Біздің Қостанай Социум

Көрнекті ғалым, академик Аманжол Күзембайұлымен сыр-сұхбат

Бүгін әңгімемізге арқау болып отырған Аманжол Күзембайұлын күллі республика жұртшылығы жақсы біледі. Өйткені, ол саналы ғұмырын ғылым саласына арнап, дарынды шәкірттер тәрбиелеп келе жатқан көрнекті тұлға. Жақында ол сексеннің сеңгіріне көтерілді.

Сондықтан оған арнайы жолығып, өзімнің көкейімде жүрген бірқатар сауалдарымды қойған едім. Оның сонау балалық балдәурен шағынан бастап осы күнге дейінгі қалыптасу кезеңдері, алға қойған мақсат-мұраты жөнінде ашық сырластым.

Ата-ананың тағылымды тәрбиесі

– Аманжол Күзембайұлы, сіздің еліміздің басқа аймақтарын айтпағанның өзінде, осы өзіміздің киелі Қостанайдағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы өңірлік университетінде жемісті қызмет атқарғаныңызға едәуір уақыт болып қалды. Өзіңізбен талай алқалы жиындарда жүздесіп жүргенімізбен сұхбат құрудың сәті енді ғана келді.

– Айналайын-ау, келісті сұхбат аламын деген адам болса мен қашан да дайынмын ғой. Жалпы, қаламгер қауымын өте сыйлаймын. Ақын-жазушылардың арасында да достарым жеткілікті. Сол себептен сауалыңды қоя бер. Мен жауап беруге әзірмін.

– Байқауымша, сіз текті әулеттің ұрпағысыз. Әңгімемізді әріден бастағанымыз дұрыс шығар. Алдымен маған өзіңіз туып өскен қасиетті шаңырақ жайлы сыр шертсеңіз. Әке-шешеңіз туралы да білсек, олардың кейінгілер айтып жүретіндей кейбір ғибратты ғұмырлары жөнінде де тілге тиек етсеңіз.

– Ең алдымен әкем Күзембай жайында айтайын. Жалпы, біздің қазақ өз ұрпағына есім берер кезде ырымға ерекше сүйенген. Кез келген азаматтың атын алсақ, оның астарында үлкен мән-мазмұн жатады. Мысалы, ардақты әкем Күзембай сонау 1920 жылы кәдімгі күздегі қой қырқу кезінде дүниеге келіпті.

Асыл әжеміз дәл осы кезде босанып, өмірге шекесі торсықтай ұл әкелгендіктен оны Күзембай деп атапты. Мен 1991 жылға дейін атамның атында, яғни Әбілов болып жазылдым. Еліміз тәуелсіздік алып, мемлекетімізді әлем таныған соң, әкемнің атына көштім.

Әкем Күзембай дүниеден ерте өтті. 57 жас деген ер азамат үшін көп емес қой. Бұған кешегі Ұлы Отан соғысындағы алған ауыр жарақаттары мен кейінгі кездегі бастан кешкен қиындықтары да өзінің зардабын тигізбей қойған жоқ.

Ол кісінің небәрі жеті-ақ сыныптық білімі ғана болды. Бірақ сол шақта ақыл-парасаты, өмірден түйгені мол жанға осы білімнің өзі де жеткілікті еді. Өмірдің университетінен өткен қайсар тұлға дүниеден өткенше еңбек жолын кәдімгі қатардағы колхозшыдан бастап, есепшілік қызмет атқарды.
Әкемнің алдында бір-ақ мақсат тұратын. Ол шиеттей бала-шағасын ештеңеден тарықтырмай, зарықтырмай қатарға қосу еді. Әрине, елі мен халқына шексіз адалдық танытты. Қазір сол кездегі кейбір оқиғаларды еске алсам, ол қазіргі жастарға ертегідей көрінуі әбден мүмкін.

