Біздің Қостанай Социум

Кирилл Пономаренконың жүрегі қазақ елі деп соғады

Мен бұл украин жігітін біраз уақыттан бері білемін. Оның жеке өмірінде де жағымды жаңалықтар болып жатыр. Сүйген бойжеткенмен жеке шаңырақ көтеріп, қызды болыпты. «Кішкентай нәрестенің бауы берік болсын» деп ізгі ниетімді білдірдім.

Бұл күндері Қостанай шаһарындағы 6697 әскери бөлімінде қызмет атқаратын Кирилл Алексеевич Пономаренконы әңгімеге тарттым.

Жастайымнан қазақ балаларымен бірге өстім

– Өзің әскери қызмет саласында мемлекеттік тілдің мәртебесін өсіріп, талай беделді сайыстарда топ жарып келесің. Қазағы қалың Амангелді ауданында кіндік қаның тамып, ер жеттің. Жалпы, әулеттерің бұл жаққа қашан келіп қоныстанды?

– Бұл енді ұзақ әңгіме. Дегенмен, сіз сұраған соң басынан айтып берейін. Әулетіміздің тірегі болған Николай атам сонау бір нәубет жылдары асыра сілтеудің зардабын әбден татыпты. Өзі ауқатты адам болған соң өзгелер көре алмады ма, қуғын-сүргінге ұшырап, көршілес Ресейден қоныс аударды.

Ол қазақ халқын шексіз жақсы көрді. Бұл ұлттың кең пейілділігі мен адамгершілігін өле-өлгенше аузынан тастамай біздің санамызға әбден сіңіріп кетті. Әжем Мария екеуі көп балалы отбасы атанды. Амангелді ауданындағы 40 жылдық кеңшарындағы жергілікті ағайындармен тонның ішкі бауындай араласып, байырғы тұрғындарына айналды.

Өзі өте қарапайым, жансарайы кемел кісі еді. Жұмыс десе ішкен асын жерге қоятын. Жергілікті бейнетқор кісілермен біте қайнасып, мал шаруашылығымен айналысты. Ұрпақтарына адам баласын тек қана еңбек көркейтіп, төккен маңдай тері абыройын асқақтатады деп үнемі естеріне салып отырады екен.

Әкем Алексей аудан орталығында дүниеге келді. Ол ес білгеннен қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын толық меңгерді. Ауылдастарының той-томалақтарының бел ортасында жүретін. Мұндағы жігіттер де өзі мінезі жұғымды болған соң ешқашан да жатсынған емес.

Әулет иелері қасиетті жерді өздерінің ата-мекеніндей көріп кеткен соң біз де олардың бойларындағы барлық ұлағатты істерін үлгі тұттық. Қазақстанның толыққанды азаматтарына айналдық. Қазір туған ауылымды жиі еске аламын. Сағынсам аунап-қунап, шыбықты ат қылып мінген қимас достарыммен сырласып, мауқымды басамын.

Талаптыға нұр жауар

– Қазақ тілін өте жақсы игерген екенсің, еркін сөйлейсің. Менің алдымда дәл қазақтың бір жігіті отырған секілді. Оны қалай үйрендің. Әңгіменің орайы келгенде, әу бастағы өзіңнің осы жетістігіңе ықпал еткен ұстаздарың жайлы тілге тиек еткенің артық болмас.

– Мен негізінде аудан орталығындағы Бірмағанбет Қолдасбаев атындағы білім ордасында оқыдым. Онда екпінділер қатарында болдым. Кішкентайымнан қазақ балаларымен тай құлындай тебісіп бірге өскендіктен тіл мәселесінде еш кедергі көріп, қиналған емеспін.

Мектепте Қызғалдақ Князова есімді мұғалім қазақ тілінен дәріс берді. Оның әрбір сабағын асыға күтіп отыратынбыз. Жаңа тақырыпты тың ізденіс әрі шығармашылықпен өткізетін. Сондықтан зердемізде әбден сақталып қалатын.

Осы оқу орнынан кейін облыс орталығындағы марқұм Әбдімәулен Баешов басқаратын Қостанай гуманитарлық колледжіне студент болып қабылдандым. Әрине, бұл жердің маған қай жағынан болсын бергені мол дер едім. Мұнда қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша тәлім алдым.

