Біздің Қостанай

Қазақты ашындырған қымбатшылық

Күнкөрісі төмендеген жұртшылықтың шарасы таусылып, наразылықтарын білдіруі түсінікті жағдай

«Біз қазақ мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз» десекте, қазақ намысты қолдан бермеген, жаудан беті қайтпаған батыр ұлт екенін ұмытпаған жөн. Қазақ «сабыр түбі сары алтын» деп әрдайым әліптің артын бағып, жан-жақты ойналып шешім қабылдап отырған халық. Бірақ шыдамның да шегі бар деп, айтатын жерінде айтып, мінді бетке басатын мінезі де жетерлік. Қазақтан батырда, алып та, ақын да, ғалым да, әлем мойындаған Абайдай данышпан да туды емес пе. Осындай халықты басқарып, бір арнаға түйістіру оңай шаруа емес.

Ата-баба аңсаған Тәуелсіздікте қазақ міне 30 жыл ғұмыр кешті. Еліміз бір тұрып, бір жығылып, көшке ілесті. «Көш жүре түзеледі» деп халық еліміздегі барлық бастаманы қолдады, болашаққа үлкен үмітпен қарады. Әрине, 30 жыл көп уақыт емес, бірақ бірнеше істі тындыруға жетерлік уақыт.

Өткен жылы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өткен қазақ, биыл осы Тәуелсіз елде жүріп жатқан қисық саясатқа қарсылық білдірді. Өйткені, елдегі қымбатшылықтан шаршаған халықтың шыдамы таусылды.

Жасыратыны жоқ, елімізде не нәрсенің болсын бағасы көкке ұшып, жалақы бір орында қала берді. Осының салдарынан күнкөрісі төмен отбасылар пайда болды. Қоғамда әлеуметтік аз қамтылған, күнкөрісі төмен отбасы деген термин кеңінен қолданылып, қалталы азаматтар осындай жандарға көмектесуді қолға алды. Ал егер, Қазақстанның халқының жағдайы жақсы болса, қоғамда күнкөрісі төмен деген отбасылар болмас еді. Қалай да болса, бұл бүгінгі қоғамның шындығы, шынайы бет бейнесі.

Қаңтардың қытымыр аязына қарамастан орталық алаңға шығып, билікке өз наразылығын білдіру мақсатында бейбіт көтеріліс жасаған халық еліміздің барлық өңірлерінде бас көтерді. Бәрінің де наразылығын тудырған, ол еліміздегі қымбатшылық.

Мемлекетіміздің түкпір-түкпірінде орын алған халықтың наразылығы біздің өңірімізде де көрініс тапты. Қаңтардың 4-і күні облыс әкімдігінің алдына бір топ қостанайлық жиналды. Билікке деген наразылығын жеткізуге келді. Ашынған халықтың қала орталығына жиналатын реті де бар. Соңғы уақыт өңірімізде азық-түлік, коммуналдық қызмет, жанар-жағармай бағасы шарықтап кетті. Одан басқа да дүниелердің бағасы да удай. Бір отағасының табысына қарап отырған отбасылардың қымбатшылықтың ащы дәмін сезінгені де сөзсіз.

Қостанай халқы қымбатшылықтан шаршады, ашынды, сөйтіп орталыққа шығып, облыс әкімімен тілдесуді ұйғарды. Осы мақсатпен облыстық әкімдіктің алдына келді. Жиналған жұртты әрине, әкімнен бұрын, полиция қызметкерлері қарсы алды. Одан кейін олардың алдына қала әкімі Қайрат Ахметов шықты. Сонда да халық облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтың шығып, халықтың талабын тыңдауын талап етті. Сондағы халықтың өзегін өртеген мәселе, астықты өлкеде нанның бағасының күн сайын көтерілуі, күнкөріс үшін маңызды судың, жылудың, көгілдір отынның бағасының қымбаттауы, жанар-жағармайдың бағасының жоғарылығы. Ал алатын жалақыларының көбеймей бір қалыпта қалғаны.

Міне, осындай мәселерді көтерген халық облыстық әкімдіктің алдында топтасты. «Газет – халықтың көзі, құлағы, һәм тілі» деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, сол кезде «Біздің Қостанай» газетінің де тілшілері осы жиналған топтың қалауы не екенін білу мақсатында халықтың жанынан табылған болатын.

Осы топтың арасында өнегелі сөз айтып, жергілікті халықты сабырға шақырып, ұлағатты ойларын ортаға салған өңіріміздегі өнердің қара шаңырағы І.Омаров атындағы қазақ драма театрының әртісі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері  Қонысбек Бекайдаровты көзіміз шалған еді. Кейін қаламызда көтеріліс тоқтап, жағдай қалыпқа келе бастаған кезде Қонысбек Бірмәнұлымен арнайы жолығып, сол Қостанай халқы көтерілген күннің жай-жапсарын сұрап білген едік.

-Мен жерлестерімнің билікке наразылығын білдіру мақсатындағы көтерілісіне өзімнің ақылымды айтып, жиналған жастарды сабырға шақыруға бардым. Орталықта бір топтың жиналып, облыс әкімінің шыққанын талап етіп жатыр дегенде, сол жерге жедел жеттім. Барсам адам қарасы көп екен. Бір-бірімен шүйіркелесіп тұрған жастар. Әрине, өңірімізде соңғы жылдары қымбатшылық белең алып, өмір сүру қиындап кеткені жасырын емес. Сонымен қатар Қостанай облысының жалақысы да мардымсыз. Міне, осының бәрі жастардың жан-жақты қиналуына алып келіп жатыр. Бұл жағдайды мен жақсы түсінемін.

