Культура

Кино жұлдыздары Қостанайда: жанкүйерлермен есте қаларлық кездесу өтті

«Қостанай Плаза» сауда орталығында ерекше мәдени шара өтті. Бұл кешті кино өнеріне деген құштарлық пен сүйіспеншілік сезімі баурап алғандай болды.

Танымал кино жұлдыздары Төлепберген Байсақалов, Максим Кодаров, Ерболат Тоғызақов және Ілияс Көпжасаров өз жанкүйерлерімен жақыннан кездесіп, кино әлемінің сиқырлы сырларымен бөлісуге мүмкіндік тапты.

Қаламызда орналасқан «Қостанай Плаза» сауда орталығы мен «ZODIAC cinema» кинотеатрына биыл 7 жыл. Осыған орай кинотеатр директоры мен ұйымдастырушылар тұрғындарға көңілді кеш сыйлап, танымал әртістермен көрісу кешін өткізді.

– Біз жыл сайын атақты актерлермен кездесулер ұйымдастырып, кино өнерін кеңінен дәріптеуге тырысамыз. Киноны тек көрмей, онымен өмір сүру қажет. Әр актер өз рөліне жан-тәнімен кірісіп, бар күш-жігерін салады. Ал біз, көрермендер, олардың еңбегін бағалап, өнерін құрметтеп, қолдау көрсетуіміз керек. Бүгін Максим Кодаровтың «Ароматное сердце» атты жаңа туындысының тұсаукесері өтеді. Бұл фильмді ең алғаш біздің кинотеатрда тамашалау мүмкіндігіне ие боласыздар. Барлық жанкүйерлерді осы сәтке куә болуға шақырамыз,-деді «ZODIAC cinema» кинотеатрының директоры Азамат Досқалиұлы.

Кештің әсемдігі сол – әрбір жанкүйердің жүрегіне үміт отын жағып, кино әртістерінің жылы сөздерімен рухани нәр бергені. Олардың әрбірі өз тәжірибелері мен кәсіби жолдары туралы сыр шертті, ал көрермендер актерлік шеберлік пен кино түсіру барысындағы қызықты оқиғаларға қанықты. Әсіресе, жас әртіс Ілияс Көпжасаровтың жастық жалын мен қажыр-қайратқа толы әңгімелері тыңдаушыларды бей-жай қалдырмады.

Кино әлемінің сиқырын тереңірек түсіну үшін бұл кездесулер ерекше маңызға ие. Әртістердің шынайы болмысы, олардың шығармашылық ізденістері мен өмірдегі орны көрермендердің киноға деген көзқарасын жаңа қырынан ашты. Кеш барысында әртістер жанкүйерлермен суретке түсіп, қолтаңба беріп, сұрақтарға жауап берді.

Кештің қонақтары көрермендерге тек кино сыйлаумен шектелмей, Аманқарағай ауылына барып, ағаш отырғызуды жоспарлап отыр. Осы ізгі бастама арқылы өнер иелері болашақ ұрпақты жақсылыққа баулып, табиғатқа қамқорлық жасауға ынталандыруды мақсат етеді.

– Біз, өнер адамдары, тек кино арқылы емес, осындай нақты істер арқылы да қоғамға үлесімізді қосқымыз келеді. Әрбір отырғызылған ағаш – жаңа өмірдің бастауы. Бұл бастама жастарға жақсы өнеге болады деп сенемін,-дейді режиссер Максим Кодаров.

Қала тұрғындары өздерінің сүйікті кино жұлдыздарын көріп, олардың шабыттандыратын әңгімелерін тыңдауға мүмкіндік алды. Төлепберген Байсақалов өз актерлік жолының басталуы мен ең алғашқы рөлдерін қалай сомдағаны туралы айтып, шығармашылықта табандылық пен еңбекқорлықтың маңызын ерекше атап өтті. Ол қазақ киносының қазіргі жай-күйі мен болашағы туралы ой бөлісіп, киноға қызығушылық танытатын жастарды қолдауға дайын екенін жеткізді.

Ерболат Тоғызақов бұл кеште көрермендермен әзіл мен шынайы әңгімеге толы жылы қарым-қатынас орнатты. Ол әртістердің өміріндегі қиындықтар мен қуаныштарды баяндап, өз кәсіби жолындағы қызықты сәттерін еске түсірді. Оның әңгімелері арқылы қатысушылар актерлік кәсіптің көрінбейтін қырларымен танысты. Ілияс Көпжасаров, өз кезегінде, кино әлеміне жаңа қадам басқан жас әртіс ретінде, көрермендерге арманның жүзеге асуына деген сенім мен табандылықтың қаншалықты маңызды екенін жеткізді.

Кеш соңында жанкүйерлер кино жұлдыздарынан шабыттанып, олардың шығармашылық жолындағы жетістіктеріне тәнті болды. Ұйымдастырылған іс- шара кино саласын қолдап, оның дамуына ықпал етіп жүрген азаматтар үшін тағы бір естен кетпес сәт болды.

Дильназ Изделюева
Суреттерді түсірген автор

 

 


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77