Театр – өнердің ең көне түрлерінің бірі. Онда әрбір қойылым көрермен мен актерлер арасындағы ерекше байланыс арқылы жүзеге асады.
Қойылым барысында актерлер сахнада өздерінің кәсіби шеберлігін көрсетіп, әр көрерменнің жүрегіне жол табуға тырысады. Ал көрермендер актерлердің еңбегін бағалап, ризашылықтарын әртүрлі жолдармен білдіріп жатады. Мұндай дәстүрдің бір түрі – сахна сыйы немесе сахна құрметі. Бұрыннан келе жатқан бұл дәстүр театрда да бар. Ақындарға, жыршыларға, өнер адамдарына ерекше ықылас білдірі үшін сый-сыяпат ұсынылатын. Қазір бұл сирек кездессе де, театр актерлеріне беріліп жатады.
Сахна сыйы – бұл театр қойылымы аяқталғаннан кейін көрермендердің актерлерге алғыс ретінде беретін сыйлығы. Әдетте, бұл гүл шоқтары немесе кішігірім кәдесыйлар болады. Гүл шоқтарын беру дәстүрі театр өнерінің ажырамас бөлігіне айналған. Әсіресе, премьералық қойылымдардан кейін, көрермендер актерлерге ризашылықтарын білдіру үшін ерекше ықылас танытады.
Дегенмен,кейде бұл сыйлықтар ерекше әрі тосын болатыны бар. Мысалы, Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрында көрермендерден келген күтпеген сыйлықтар туралы әңгімелер жиі айтылады. Бірде бір көрермен спектакльден алған әсері соншалық, алғыс ретінде актерге алтын сақина сыйлаған. Ал жақында ғана бір көрермен өз ризашылығын білдіру үшін қолындағы білезігін сахнада ұсынған. Мұндай ерекше сыйлықтар актерлердің шеберлігін бағалап, олардың жүрегіне қуаныш сыйлайды.
Сахна сыйының мәні мен маңызы
Сахна сыйы – бұл тек алғыс қана емес, көрермендердің қойылымға деген сүйіспеншілігінің көрінісі. Әрбір актер үшін көрерменнің шынайы ықыласы мен қол шапалағы маңызды болса да, арнайы сыйлықтар олардың еңбегінің бағаланғанын білдіреді.
– Мұндай кәдесылар көбінесе қыз балаларға беріледі. Бізге көбінде алғыс айтып, ойынымызға таңданып жатады. Ал қыздарымыз гүл шоқтарға, сыйлықтарға ие болып, қуанып жатады, – дейді актер.
Театрдың ұзақ тарихында мұндай сыйлықтар дәстүрлі қалыпқа еніп, өнер мен көрермен арасындағы байланыс нықтала түскен. Гүл шоқтары, кәдесыйлар немесе басқа да сыйлықтар арқылы көрермендер тек алғыстарын білдіріп қана қоймай, актерлерге шабыт береді.
Омаров атындағы қазақ драма театрының актерлерінің айтуынша, сахна сыйын алу – бұл әртістер үшін ерекше құрмет.
– Мағжан Жұмабаевтің «Шолпанның күнәсі» спектакілімен біраз жерлерге бардық, бірақ фестивальдерге қатыстық, өзіміздің қаламызда да сұранысқа ие қойылымдардың бірі. Режиссері Батырбек Шамбетов. Осы спектакльмен Пермь қаласында өткен фестивальде бас жүлде алып келдік. Сол спектакль өзіміздің сахнамызда қойылып жатқанда, алтын жүзікті Жамбыл облысынан жұмыспен келген мұғалімдер қойылымды көріп, таңғалып соңында бірі қолындағы сақинаны шешіп актрисамызға берген. Пермь қаласында өткен фестивальде де әділ-қазы алқаларының бірі төсіндегі брошьканы шешіп берген болатын. Бұдан бөлек гүл шоқтары ғана емес, тәттілер немесе үйде жасалған кәдесыйлар да сыйлайды. Мұндай сыйлықтар біз үшін ерекше ыстық. Олар бізге шабыт беріп, жаңа рөлдерді жоғары деңгейде ойнауға күш береді, – дейді театр актерлерінің бірі Қымбат Сырбайқызы.
Театрдың басты байлығы – оның көрермендері. Омаров атындағы театр қызметкерлерінің айтуынша, қазіргі кезде көрермендердің негізгі бөлігін орта және үлкен жастағы адамдар құрайды. Олар үшін театр – демалыс пен рухани байлықтың қайнар көзі.
