Біздің Қостанай Социум

Көшеге есімі берілген еңбек ері – Камшат Дөненбаева

Бұрын 61 жыл бойы Авиационая көшесі деп аталған

«Қала көшелері» жобасының келесі нысанасында – Камшат Дөненбаева көшесі. 1957 жылдың 25 желтоқсанында бұрынғы Қостанай әуежайы аумағында орналасқан көше Авиационная деп аталды.

61 жыл өткен соң, 2018 жылдың сәуірінде бұл көшеге көрнекті еңбек ері, Қазақстанның алғашқы тракторшы әйелі Камшат Дөненбаева есімі берілді.

Камшат Байғазықызы Дөненбаева 1943 жылдың 15 қыркүйегінде бұрынғы Ленин ауданындағы Ленинское ауылында дүниеге келген. Ол еңбек жолын небәрі 14 жасында Демьянов элеваторында бастап, 18 жасында тракторды меңгеріп, осы кәсіппен өмір бойы айналысты. Жыл сайын жоспарды 150, тіпті 200 пайызға асыра орындап отырды.

Харьков кеңшарында «Беларусь» дөңгелекті тракторында алғаш рет еңбек рекордтарын орната бастады. Оның сол кездегі әріптесі, агроном Сайран Бұқанов Камшат Дөненбаеваның еңбекқорлығын ерекше еске алады.

– Камшат «Кировец» тракторында ер азаматтармен қатар жұмыс істеді. Тоғыз трактористің арасында жалғыз әйел болды. Таңнан кешке дейін далада еңбек етіп, кейін кешке хаттарға жауап жазатын. Оған сол кезде мешкелеп хаттар келетін. Оның аты бүкіл елге танымал еді, – дейді Сайран Бұқанов. – 90-жылдардың соңында оған ауылдық кеңес төрайымы немесе инженер қызметін ұсынды. Бірақ Камшат апай бұл ұсыныстардан бас тартып: «Мен өмір бойы тракторда жұмыс істедім, зейнетке де трактордан шығамын», – деп жауап берген еді.

Камшат Байғазықызы тек еңбекпен ғана шектелмей, төрт баланы тәрбиелеп өсірді. 32 жыл бойы тракторда жұмыс істеген ол зейнетке шыққаннан кейін де өмірін отбасына арнап, 16 немересі мен екі шөбересіне тәлім-тәрбие берді.

2017 жылы Камшат Байғазықызы дүниеден озды. Бірақ оның есімі өшпеске айналды. Оның құрметіне көше атауы берілді, Жастар сарайының жанында бюст орнатылды, ал Абай даңғылындағы бір үйдің қабырғасына үлкен портреті – мурал салынды.

Камшат Дөненбаева көшесінің бүгіні

Қазіргі таңда Камшат Дөненбаева көшесі Қостанай қаласының маңызды аймақтарының бірі саналады. Бұл көше Қостанайдың бірінші және екінші бөліктерін байланыстырып, қала тұрғындарының қарқынды өмірінің бір бөлігіне айналған.

Көшеде тұрғындарға және қонақтарға қызмет көрсететін бірнеше маңызды нысан орналасқан. Әсіресе, бұл жерде той-томалақ өткізуге арналған мейрамханалар ерекше танымал. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұл көшеде орналасқан мейрамханалар үлкен іс-шараларды ұйымдастыруға өте қолайлы.

Қала тұрғындары көшенің Камшат Дөненбаева атымен аталатынын мақтанышпен айтып, оны еңбекқорлық пен адалдықтың символы ретінде көреді. Зейнеткер Ұлмекен Жақсылыққызы өз ойын былай жеткізді:

– Камшат апай – қазақ әйелдерінің еңбекқорлығы мен батылдығының жарқын үлгісі. Осындай көшелердің атауы біздің тарихымызды ұрпақтарға жеткізудің бір жолы деп санаймын.

Ал жас педагог Әділхан Тұрсынов былай дейді:

– Камшат апайдың өмірі бізге ерекше жігер береді. Ол тек өз кәсібінің шебері ғана емес, отбасына да қамқор болған. Біз жастар мұндай жандардың еңбегін ұмытпауымыз керек.

Көшеге осындай «сөйлейтін» атаулар беру – өткенімізді, халқымыздың мақтаныштарын есте сақтаудың керемет тәсілі. Камшат Дөненбаева көшесі – тек еңбек ерінің аты ғана емес, Қостанай қаласының дамуының, тұрғындардың мақтанышының бір бөлігі.

Дегенмен де бір жағымсыз жағы бұл жастардың ол кісі жайында білмеуі. Біз осы «Қала көшелері» жобамызды жасап жатқаннан бері жастардың көше атауларына назар бөлмейтінін байқадық.

Аяжан СЕРІК,
суреттерді түсірген Лариса БОЖКО


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77