Біздің Қостанай

Кәсібің – нәсібің: «Шебердің қолы ортақ»

Ұлттық нақыштағы сән үлгісін дамытушылардың бірі Дарина Нұрсұлтанова

Қолөнерге икемі барлар ерекше дүниелер жасауға қаухарлы. Сонымен қатар көпшілікке өздеріне жарасымды сән үлгісін жасап беруге асығады. Заманауи үлгідегі киімдері тігумен шұғылданып жүрген Дарина Нұрсұлтанова, бұл салаға кіші кезінен әуес екенін айтады.

– Кішкентай кезімде анам «Elle», «Cosmopolitan», «Harper`s Bazaar» сияқты түрлі сән журналдарын маған сатып алатын. Осы журналдардың барлығын ерте жастан қарап, әлемдік сән туралы оқи отырып, мен киім стильдерін, маталар мен олардың құрылымын түсіне бастадым. Сондай-ақ, мен өзімнің көзқарас шеберлігімді дамыттым. Қандай үлгі үйлесімді және өзекті болатынына көз жеткізе бастадым. Сән әлемін біле отырып, мен маталар мен түстер схемасын таңдап, әр бөлшектеріне назар аударып, сұлбалар сыза бастадым. Сол сәттен бастап осы қызмет саласына деген құштарлықты сезіндім. Ательені ашып, мен өзімнің шынайы арманыма кішкене қадам жасадым. Бұл тек бастамасы, – дейді шығармашылық ательенің иесі.

Өз кәсібін ашып, сүйікті ісімен айналысуды қолға алған Дарина, 2019 жылы «Бизнес Бастау» бағдарламасы бойынша Атамекен ҰКП-мен кеңесіп, оқуға өтінім береді. «Бизнес Бастау» бағдарламасының шарттары бойынша оқу кезінде жұмыс істеуге және оқуға болмайтын болғандықтан, тәуекелге бел буып, негізгі жұмысынан шығады. Осы бағдарламаның арқасында өзіне қажетті дүниені меңгергеннен кейін, ательінің бизнес-жоспарын жасап, оны сәтті қорғап шығады. Нәтижесінде ол қайтарымсыз қаржы алады.

– Осы бағдарламаны өту барысында мен үлкен мотивация алдым және өзіме нақты мақсат қойып, ештеңеге қарамастан жетістікке жету керек екенін түсіндім. Грант алғанға дейін мен өзіме жеке кәсіпкерлік ашқан болатынмын. 2019 жылдың қараша айында гранттық қаражатқа ательеге арналған заттар мен басқа да қажетті құрал-жабдықтарды сатып алдым. Кейін бірден жұмысқа кірістім. Өзім тігінші ретінде кәсіби білім алған жоқпын, бұл талант маған анамнан, ал анама әжемнен берілді. Анам әрқашан менің шығармашылыққа деген ұмтылысымды қолдады және осы уақытқа дейін барынша көмектесті, мен оған өте ризамын, – дейді еңбекқор жан.

Шығармашылық студия қостанайлықтарға күнделікті және мерекелік, үйлену тойына және қыз ұзатуға арналған көйлектер, маусымдық киімдер, төсек жапқыштары, перделер, тоқылған бұйымдар, қоржындар, зығыр мен мақтадан жасалған сәнді және экологиялық таза шопперларды ұсынады. Тұрғындар көбінесе киімдерін жөндеу, тігу немесе бөлшектер қосу үшін жиі жүгінеді екен. Сонымен қатар, қолөнершінің алтын қолдары ұлттық киімдерге арналған тәждер, диадемалар, ілгектер және басқа да декорацияларды жасайды.

– Мен тек тігумен ғана емес, қолөнермен де айналысамын. Сондай-ақ, мен сатып алушыларыма пішіннің ерекшеліктерін ескере отырып, стиль мен матаны таңдауға көмектесемін. Сондықтан да ателье шығармашылық болып табылады. Мен қызметтердің кең түрін ұсынамын. Айталық, кез-келген күрделі бұйымдарды тігу (күнделікті киім, кешкі және үйлену көйлектері, сыртқы киім), киім мен тоқыма бұйымдарын көтерме тігу, қазақтың ұлттық киімдері мен қолдан жасалған бұйымдар, қолдан жасалған аксессуарлар, киімге қолмен кесте тігу, декор элементтері және тағы басқалары. Сондай-ақ, мен денсаулығына немесе отбасылық жағдайына байланысты келе алмайтын сатып алушыларға өзім үйлеріне барамын, – дейді тігін өнерінің маманы.

Тігін бизнесі – ұлттық экономика үшін басым бағыт. Даринаны алға бір мақсат қана жетелейді, ол әйелдер әдемі ғана емес, сапалы да киінуі керек. Сол себептен де, оның басты тұтынушылары – әдемі халықтың жартысы.

Көбінесе оған түсетін тапсырыс өнімдерін барынша тез тігуге тырысады, өйткені алға жүріп жатқан жұмысқа, яғни тігін барысындағы процеске қызығушылықпен қарайды. Бірақ, тігілетін өнімнің үлгісі мен матаның күрделілігіне байланысты ұзақ уақыт алатын тапсырыстары да болады. Қандай маталармен жұмыс істегенді ұнататының және сән саласының маманы ретінде стиль жағынан өз ойын тілге тиек етті.

– Бәрінен бұрын маған шілтер, гипюр, атлас, жібек, тафта сияқты маталармен, сондай-ақ табиғи: зығыр және мақта сияқты маталармен жұмыс жасаған ұнайды. Ал сыртқы киімге келетін болсақ табиғи кашемирден, драптан және эко-теріден тігу ұнайды. Сән ол келеді және кетеді. Ал стильді адам өзі үшін таңдайды. Стиль бір-біріне сәйкес келетін заттармен анықталады. Ал стильді болу дегеніміз – бұл сіздің табиғи ерекшеліктеріңіз бен сән-салтанаттарыңызға сай киіну. Бұл сонымен қатар сәнді киіну ғана емес, бет бояуы мен шаш үлгісін, аксессуарларды таңдау мүмкіндігінде келістіре білу. Әрдайым соңғы сән үрдістеріне сай киіну басты міндет емес, бастысы әрқашанда өзіңнің үлгіңе берік болу, – дейді сән маманы.

Дарина Бөлтірікқызының өте талантты екенін оның ісінен байқауға болады. Ол өзінің барлық жағымды эмоцияларын осы таңғажайып дүниелерге жұмсайтын тәрізді.

Өзін алдағы уақытта дамытуға шабыт алу үшін сүйікті ісінен және бизнес әлемінен жаңашылдықты меңгеруге ұмтылады. Оның әлі де көптеген арман-мақсаты баршылық. Біз тек сәттілік тілей аламыз. Дарина сияқты шебер адам үшін, барлық қиялдар мен армандар міндетті түрде орындалады. Бұған тек сенімді қадамдар жасау керек.

Гүлшар Бағытжан


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77