Біздің Қостанай

Көп еңбек еткенге бақыт басын иеді

Өз ісінің майталманы Бақыт Құсайынова көпке үлгі

Еңбекқорлық – адам бойындағы ең асыл қасиеттердің бірі. Өкінішке орай, еңбексүйгіштік қасиет көпшілікке бірдей берілмеген. Қазіргі кезде жеңіл жолмен, біреуді алдап, арбап табыс табудың жолын іздейтіндер көп кездеседі.

Еңбексүйгіш жан ешкімді алдамай өзінің адал еңбегімен нанын тауып, қай ортада болмасын сый-құрметке бөленіп жататынының куәсі болып жүрміз.

Менің бүгінгі кейіпкерім 18 жасында қаламыздағы «Большевичка» фабрикасына тігінші болып жұмысқа орналасып, бүгінде жасы 53-ке келіп отырған Бақыт Құсайынова.

Бір жерде көп жыл қатарынан тапжылмай жұмыс істеу біреуге үйреншікті болса, кейбіреулер үшін мүмкін емес болып көрінетін шығар.

Бүгінде фабриканың білікті маманына айналған Бақыт Хамзақызы Алтынсарин ауданына қарасты Қызылағаш ауылында дүниеге келген. Мектепті отбасының көшуіне байланысты Қостанай қаласында тәмамдаған. Осында мектеп бітіріп, «Большевичка» фабрикасына 18 жасында 1986 жылы жұмысқа орналасады.

Жалпы, ол тігіншілік мамандығын еш жерде оқымаған. Оның анасы Мүгілсім тігінші. Бақыт апамыз тігіннің қыр-сырын бала кезінен анасынан үйреніп өседі. Ең алғаш рет оюлап көрпе тіккені күні кешегідей көз алдында.

– Анам тігінші болды. Ауылда туыс-туған, таныс, көрші-маңай біздің үйге келіп анамнан көрпе, жастық, дорба, шабадан және басқа да тұрмысқа қажетті дүниелерді тігіп беруін өтініп жататын. Анам ешкімнің бетін қайтармайтын. Біз сегіз ағайындымыз. Анам біздің тамағымызды беріп, үйдің шаруасын бір жақты қылған соң, тігін машинасына отыратын. Оның қолынан шыққан дүниелер өте әдемі, еріксіз көздің жауын алады. Мен де осы тігіншілікке бала кезден қызықтым. Анам тігін машинасын қолына алса болды, мен қасына отыра қалып, қолымнан келгенше көмектесетінмін. Кейін өзім де тігуді үйреніп алдым. Міне, сол бала кезден үйренген ісіммен әлі күнге дейін айналысып келемін, – дейді Бақыт апа.

Иә, бар ынтамен бір нәрсеге ден қойсаңыз соны меңгеріп шығу қиын емес әрине. Қазір Бақыт Хамзақызы да көп жылдар қатарынан үйінде қыздың жасауын, қазақы кәделерге қолданылатын той, құда-құдағи дорбаларын, ою-өрнек пен бағалы тастармен безендірілген бойжеткендердің сәукелелерін, қамзолдарын, қазақы көйлектерін тігеді. Оны білетін жандар арнайы келіп, тапсырыс беріп те жатады. «Шебердің қолы ортақ» демекші, оның қолынан шыққан дүниелер көпшіліктің көңілінен шығып, әрдайым таңданысын тудырады.

Сондай-ақ ол фабрикада түрлі киімдерді тігетінін айтады. Мысалы, күртеше, шалбарларды түйме, зырғымасына дейін тігеді. Киім тігудің бар сырын осы жылдар ішінде еркін меңгерген Бақыт апа үшін тігіншілік оңай іс әрине. Өйткені, ол өз ісінің білгірі.