– Бұрын театрға жастар көп келетін. Олар қойылым соңында жақындап, сұрақтар қойып, актерлермен кездесу жасауды ұйымдастыруды сұрайтын. Қазір олардың қатары сирек болғанымен, бәрібір жастар театрды жақсы көреді. Біз оларға қызықты болатын қойылымдарды ұсынып, олардың көңілін табуға тырысамыз. Осыдан 1-2 жыл бұрын спектакльден кейін жедел жәрдем шақырған едік, ол жерде көрермен жүрегіне қатты алып, жылап, тоқтай алмай қалды, – дейді театр актері Бақытжан Танатқанұлы.
Бұл дегеніміз актердердің көрермен жүрегінен орын ала білуінде.
Сонымен қатар, театрға алғаш рет келетін адамдар үшін сахна сыйы ерекше әсер қалдыруы мүмкін. Олар актерлердің өнеріне тәнті болып, алғыс ретінде гүл немесе басқа сыйлық алып келеді. Бұл театр мәдениетінің сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуына ықпал етеді.
Театр мен көрерменнің байланысы
Театр – бұл тек өнер ордасы ғана емес, рухани дамудың бір бөлігі. Әрбір қойылым арқылы адамдар өздерін, қоршаған ортаны тереңірек түсініп, жаңа эмоцияларға бөленеді. Ал сахнада жанын салып өнер көрсететін актерлер үшін көрерменнің ықыласы өте маңызды.
– Біздің театрымыздың тұрақты көрермендері көп. Олардың бірі Нұрмақан деген жігіт. Осы 2000 жылдардан бастап әр жаңа қойылымға отбасымен, балаларымен, жолдастарымен келіп жатады. Оған арнайы шақырту берсек те, ол оны қабылдамай актерлердің билетті әрқашан сатып алады. Оған қоса «Алжир», «Өтелмеген парыз», «Бір түп алма» сияқты қойылымдарды бірнеше рет қарайтын көрермендер де бар. Түрін жаттап алғанбыз, – дейді актер.
Көрермендер тек алғыс білдірумен шектелмей, театр мәдениетін дамытудың негізгі қозғаушы күшіне айналып отыр. Қойылымдардан алған әсері арқылы олар актерлердің жұмысына оң баға беріп, театр өнерінің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.
Театр мен көрермен арасындағы ерекше байланыс сахна сыйы арқылы нығая түседі. Бұл дәстүр театр өнерінің рухани құндылықтарын сақтап, оның маңыздылығын одан әрі арттыруға ықпал етеді.
Айта кету керек, биыл театрға 25 жыл толып отыр. Өз көрермендерін түрлі жанрдағы спектакльдермен қуантып отырған бұл өнер ордасының туған күні. Бұрын қазіргі «Мирас» мәдениет орнында болған сол уақытта педагогикалық колледж студенттері, жоғарғы оқу орын студенттері көп келетін. Алайда, қазір жастар тарапынан театрға ондай қызығушылық жоқ.Дегенмен де, келетін жастар жоқ емес, бар.
– Көрермендердің көбі қойылымның бағасы неге төмен деген сұрақ қояды. Одан да қымбат болу керек, бұл өте арзан деп жатады.Олар өнерімізді осылай бағалап жатқандығы қуантады. Өйткені біздің басты мақсатымыз көрерменге түпкі ойды дұрыс жеткізе алу. Оған эмоция сыйлау. Әрине, әр жанрдың өзінің сүйікті көрермені бар, біз арасында комедия көрсетіп, өмірде басқа да мәселелері бар деп күлдіртіп, көңіл көтергіміз келеді, – дейді атриса Қымбат
Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрының тәжірибесі көрсеткендей, сахна сыйы актерлердің шабытына қанат бітіріп, олардың өнерге деген сүйіспеншілігін арттырады. Гүл шоқтары немесе басқа сыйлықтар арқылы көрермендер өз алғысын білдіріп, театрдың мәні мен маңызын одан әрі тереңдетеді. Театрға барып, өнердің шынайы сұлулығын сезіну – бұл әр адамның рухани баюының бір жолы. Ал сахна сыйы – осы сұлулықтың көрінісі әрі оған деген шексіз алғыстың символы.
Аяжан СЕРІК,
суретті ұсынған кейіпкер
және газет архивінен
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77