Асыра мақтағаным емес, ұстаздан жолым болды деп нық сеніммен айта аламын. Өйткені, оқытушыларымыз біздің жан-жақты білімді, туған елінің нағыз патриот азаматы болып шығуымызға айрықша көңіл бөлді. Рухыңды көтеретін түрлі шаралар ұйымдастырып, біздің бойымыздағы қабілетімізді ашып, көрсете білуімізге тікелей септіктерін тигізді.

«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген қағиданың босқа айтылмайтындығына көзім әбден жетті. Мысалы, Гүлжанат Түйебай терең білімді әдістемелік еңбектерімен шәкірттерін таңдаған кәсіптерін меңгеруге тікелей ықпал ететін-ді. Сондықтан да болар, өзінен тәлім алған студенттері облысты былай қойғанда, республикалық деңгейде көзге түсіп, колледждің беделін биікке көтерді.
Жалпы, қазақ тіліне деген бойымдағы құштарлық сонау мектеп қабырғасында жүрген кезімде оянып, болашақта осы тілдің нағыз майталман маманы болсам деген асқақ арман мені тек ғана алға жетеледі.

Бесінші сыныпта жүргенде Қостанай қаласындағы қазақ-түрік лицейінде өткен сайысқа сонау Амангелді ауданынан қатысқанымды әлі күнге дейін ұмыта қойған жоқпын. Байқауда ұлы ақын Абай Құнанбаевтың он алтыншы қара сөзі мен қайталанбас тұлға, поэзияның көрнекті өкілі Мұқағали Мақатаевтың «Үш бақытым» атты өлеңін нақыныша келтіріп оқыдым.

Әділқазылар алқасы әлі бұғанасы қата қоймаған украин баласының таудай талабы мен әдебиетке деген ерекше құштарлығын бағалап, жүлделі бірінші орынды қанжығама байладым. Жүлдеге Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясын сыйға тартты. Осынау классикалық туындыны үйге келген соң жата жастана оқыдым. Сайыстан топ жаруым ата-анам мен мектеп ұстаздарына да ерекше абырой болды.

Оның алдында аудандағы мектептер арасында, Арқалық шаһарындағы ұйымдастырылған байқауда да қатарластарымнан оқ бойы озып, жеңімпаз атанғаным күні кешегідей сияқты жадымда сақтаулы.

Колледждегі жылдарым да босқа өткен жоқ. Жүрегім қалаған мамандығымды үнемі жетілдірумен болдым. Мұнда да қатар құрбыларыммен жиі сөйлесіп, тіл байлығымды кеңейте түстім. Басқа да қырларымның шыңдалуына көп көңіл бөлдім.

Журналистика саласына да қызықтым. Өйткені, ол адамдармен жиі араласуға мүмкіндік береді, ой-өрісіңді дамытуға жол ашады.

Осы кезде «Қазақстан-Қостанай» телеарнасына жас тілші ретінде атсалысып, ондағы тәжірибелі кісілердің хабар дайындау тәсілдеріне ден қойдым. Мұның да маған тигізген рухани пайдасы аз емес.

Жезделерім қазақ жігіттері

– Естуім бойынша, сендер бұрыннан қазақ халқымен туған-туысқандай етене араласып, тіпті құда-құдандалы болып кетіпсіңдер. Соны өз аузыңнан естісем деп едім.

– Торғай өңірінің халқы біздің әулетті жақсы біледі. Әкем Алексей 46 жасында дүниеден өтті. Анам Ниеле латыш қызы. Олар перзенттерінің қазақтың тілін, мәдениеті мен тарихын, ата салтын тиісті деңгейде игеруімізді қолдамаса, ешқашан қарсы болған жоқ.

Бір үйде төрт бала өстік. Әпкелерім Наталья, Анастасия және Лариса да мен секілді Амангелдіде өсіп, бойжетті. Көрші-көлемнің қыздарымен араласып, салт-дәстүрлеріне қанықты. Кейін есейген соң үшеуі де қазақ отбасыларына келін болып түсті.
Шама-шарқылары келгенше босағаларын аттаған шаңырақтардың ырыс-берекесін келтіруге тырысты. Ата-енелеріне құрмет көрсетіп, ағайын-туықандарына ілтипатпен қарады. Жезделерім Жеңіс, Қабдош, Асыландар да қарапайым азаматтар. Солардан жиендерім бар. Олардың өмірдегі қол жеткен табыстарына нағашысы ретінде тілектес болып отырамын.