– Мен фабрикада киімдердің барлық түрін тігемін. Сапалы да әдемі етіп тігу біздің басты міндетіміз. Былтыр маған заманауи жаңа тігін машинасын берді. Онымен жұмыс істеу өте ыңғайлы, әрі тез. Киімді белгіленген уақытта жоғары сапады тігемін.

Сондай-ақ жұмыс барысында кейін келген жастарға да өз білгенімді үйретемін. Қасыма келіп, білмегенін сұраса, қуана жауап беремін. Біз енді бұл саланы бір кісідей меңгердік қой. Сондықтан жас мамандарға көмектесу, білмегендерін үйрету парызымыз деп білемін, – дейді ол.

Қолы икемді тігінші болу оңай іс емес. Ол да екінің біріне беріле бермейді. Кейбір инені қалай ұстайтынын білмейтін жандар да кездесіп жатады ғой. Ал тігіншілікпен қаншама жыл қатарынан айналысып, сол саланы толық меңгеріп шығудың өзі бір бақыт емес пе.

Еңбекқор да ашық жарқын бір көрген кісімен көптен бері таныс жандай тіл тауып кететін Бақыт апа аяулы жар, ардақты ана. 1993 жылы Әулиекөл ауданына қарасты Целинный совхозының тумасы Нұрлыхан Аңсағанұлымен шаңырақ көтеріп, Гүлдана, Жазира, Әділхан есімді балаларын дүниеге әкелді.

Гүлдана мен Әділхан бір-бір мамандық иелері атанып, еңбек етуде. Ал кенже қызы Жазира Қостанай педагогикалық колледжінде бастауыш сыныптарға ағылшын тілінен сабақ беретін мұғалімдік мамандығын меңгеріп жатыр. Ал отағасы Нұрлыхан болса, «Сарыарқаавтопром» ЖШС-де жұмыс істейді.

Бір отбасының ұйытқысы болып отырған Бақыт Хамзақызы әже болатын шақты да асыға күтуде. Болашақта немерелерін ертіп, сәні мен салтанаты келіскен шаһарымыздың көшелерінде серуендеуді армандайды. Немерелеріне тігін тігуді де үйретсем дейді.

Бар ғұмырын тігіншілікке арнағанына еш өкінбейді. Өйткені, тігін тігу оның сүйікті ісі. Күнделікті жұмысқа құлшына кірісіп, әр сәтін бағалайды. Фабрикадан алатын жалақысына да көңілі толады. Ең бастысы мұнда оның жас кезінен бері араласып, сарласып жүрген жақын құрбылары бар. Жұмыс істейтін ортаң көңілді болса, жұмысың да өнімді болады. Бір-біріне мейіріммен қарайтын фабриканың ұжымының ұйымшылдығы бір бөлек. Мұнда тігіншілердің әр күні шаттыққа толы. Олар бір-бірімен қауқылдасып, әңгімелесіп, жұмысты да тиісті дәрежеде орындап үлгіріп жатыр.

Үлкен «Большевичка» тігін фабрикасының жұмысы күнде осылайша қыз-қыз қайнап жатады. Онда жастайынан жұмысқа орналасып, зейнеткерлікке шықса да, еңбек етіп жүрген жандар қаншама. Міне, осындай жандар нағыз еңбек адамы деген атаққа лайық болса керек.

– Мен бақытымды қарапайым еңбектен тапқан жанмын. Қатардағы тігінші болып жұмыс істеп, бала-шаға тәрбиелеп өсірдім. Жұмысым өзіме қатты ұнайды. Қолымнан шыққан әр дүние менің көзіме ыстық көрінеді. Ешқашан жұмыс істеуден қашқан емеспін. Сондықтан да шағыр маған жұмысым тек қуаныш сыйлайды, – дейді Бақыт Хамзақызы.

«Еңбек бәрін жеңбек» дейді халқымыз. Адал еңбектің тек абырой әперетініне көзіміз жеткендей. Бақытын қарапайым жұмыстан тауып жүрген жандар қандай құрметке болса да лайықты емес пе.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77