Өйткені, біз көп балалы отбасында тәрбиеленгендіктен бір-біріміздің киімімізді киіп өстік. Әйтеуір шешеміз тігіп берген дорбамызды мойнымызға асынып алып, мектепке баратынбыз. Оған намыстанбадық. Себебі, ол кезде халықтың әл-ауқаты да төмен-ді.

Әкем жайлы баяндаған соң, шешеме де тоқталғаным дұрыс қой. Анам Айтжанды Қостанай өңірінде білмейтіндер жоқтың қасы. Ол Социалистік Еңбек Ері, көрнекті мемлекет қайраткері Оразалы Қозыбаевтың туған қарындасы.

Шешем өте зерек-ті. Нағыз от ауызды, орақ тілді, өте өткір жан болатын. Сондықтан да ешкімнің беделі мен шен-шекпеніне қарамай шындықты кәдімгі қас батырларша бетке айтатын. Сонысынан да болар, кейбір замандастарын мысы басып, одан тайсалып тұратын.

Анамыз білімге өте құштар-ды. Сол кездегі облысқа тарайтын «Ленинский путь» және «Коммунизм таңы» газеттерін, республикамызға танымал «Білім және еңбек», «Мәдениет және тұрмыс» секілді журналдарды тұрақты түрде үйге жаздырып алатын.

Жалпы, біздің әулетіміздегі ұл мен қыздардың руханиятқа жақын болуына анамыздың да тікелей септігі тигендігін айтқаным орынды болар. Осынау қазір сағынышпен еске алатын аяулы жан оңашада өлең де жазатын. Оның туған-туыстарына, ұлдары мен қыздарының туған күндеріне арналған жыр шумақтары біздің үйімізде әлі күнге дейін ең құнды рухани дүние ретінде сақтаулы.

Шешеміз балаларының қызығын бір кісідей көрді. Өзімнің ғылым саласындағы қол жеткізген табыстарымды естігенде кәдімгі балаша қуанатын. Бұл біз үшін аса қымбатты жан 84 жасында дүниеден өтті. Ұрпақтарының бәрі де бұл кезде жетіліп қалған-ды.

Ғұмырлық серігім белгілі ғалым

– Әбеке, менің білуімше, сіздің елу жылдан астам бір шаңырақтың астында бақытты ғұмыр кешіп келе жатқан асыл жарыңыз Тамара апамыз да тарих ғылымдарының кандидаты, доцент. Ол да кезінде өзіңізбен бірге бір жоғары оқу орнында қызмет атқарды емес пе. Әңгіменің орайы келгенде соған да тоқтала кетсеңіз.

– Зиялы қауым өкілдері біздің әулетті ғылым қонған шаңырақ деп орынды айтатын сияқты. Оның өзіндік сыры да бар. Өйткені, әлгі сауалыңызда айтылғандай, менің бағым мен бақытым болып кездескен қазақтың осы ару қызы Тамара Қайыржанқызы Әлібек те белгілі ғалым. Ол да студенттерге дәріс берген ұлағатты ұстаз.

– Осы апамызбен қашан және қай жерде таныстыңыз? Соны да оқырмандардың білгені артық болмас?

– Алматы біздің замандастарымыз үшін өте ыстық әрі сұлу қала. Табиғаты көркем осы шаһар менің де өмірімде ерекше орын алады. Сол жастық шақтағы өзге қатарластарым секілді мен де арман қуып Алатаудың баурайындағы осы қалаға бағымды сынау үшін барған едім.

Сол кезде Ақмола облысы Атбасар қаласында туып-өскен бойжеткен Тамара да әлгі қалаға жоғары білім алу үшін келген екен. Шілденің шіліңгір айында жан-жақтан жиналған жастар бұрынғы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетіне емтихан тапсыруға жиналдық.

Жолымыз болып, мен де, Тамара да осы көптен бері арман еткен факультетке студент болып қабылдандық. Бәрі де сол шақтан басталды ғой. Мен де кәдімгі тепсе темір үзетін, қылшылдаған жігіт кезім. Тамара да сүйкімді әрі ажарлы бойжеткен болатын.

