10 регион Біздің Қостанай Культура

Күмбірлеген күйлер, әуелеген әсем әндер мен билер жиылған жұртқа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады

Қостанай ауданында жыл сайын дәстүрге айналған халық шығармашылығының ұлы мерекесі – «Өнеріміз саған, Қазақстан» атты фестиваль биыл да сән-салтанатымен өтті. 37-ші рет шымылдығын түрген бұл өнер тойы, әдеттегідей, аймақтың дарынды өнерпаздарын бір сахнада тоғыстырып, ерекше көңіл-күй сыйлады.

Биылғы фестиваль Тобыл қаласында орналасқан «Алтын дән» мәдениет үйінің жарық сахнасында өтті. Жаңартылған ғимаратта өткен алғашқы іс-шаралардың бірі болып, көрермендерді ерекше қуантты. Бұл ғимараттың өзі өнерпаздар мен көрермендер үшін қасиетті мекенге айналған, өйткені осында нағыз өнердің қанық бояулары, шынайы таланттың әсем әуендері астасып жатады. Фестивальге облыстың әр түкпірінен өнер жолында аянып қалмаған әнші, биші, акробат, музыканттар келіп, өз өнерлерін ортаға салды. Олар осы күнге жыл бойы дайындалып, әрбір қимылына, әрбір ән жолына жан – тәнімен мән берген.

Сахна төрінде ұлттық нақыштағы ою – өрнектермен әрленген қазақы киім киген өнерпаздар көрерменнің назарын бірден өздеріне аударды. Әншілердің үні жүректі тебірентіп, қазақ даласының кең тынысын жеткізгендей болды. Қазақтың қоңыр домбырасының үні, қос ішекті шертіп отырған күйшілердің мұң мен қуанышты қатар тербеген шеберлігі – бәрі де көрермендердің жан дүниесін байытып, оларға туған жердің рухын сезіндірді. Сахнаға шыққан қазақтың ұлт аспаптары оркестрі «Тобыл сазы» өзінің шеберлігімен тыңдаушылардың жүрегін жаулап алды. Ал «Көк бөрі» этноансамблі өз өнерімен залда отырғандарды тамсандырды. Олардың орындауындағы әрбір шығарма көрермендердің жылы қошеметтерімен қарсы алынды.

– Бұл концерт – біздің шығармашылық ұжымдардың бір жылдық еңбектерінің жемісі, олар өз өнерін жоғары деңгейде көрсете білді. Әрбір ұжым өзінің ерекше көркемдік деңгейін, орындаушылық шеберлігін паш етті. Концерт бағдарламасы жанр жағынан әр алуан болып, көрермендердің қызығушылығын арттырды. Қазақ мәдениетінің бай мұрасын таныту, ұлттық өнерді дәріптеу мақсатында ұйымдастырылатын іс-шараға әрқилы ұжымдар өз өнерлерімен қатысты. «Надежда» халықтық би ансамблі қазақтың «Жез киік» биін, орыс «Ой гуляла» биін және молдаван фольклорлық жанрда тамаша орындады. Сырлы әуенге тұтас үндескен ұлттық би композициялары көрермендерді ерекше әсерге бөледі. Жаңадан құрылған «Бойтұмар» жетігеншілер ансамблі алғашқы рет сахнада өнер көрсетті. «Шалқыма» вокалдық-домбырашылар ансамблі, «Боярыня» фольклорлық ансамблі, «Замкнутый круг» рок тобы, «Жайдарман» қазақ әндерінің халық ансамблі секілді ұжымдар өздерінің шығармашылық әлеуеттерін тамаша көрсете білді. Олар өз өнерлерімен көрермендердің жүрегінен орын тапты. Кештің айшықты сәті – «Арена чудес» халықтық цирк ұжымы мен әуе гимнасттарының қойылымдары болды. Жылдан жылға өнерлеріміз байып, әр түрлілігі артып, көрермендерді таң қалдыруда. Ұжымдардың орындаушылық деңгейі мен сахналық мәдениеті де біршама жоғарылап, ұжымдар шыңдала түсуде, – дейді «Алтын дән» мәдениет орталығы директорының орынбасары Людмила Зазулина.

«Өнеріміз саған – Қазақстан» атты фестиваль халықтың жүрегіндегі патриоттық рухты оятып, ел мен жерге деген сүйіспеншілікті арттыратын ерекше іс-шара. Өйткені, әрбір орындаушы өз ауылын, өз өлкесін мақтанышпен таныстырып, туған елге арнаған өнерін халыққа паш етеді. Бұл мереке – халықтың мәдени мұрасының алтын арқауы, өнерпаздардың жыл бойы төккен терінің, салған еңбегінің шынайы бағасы.

Қазылар алқасы облыстың қалалары мен аудандарына барып, қатысушылардың өнерлерімен танысуды бастады. Костанай ауданы бұл жолы жетінші болып, жергілікті таланттарды бағалауға мүмкіндік алды. Фестивальдің жалғасы ретінде «Өнеріміз саған, Қазақстан» атты гала-концерті өтеді. Онда үздіктер өнер көрсетіп, нәтижелер жарияланатын болады.

Дильназ ИЗДЕЛЮЕВА,
суретті ұсынған кейіпкер


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77