События

Көп еңбек еткенге, бақыт басын иеді

Музей қызметкері Нәзима Қуанышбайқызы Құрмет грамотасына ие болды

Өңірімізде Астана күніне орай мәдениет саласында көп жылдар қатарынан еңбек етіп жүрген қызметкерлер марапатталды. Осындай құрметке ие болған жандардың ішінде облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкері Нәзима Оташева да бар.

Нәзима Қуанышбайқызы 2007 жылдан бері осы музейде еңбек етіп келеді. Туған жері Жамбыл облысы Мерке ауданы. Алматы қаласындағы Абай атындағы мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдаған соң, арнайы шақыртумен Қостанай шаһарындағы педагогикалық колледжіне оқытушы болып жұмысқа орналасады. Осылайша өңірімізде еңбек жолын бастап, білім ордасында көптеген жылдар қатарынан талмастан еңбек етеді.

Бүгінде білімді де тәжірибелі маман 2014 жылдан бастап, облыстық тарихи-өлкетану музейінде ғылыми-әдістемелік қымтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі болып қызметін жалғастыруда. 2018 жылы мәдениет қызметкерлерінің мерекесіне орай ұйымдастырылған республикалық «Рухани қазына-2018» байқауында «Үздік облыстық маңызы бар мемлекеттік музей қызметкері» номинациясының жеңімпазы атанды.

Нәзима Қуанышбайқызының марапатқа ие болғанын естіп, өзіне хабарласқанымызда, ол:

– Қостанай облысы әкімінің Құрмет грамотасына ие болып отырмын. Әрине, еңбегімнің еленіп жатқанына өте қуаныштымын. Мені осындай құрметке лайықты деп таныған жандарға үлкен алғысымды білдіремін, – деді.

«Көп еңбек еткенге, бақыт басын иеді» демекші, еңбегінің жемісін қөріп, марапатқа ие болып отырған Нәзима Қуанышбайқызын біз де шын жүректен құттықтаймыз, отбасына бақ-береке, қызметіне толағай табыс тілейміз.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77