Сол студент кезде біз бұрынғы астанадағы Виноградов көшесі, 88-ші үйдегі №1 жатақханада тұратынбыз. Бастапқыда біз бір топта оқыдық. Содан танысып, достықтың соңы махаббатқа ұласты. Биыл отау құрғанымызға 57 жыл толды.

– Сіздердің қашан шаңырақ құрғандарыңызды білдік. Ғылымға, жалпы Қазақстан тарихын зерттеуге арнаған еңбегіңізге әлі тоқталамыз. Негізі, адамның ғұмырының жалғасы оның ұрпағы емес пе? Сондықтан маған балаларыңыз, немерелеріңіз жөнінде әңгімелесеңіз?

– Реті келгенде асыл жарым Тамараға шын жүректен шыққан шынайы алғысымды білдіргім келеді. Қанша дегенмен, тәрбие көрген қазақтың қызы ғой. Өзінен гөрі, мені әрқашан да жоғары қойды. Белгілі профессор, академик болып жүргенім бір жағы осы кісінің де тікелей қамқорлығы дер едім.
Өйткені ол да: “Мен де ғылым докторы болғым келеді” деп қарсылық білдіріп отырса, мен не істер едім? Әрине, оның да ғылымда өзіндік орны бар.

Бірақ әйел затына тән сыйластықты, адамгершілікті бәрінен де жоғары қойды. Отбасының бақытын шалқытты.

Екеуіміз үш ұл тәрбиеледік. Олардың бәрі де өмірден өз орындарын тапты. Тұңғышымыз Еркін – белгілі ғалым, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. Кезінде Қарағанды мемлекеттік университетін үздік дипломмен аяқтады. Қазір келініміз Эльмирамен бірге Астанада тұрады. Рүстем есімді балалары білікті ұстаз, магистратурада оқиды.

Ортаншы ұлымыз Абзал да әлгі аталған қаладағы жоғары оқу орнының экономика факультетін бітірді. Содан кейін білімін жетілдіру мақсатында Астанадағы Қазақ гуманитарлық заң академиясында оқыды. Бұл күндері Қарағанды қаласындағы зауытта басшылық қызмет атқарады. Оның жан жары, келініміз Айгүл негізі француз тілінің маманы.

Кенже баламыз Азат – Қостанай мемлекеттік университетінің Заң факультетінің түлегі. Біраз жылдар прокуратура саласында қызмет атқарып, мамандығын шыңдады. Қазір кәсіпкер. Осы ұлымыздың өмірлік серігі Индира да заңгер.

Бұлардың үш балалары бар. Тұңғыштары Әмір – технолог, жауапты қызметте. Ортаншы ұлы Темір, сүт кенжелері Адия. Бәрі де жастайынан білімге құштар болды.

Осы ғұмырымыздың жалғасы ұрпақтарымызға қарап, Тамара екеуміз Алла Тағалаға шүкіршілік етеміз. Өміріміздің мәнді де мағыналы өтіп келе жатқандығына тәубе дейміз. Үш ұлдан тараған жеті немереміз әулетіміздің мақтанышы. Солардың бесеуі заманға сай техникалық жоғары білім алған мамандар.

Ұлы тұлғаның ғибраты

– Сіздің ұлтымыздың біртуар перзенті академик Манаш Қозыбаевтың жиені екендігіңізді жұртшылықтың бәрі де біледі. Сөздің реті келгенде, осы қайталанбас тұлғаның тәлімгерлігі, өзіңізге жасаған қамқорлығы, азаматтық қырлары жөнінде де әңгімелесеңіз?

– Жалпы, Манаш аға менің ғалым болып қалыптасуыма өзінің септігін тигізді деп айтпасам, ешкім нанбас та еді. Ол кісі менің бойымдағы тарих ғылымына деген құштарлықты ерте байқаған соң, тұрақты түрде бағыт-бағдар беріп отырды.