Сөйтіп, сол күні орталыққа келіп, жиналған бір топтың шетіне тұрдым да «Ей, жігіттер»  дедім даусымды шығарыңқырап, бәрі бірден жалт бұрылды да, «О, аға ортамызға келіңізші, ойыңызды айтыңызшы, билікке біздің наразылығымызды жеткізіңізші» деді. Өздері кейін шегініп, мені орталарына алып, орталыққа жиналған себептерін айтты. Көбісі облысымыздағы азық-түліктің, жанар-жағармайдың, тұрғын үйдің қымбат екенін алға тартты. Кейбіреуі «сырттан әкелінбейтін, өзімізде өсетін бидайдан жасалатын  нанның күн сайын қымбаттап бара жатқанын қалай түсінеміз. Осы жағдайлардың себебін білгіміз келеді. Жалғыз біздің табысымыз ештеңеге жетпейді. Жалақымыз аз, ал азық-түлік, коммуналдық қызмет қымбат, бала-шаға асырау қиындап барады» деп мұңдарын шақты.

Бүгін біз бұл жерден облыстық әкіммен тілдеспей қайтпаймыз. Барлық наразылығымызда айтамыз, талабымызды қоямыз деді. Арасында біреулері «облыстық әкімдікті бұзып кірейік, наразылығымызды осылай көрсетейік. Жолды жауып тастайық»  деп бастама көтеріп жатты. Осыны естіп мен үндемей тұра алмадым да, «Жігіттер сендер ен далада көкбөрідей еркін өскен Баһадүр сынды батырлардың, дана билердің ұрпағысыңдар. Қазақ ер мінезді, бір сөзді, намысты да батыл халық. Мұндай ұлы халыққа  ит сияқты үру жат нәрсе. Сондықтан өздеріңнің тектіліктеріңді танытыңдар, өздеріңді сабырлы ұстаңдар. Наразылықтарыңды сауатты жеткізіңдер. Облыс әкімінің келгенін талап етсеңдер, оның орталарыңа шығуын күтіңдер, наразылықтарыңды толық та түсінікті жеткізіңдер. Бұзақылыққа жол бермеңдер» дедім.  Сол жерде тұрған қалың көпшілік мені бірден қолдайтындарын жеткізіп, толық келісетіндерін танытты.

Олардың талабына сай облыс әкімі Архимед Бегежанұлы халыққа келді. Жиналған топ оған өздерінің наразылықтарын жеткізіп, талаптарын жан-жақтан айқайлап айта бастады. Сол кезде қала орталығында үлкен шу орнады. Облыс әкімі тек Президенттің сөзіне сүйеніп қана сөз сөйледі. Оның сөздері топтың шетінде, алшақтау тұрған маған толық естілмеді. Өңір басшысынан тұщымды да тұжырымды  жауап  алмаған халық  тарай қоймады. Уақыт өткен сайын наразы топтың қатары көбейе бастады.

Мен осыдан кейін  үйге күнделікті дәрі-дәрмегімді ішуге кетіп, тек кешкі 18:00-де ғана орталыққа қайтып келдім. Орталықта көтерілген халықтың жағдайын білгім келді. Жастарды сабырға шақыруды ойладым. Келсем орталық у-шу болып жатыр екен. Манағы мен сөйлескен топтың үстіне, облыстық әкімдіктің келесі жағынан басқа бір топ қосылып, наразылық шарасы үдей түскенінің куәсі болдым. Ондағы жігіттер мен көрінбей кеткенде мені полиция ұстап алып, қамап тастады деп ойлаған екен. Сондықтан олар тәртіп сақшыларынан мені босатуларын талап етіпті. Менің сол жерде жүргенімді көріп, «о, аға, біз сізді тәртіп сақшылары апарып қамап тастады ма деп ойлып қалдық» деп мені көргендеріне қуанышты екендерін жеткізді. Орталыққа жиналған жас жігіттердің ойында қаламызды қирату, бұзу деген ой мүлдем болған жоқ. Олар тек бейбіт митингке шығып, қымбатшылыққа байланысты жергілікті билікке өздерінің наразылықтарын танытуды көздеді.

Бірақ өздеріңіз біліп отырғандай бұл жағдайды тізгіндеу мүмкін болмай қалды. Наразы топтар ашық қарсылықтарын танытып, олардың көбін тәртіп сақшылары қамауға алды,- дейді сол сәтті еске алған  Қонысбек Бірмәнұлы.

Елімізде орын алған жаппай халықтың көтерілісінің аяғы қайғылы оқиғаларға әкеліп соқты. Өкінішке орай, халықтың наразылық білдіріп бас көтеруін арамызда жүрген лаңкестер өз пайдасына шешіп кетті. Алматы сынды алып шаһарда осындай арам пиғылды жандардың қолынан бейбіт халық қаза тауып, қаншама отбасы қара жамылды. Қаншама жас та, жалынды тәртіп сақшыларының өмірі қыршыннан қиылды. Халықтың көкейінде үрей орнады. Еліміздің болашағына алаңдап, ойлары сан-саққа жүгіріп, жандары тыныштық таппады. Осы орайда, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолауын жолдап, үреймен өмір сүріп жатқан халықтың көкейіне келешекке деген сенім орнатты. Өмірге деген құлшыныс сыйлады.

Елдің тыныштығы – халықтың басты бақыты болса керек. Қаншама соғысты, ашаршылықты бастан өткерген қазақ халқы бұл жағдайды да еңсеретініне сенімдіміз. Ең бастысы біздің күшіміз бірлікте екенін есте сақтайық.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77