Образование

Кезекші сыныптар жұмыс істейтін болады

Онда барлық сақтық шаралары сақталады

Елімізде өршіп тұрған коронавирус пандемиясына байланысты биыл жаңа оқу жылы қашықтықтан басталатыны  белгілі болды. 

Соңғы төрттінші тоқсанды қашықтықтан оқып бітірген оқушылар  мен мұғалімдер бұл жағынан біраз тәжірибе жинақтап қалды десек те жаңа мектеп табалдырығын аттайтын 1-шы сыныптың балалары үшін қашықтықтан оқыту қиынға түсетін сияқты. 

Биыл жаңа оқу жылын қашықтан оқытамыз дегенді естіген ата-аналар 1-ші сыныпқа баратын балаларын ойлап, бастауыш сыныптың оқушыларын кезекші сыныптарда яғни мектепке апарып оқыту керектігін айтқан болатын.

Бұл жөнінде «Осы ретте, бастауыш сыныпқа баратын оқушылардың ата-аналарының өтініштерін ескере отырып, бастауыш сыныптары үшін кезекші сыныптар іске қосу ұсынылады. Олар бір сыныпта отырады, әртүрлі уақытта үзіліске шығады, сыныпта тазалық сақталады. Бір сыныпта 15 баладан артық отырмайды», – деп ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов атап өткен болатын.

Иә, шынында бастауыш сыныпта  білімнің ірге тасы қаланады. О баста  дұрыс берілген білім кейін оның білікті тұлға болып қалыптасуына үлкен ықпал етеді. Сондықтан бірінші сыныпқа барғалы отырған бүлдіршіндер үшін мұғалімнің берер білімі тіптен ерекше. Ұстаздан алатын алғашқы білімді ата-ана үйде отырып, компьютер арқылы бере алама екен. 

Осыған байланысты бүгінде ата-аналарға ұстаздар хабарласып, баласын кезекші сыныптарға беруге қалай қарайтынын сұрап, анықтап жатыр. Егер ата-ана балама жұқпалы дерттен ешқандай қауіп жоқ деп толық шешіп жатса, мектепке барып, кезекші топқа баласын алуды өтініп, өтініш жазады.

Ал кезекші топтың жұмысы белгілі карантин режиміне сай жүретін болады. Онда балалардың арасында арақашықтық сақталып, сабақтардың өту уақыты қысқарады. Сонымен қатар негізгі пәндер ғана оқытылады. Бала саны аз болады.

Осыған байланысты қазіргі таңда көптеген ата-аналардың баламды кезекші сыныпқа берсем қалай болады екен деген  ойдың  үстінде жүргені белгілі.

Осы ретте біз балалары мектепте оқитын ата-аналардың бірі Жансая Тұрсынбаеваны сөзге тартқанымызда:

– Екі балам да бастауыш сыныпта оқиды. Үлкен қызым екінші сыныпты қашықтықтан оқып бітірді. Ол үйде отырып, телефонмен оқуға машықтанып алды. Ал ұлым биыл бірінші сыныпқа барады. Оны қалай оқытатынымды білмеймін. Мектеп табалдырығын алғаш аттап отырған соң ұстаз алдында білім алғаны дұрыс еді.

Бірақ қауіпті жұқпалы дерттен қорқып отырмын. Ертең балам ауырып қалмай ма деген ой да бар. Сондықтан биыл осы қауіпті аурудың беті қайтпай балаларымды мектепке жібермегенім дұрыс деген шешімге келдім,-дейді.

Міне, ата-аналардың бұл жайында ойы осындай. Ал ұстаздар жағы қандай ойда екенін де білмек оймен бастауыш сынып мұғалімі Салтанат Оспановамен де жолығып, пікірін білген едік.

– Кезекші сыныпқа баласын беру, бермеу ол бірінші кезекте ата-ананың еркінде. Біз бұл сыныптарды ата-аналардың талабы бойынша ашып отырмыз. Балам ауырып қалмайды, оқуын мектепке барып оқысын дегендерден өтініш қабылданып жатыр. 

Мектепте отырып алған білімге не жетсін. Балаларға жаңа тақырыптарды түсіндіру өте маңызды. Қашықтықтан барлық балаға бірдей тақырыпты түсіндіре аламыз деп айта алмаймын. Бала алдыңда отырғанда жаңадан өткен сабақты түсінгенін не түсінбегенін көз қарасынан байқайсың. Ұстаз бен шәкірттің арасында бір-бірін түсінушілік ерекше болады.

Өзім оқушыларымның бәрінің не ойлап отырғанын, тақырыпты түсінген түсінбегенін біліп отырамын. Сондықтан үйінде отырған балаға жаңа тақырыпты толық түсіндіре аламын деп айта алмаймын. 

Десек те, оқушылардың денсакулығы әрдайым бірінші кезекте. Сондықтан алдымен қауіпсіздік жайы бірінші кезекте болуы керек. Өз басым биыл да балаларды қашықтықтан оқытуға толық дайынмын,-дейді ол.

Ел болып қауіпті дертпен күресіп жатқан шақта кішкентай бүлдіршіндеріміздің денсаулығын бірінші орынға қоюымыз қажет ақ. Өйткені, ұрпағымыздың амандығы еліміздің жарқын келешегінің айғағы емес пе. Сондықтан бауыр еті баласын қалай оқытамын деп ойы сан саққа жүгірген ата-ананың алдында үлкен таңдау тұр. Осы таңдаудан сүрінбесек болғаны. 

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77