Біздің Қостанай Социум

Көше бойында орналасқан ғимараттардың бірі «Қазақстан» кинотеатры

«Қала көшелері» жобасының келесі шығарылымы – Гоголь атындағы көше жайында болмақ. Бұл көше – Қостанай қаласының ең көне және тарихи көшелерінің бірі. Ол қала тұрғындары мен қонақтары үшін ерекше маңызға ие және Шаһардың тарихы мен мәдениетінің айнасы іспеттес.

Көшенің атауы әйгілі орыс жазушысы Николай Васильевич Гогольдің құрметіне берілген. Гоголь – ХІХ ғасырдағы орыс әдебиетінің ең көрнекті өкілдерінің бірі, оның шығармалары әлем әдебиетінің алтын қорына енген. Көше алғаш рет Қостанай қаласының ерте құрылу кезеңінде пайда болып, уақыт өте келе қаланың орталық көшелерінің біріне айналды. Көптеген тарихи оқиғалар осы көшенің бойында өтті.

Бүгінде Гоголь көшесінде тарихи және заманауи ғимараттар қатар орналасқан. Оның бойында әкімшілік ғимараттар, мәдениет орталықтары, білім беру мекемелері және сауда орындары бар. Әсіресе, көше бойында орналасқан ғимараттар қаланың өткенін еске түсіреді. Солардың бірі – «Қазақстан» кинотеатры. Биыл оған 15 жыл толды. 2009 жылдың 7 наурызында аталмыш кинотеатр есігін айқара ашты. Ашылуында сол кездегі облыс әкімі Сергей Кулагин болды. 18×7 метр өлшеміндегі экранда «Любовь в большом городе» фильмі көрсетілді.

Кинотеатр заманауи жабдықтармен қамтылған болатын. Еліміздегі ең үлкен күміс экран сол жерде болды. Қазір одан үлкен экрандар Алматы мен Астанада пайда болды. Бірақ бұл жаңа ойын-сауық орнының ғимараты 1961 жылы салынған. Ол кезде ғимарат «Қазақстанның 40 жылдығы» деп аталды және ішінде де кинотеатр болған. Бұл кинотеатрда тек бір зал бар, күніне 8-10 сеанс өткізіледі. Зал 14 қатарлы, 406 орынға арналған.

– Мен басшылық қызметке 2023 жылдың маусым айында кірістім, – дейді Татьяна Николаевна. – Бұрын киноға жиі баратынмын, маған бұл жердің атмосферасы ұнайтын. Кинотеатр директоры боламын деп ешқашан ойлаған емеспін. Негізінде мен басқа кәсіби саладанмын.

Алдыңғы басшы Светлана Салтыкова бұл қызметті 14 жыл атқарды, қазір ол зейнетке шықты. Қызметкерлердің айтуынша, ол әлі де кинотеатрдың премьераларына келіп, оның тағдырына қызығушылық танытады. Светлана Сергеевна демеушілік көрсетілімдер ұйымдастырып, балаларды кино көруге шақырып, бар жан-тәнін жұмысқа арнады. Бұған оның көптеген марапаттары – алғыс хаттар мен дипломдар дәлел.

Қостанай облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Мүгедектерге арналған Қостанай облыстық оңалту орталығы» КММ бұрын «Дружба» профилакториумы болған ғимаратта 10 жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеп келеді.
Қазіргі уақытта Гоголь көшесі – қаланың мәдени және әлеуметтік өмірінің маңызды орталығы. Бұл көше қала тұрғындарының серуендейтін және жұмысқа баратын жері болып табылады. Сонымен қатар, орталық саябақ та осы көшенің бойында орналасқан. Тұрғындар Гоголь көшесін жақсы көреді. Олар бұл көшені жайлы әрі тыныш деп санайды.

– Жақын маңайда барлық қажетті инфрақұрылымдар бар, сондықтан тұрғындарға күнделікті қажеттіліктерін өтеу өте қолайлы. Гоголь көшесі Қостанай қаласының дамуы мен өсуінің айқын дәлелі және оның тарихын сақтап, болашаққа жеткізіп отырған көшелердің бірі, – дейді Татьяна Владимировна.

Аяжан СЕРІК,
суреттерді түсірген Александр ФУРМАН


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77