөрі көркем оқудың әсерлілігі ерекше. Жастардың әдеби шығармаға деген сүйіспеншілігі тыңдарманды тәнтті етті. Сондықтан да кітапхана қабырғасында өткен көркемсөз оқу шеберлері байқауының ұйымдастырылуы жас оқырмандарды қуантты. Талантты жастардың көркемсөз арқылы шығарманың шыншылдығын көпке жеткізуінде зор мән бар. «Бір ел – бір кітап» акциясында таңдалған шығармалардың кең насихаталуына, таралуына жол ашты, – дейді әділ-қазы мүшесі, «Ақ жол» демократиялық партиясының Қостанай облысындағы филиалының аппарат басшысы Мешіт Ғазизұлы.
Байқауда шын талантын танытып, бірінші орынға ие болған А. Байтұрсынов атындағы ҚМУ-нің филология факультетінің студенті Ақбота Дүйсенбай, 2 орынды № 115 орта мектебінің оқушысы Қарақат Қабдрахим алса, жүлделі 3 орынды Б. Момышұлы атындағы № 5 мектебінің оқушысы Қарасартова Ляззат иеленді.
Бұл іс-шара кітапхана жанындағы «Толқын» шығармашылық студиясының мүшелері Наргиза Қайратова, Мадина Базарбай мен «Тұмар» өнер үйірмесінің жас таланттары Раушан Даруш, Дариға Аубакирова мен Қарлығаш Атақпаеваның белсенді ат салысуымен жоғары деңгейде өтті. Жеңімпаздар мен қатысушылар арнайы дипломдар, алғыс хаттармен және сыйлықтармен марапатталады.
Ботакөз ӘДІЛБЕКҚЫЗЫ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77