Ұлы ғалым әрі нағашым өте қатал болатын. Маған да биік талаптар қойды. Көп оқуымды қадағалады. Жан-жақты азамат болуыма да тікелей ықпал етті. Өзі де аянбай еңбек етті. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ халқының тарихын жазуға көп тер төкті.

Ол кісі мейірімді еді. Тек туысқандарына ғана емес, болашағынан үлкен үміт күттіретін барлық жастарды туған жеріне, руына, ұлтына қарамастан жанашырлық танытып, қолтықтарынан демеді. Келешекте еліне пайдасын тигізер жігіттерді көре әрі тани білетін. Сондықтан да олардан уақытын аямады.

Нағашыммен үнемі ой бөлісіп, соңғы демі үзілгенше сырлас болдым. Оның інісі Әл-Фараби атындағы ұлттық университеттің журналистика факультетінің профессоры Сағымбай Қозыбаевпен әлі күнге дейін сыйласамын.

– Аманжол аға, осы уақытқа дейін қанша ғылыми еңбек жаздыңыз? Сондай-ақ бос уақытыңызда немен айналысасыз? Соны да түйіндеп айтып берудің орайы келген секілді.

– Менің ғылымда жүрген замандастарым өткен кезеңдерде „Не тындырдым? Халқыма не бердім? Ғылымға қандай жаңалық қостым?„ дегендей сауалдарға жауап іздейді. Өзімнің бұл орайда жұрт алдында ұялмайтындай азды-көпті шаруа тындырғаныма шүкіршілік деймін. Талай лауазымды қызметтерді атқардым. Марапаттарға ие болдым.

Екі ғылым докторы және бірнеше ғылым кандидаттарына жетекшілік еттім. Жазған ғылыми еңбектерім жетерлік. Оның ішінде оқулықтар мен монографиялар да аз емес. Кезінде мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековке хат жазып, колледждер мен мектептерге Қазақстан тарихының енуіне тікелей ықпалымды тигіздім.

Бос уақытымда жеке үйде тұрған соң бау-бақшада көкөніс өсірумен айналысамын. Кезінде орыстың домра примасында ойнадым. Еркін күрестен спорт шеберлігіне кандидат болдым.

Табиғат аясында қыдырғанды да жаным сүйеді. Қолым сәл босай қалса, рухани қазынаға ден қоямын. Кітаптар оқып, ой-өрісімді кеңейтіп, ғылыми еңбектер жазуға ерекше көңіл бөлемін.

Ғалым әрдайым ізденіс үстінде жүреді. Менің де арманым – тәуелсіз елдің нағыз тірегі боларлық саналы да білімге құштар жастарға сапалы білім беріп, олардың ұлтжанды азамат болып қалыптасуына лайықты үлесімді қосу. Осы бағытта аянбай еңбек ете беремін.

– Өзіңіздің халықтың арасында беделіңіз өте жоғары. Осы уақытқа дейін қанша ғылыми еңбек жаздыңыз. Соған қысқаша тоқталып өтсеңіз…

– Өткен жылдарға шолу жасап отырсам, 500-ге жуық ғылыми еңбек жазыппын. Елу екі кітабым баспалардан жарық көрді. Оның бәрі әріптестерім мен шәкірттеріме жақсы таныс. Алдағы уақытта да осы бағытта жұмыс істеймін.

– Әбеке, үстіміздегі жыл сіз үшін қуанышқа толы. Өйткені, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан мәртебелі «Құрмет» орденін алдыңыз. Бұл бәріміз үшін де мақтаныш.

– Иә, адал еңбек қашан да өз жемісін береді екен. Бұған өмірде менің көзім айқын жетті. Сіз айтқандай, көп жылғы ұстаздық және ғылым жолындағы төккен маңдай терім жоғары бағаланып, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталдым. Бұл мені қанаттандырып, бойыма тың күш-қуат беретіндігі даусыз.

Әңгімелескен
Оразалы ЖАҚСАНОВ,
Қазақ журналистикасының қайраткері
сурет отбасылық мұрағаттан алынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77