Социум

Киелі Науырзым өлкесінің табиғаты жайында фильм түсірілмек

Онда көпшілікке белгілі актер, Меңдіқара ауданының тумасы Төлепберген Байсақалов бой көрсететін болады

Қостанай өңірінен шыққан талантты жандар бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде абыройлы қызмет етуде. Осындай жарқын тұлғалардың бірі Меңдіқара ауданының тумасы актер Төлепберген Байсақалов десек артық болмас.

Төлепберген Тұрсынұлы актерлық шеберлігімен ерекше дараланған жан. Жерлесіміз бала кезден өнерге бейім болып талай ауыл кештерінің көркін қыздырған. Жүрген жерінде ашық мінезімен, бойындағы өнерімен көпшілікке жағымды көңіл-күй сыйлап жүреді.

Мектепті аяқтағаннан кейін Қостанай қаласындағы мәдениет техникумында білім алып, Михайловка ауылында мәдениет үйін басқарады. Сол жерде ауыл тұрғындарына арнап қойылымдар ұйымдастырып, сол спектакльдерде рөлдерді өзі ойнайды. Осылайша актерлық шеберлігі қалыптаса бастаса керек.

Уақыт өте 1995 жылы актерлық жолды қуып, арман қала Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясын тәмамдайды. Өнерлілердің бас қосатын қара шаңырағы оған актерліктің қыр-сырын толық үйретсе керек, сол жерде оқып жүргенде-ақ ол «Молитва Лейлы» деп аталған фильмге түсуге ашақырту алады. Бұл оның кино әлеміне жасаған алғашқы қадамы болатын.

Одан кейін көп ұзамай «Остров Возрождения» және «Құрақ көрпе» деп аталатын фильмдерде де бой көрсетіп, халыққа таныла бастады. Сондай-ақ «Тюльпан» фильмінде басты рөлдердің бірінде ойнап, 2008 жылы Канн кинофестивалінде «Особый взгляд» аталымы бойынша Гран-при жеңіп алады.

Міне, осындай жұлдызды сәттерден кейін оның актерлік жолы жарқырай түседі. Оның бойындағы ерекше талантты көпшілік жоғары бағалап, режиссерлар көптеген фильмдерге шақыра бастайды. Осындай сәтті шақыртулардың бірі оның елімізден тыс Ресей мемлекетінде танылуына себепші болды. Мұндай жетістік оған Ресей елінің «Первый канал» арнасынан көрсетілген «Снайпер 2. Тунгус» фильміндегі басты рөлдердің бірі Миша Кононовтың (Тунгус) рөлін сомдаған сәтте бұйырды.

Төлепберген Байсақалов актер ретінде шет елдерде де танылып жүрсе де өзінің туған өлкесі Қостанайды ұмытқан емес. Әрдайым туған жерін мақтан етіп, жақсылығын асырып келеді десек қателеспейміз. Бұл сөзімізге оның жергілікті «Тобыл» футбол командасы жайында түсірген еңбегі дәлел болса керек.

Міне, осынай еңбекқор жанға біз арнайы хабарласып, болашақта туған өлкеңіз жайында қандай жұмыстарды қолға алуды жоспарлап отырсыз деп сұраған болатынбыз.

Оның айтуына қарағанда, үстіміздегі айдың соңында киелі Науырзым өлкесінде табиғатты қорғау, заңсыз аңшылықпен күресу, сирек кездесетін аң, құс түрлерін жоюға жол бермеу жайында фильм түсіру қолға алынатын болады. Бұл фильмде жерлесіміз Төлепберген Тұрсынұлы да бой көрсетпек. Сонымен қатар осынау еңбектің бас продюсері Максим Акбаров екенін жеткізді.

Сондай-ақ Төлепберген Байсақалов соңғы жылдары елімізге «7 арнаның» « Q-елі» деп аталған жобасы арқылы да жақсы танылды деп айтуға болады. Ондағы ауылдан келген қазақ тілінде таза сөйлейтін орыс тілін түсінбейтін баласымен қазақша білмей тіл табыса алмай қиналған әкенің рөлін сомдап, комедия жанрында талантты актер екенін дәлелдеп тастаған еді. Сол жоба бүгінде көпшіліктің жадында болса керек.

Кино әлемінде жүрген жерлесімізге шығармашылық шабыт пен толағай табыс тіледік.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77