Ұлы тұлғалар қалдырған бай мұра –ұлттың болашағы үшін баға жетпес құндылық.
Ал оны зерттеу мен зерделеу –өткенімізді ұмытпай, келешекке бағдар ұстаудың ең тиімді жолы. Келешек ұрпаққа мұра ету жолында, мәдени жазбалар мен құнды жәдігерлер зерттелді.
Қостанайда биыл Домбыра күні аясында облыстық домбырашылар байқауымен қатар, алғаш рет «Тобыл–Торғай өңірінің музыкалық мұрасы: кеше–бүгін–ертең» атты республикалық ғылыми конференция өткізу жоспарланып отыр. Бұл конференция –өңірдің бай музыкалық мұрасын зерттеп, оны кеңінен таныстыруды мақсат ететін ауқымды ғылыми–мәдени іс–шара болмақ.
Конференцияға дайындық жұмыстары басталып, бірқатар зерттеушілер мен өнер қайраткерлері жұмылдырылды. Атап айтқанда, фольклорлық ғылыми–зерттеу зертханасының басшысы Бағлан Бәбіжанмен келісім жасалып, Тобыл–Торғай өңірінен шыққан әйгілі тұлғалардың музыкалық мұрасын зерттеу қолға алынды. Олардың қатарында ақын, әнші–композитор Нұржан Наушабайұлы, қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы Ахмет Байтұрсынұлы, ақын–жырау Нұрхан Ахметбеков және қазақтың ұлы жазушысы әрі қоғам қайраткері Міржақып Дулатов бар.
Қостанай облыстық халық шығармашылығы орталығының қызметкері, өнер зерттеушісі Мұрат Нағашыбай арнайы сапармен Алматыға барып, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының архивтерін ақтарды. Бұл сапардың нәтижесінде бұрын-соңды жарық көрмеген құнды деректер, ескі ноталар, архивтік жазбалар, таспаға түсірілген көне мұралар табылып, Қостанайға жеткізілді. Мұрат Нағашыбайдың айтуынша, зерттеу жұмысы өте ауқымды және маңызды.
– Алматыға барған мақсатымыз – Құрманғазы атындағы консерваторияның зертханасында сақталған құнды жазбаларды зерттеу. Сол жерден біздің жерлесіміз, атақты ақын әрі композитор Нұржан Наушабайұлының таспаға түскен әндерін таптық. Бұл жазбаларды кезінде белгілі өнер зерттеушісі Сыздық Әбілғазин жинақтап, 2000 жылдары консерватория архивіне тапсырған екен. Оның орындауындағы әндерден бөлек, нотаға түсірілген нұсқаларын, басқа да өнер иелерінің орындаған жазбаларын қолға түсірдік, – дейді ол.
Сондай–ақ, зерттеу барысында ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жырау Алмас Алматов, белгілі әнші, дәстүрлі музыка жанашыры Айгүл Қосановамен кездесіп, мол мағлұмат алынды.
– Бұл жинақталған деректер қазақ музыкалық мұрасының маңызды бөлігі. Біз оны келешек ұрпаққа жеткізу үшін жүйелі түрде зерттеп, арнайы сақтауды жоспарлап отырмыз. Осы мақсатта Қостанай облыстық халық шығармашылығы орталығы жанынан фольклорлық зертхана ашу мәселесі қарастырылып жатыр. Алдағы уақытта зертхананың ашылатыны туралы қосымша хабарлайтын боламыз, – деп атап өтті Мұрат Нағашыбай.
Дильназ ИЗДЕЛЮЕВА,
суреттерді ұсынған кейіпкер
- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- РњРѕР№ Р В Р’В Р РЋРЎв„ўР В Р’В Р РЋРІР‚ВВВВВВВВРЎР‚
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77