– Қазіргі әскери бөлімде қашаннан бері қызмет атқарасың? Болашақтағы арман-мақсаттарың жөнінде де білгіміз келеді.

– Өзім 2021 жылы гуманитарлық колледжді ойдағыдай тәмәмдап, желтоқсанда 6697 әскери бөлімге азаматтық борышымды өтеуге шақырылдым. Арада жарты жыл өткен соң командирлерім де қабілетімді байқап, өз қалауыммен келісім- шарт бойынша қызметімді одан әрі жалғастырдым.

Жауапты қызметімді атқара жүріп, академик Зұлқарнай Алдамжаров атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университетінің филология фаультетінде дистанциялық үлгіде оқып жатырмын. Алдағы уақытта өзімнің әу бастағы арманым – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып шығамын.

Жоғары оқу орнын аяқтаған соң әскери бөлімде осындағы офицерлер мен келісім-шартпен жұмыс істейтін әскери қызметкерлерге мемлекеттік тілден дәріс бермекпін. Сөйтіп, мемлекеттік тілдің мәртебесін жалаң сөз емес, нақты іспен жүзеге асыруға бойымдағы барлық қажыр-қайратым мен жинаған тәжірибемді арнамақпын.

Бізде барлық жағдай жасалған. Бос уақытты кітапханада өткіземіз. Жыл сайын мемлекеттік тілді өркендетуге байланысты танымдық шаралар ұйымдастырылады. Командирлер бәріне де түсіністікпен қарап, әрдайым қолдау көрсетеді.

Қарттардың батасын алып өстік

– Сөз саптауыңа қарағанда, көп ізденіп, уақыт талабына сай жансарайыңды байытар кітаптар мен әдебиеттерді оқуға назар аударатын секілдісің. Жалпы, құпия болмаса тілге бейімделу мен оның шыңына көтерілудің өзгелер білмейтін қандай әдіс-тәсілі бар? Сол жөнінде тәжірибеңмен бөліссең.

– Тіл үйренудің ешқандай құпиясы жоқ. Барлық мәселенің түйіні шын ниет пен намыс әрі талпыныста жатыр. Қазақ тілін үйрену қиын дегенге өз басым келісе алмаймын. Бұған өзімнің өткен өмірім мен жүріп өткен жолдарым куә.

Өзімді ешкім қинап, зорлап, міндеттеген емес. Бәрі де адамның өз қолында. Әрине, қажеттілік те керек. Мәселен, өзге елдерде сол мемлекеттің тілін білмесең, қызмет те атқара алмайсың. Өйткені талап күшті. Мұны кез-келген саналы азамат біледі деп ойлаймын.
Біздің Қазақстанда тұратын әрбір ұлт пен ұлыс өкілдерінің қазақ тілін білу мен сөйлеулері парыз деп есептеймін. Елімізде жылдан – жылға осы тілдің дамуы мен болашағына ерекше көңіл бөлініп жатыр. Бұл бәрімізді де қуантады. Менің түсінігімде патриоттық сезім тілге деген құрметтен басталады.

Жастар жағы өз елінің тарихы мен мәдениетін, ежелден мирас болып келе жатқан ата-баба дәстүрін жалғастыруға міндетті. Өмір белестерінен өткен кісілердің ғұмырынан тәлім алса, құба-құп. Өз басым асыра айтқаным емес. Құйма құлақ бала болып өстім. Ақсақалды қарттар бас қосқан жерге барып, олардың айтқан тағылымды да ғибратты сөздерін тыңдағанды жаным сүйетін.
Олардың ақ батасын алып, ғұмырларын үлгі тұту түсінгенге үлкен бір мектеп. Көне сөздердің кені, кітаптарда кездесе бермейтін атаулар мен аңыз әңгімелердің, мақал-мәтелдердің бәрі де осы кісілердің көкірек сандығында қаттаулы. Тек сол қазыналы сыр сандықтың кілтін таба білсең болғаны.

Бәлкім, өмірді білмегендіктен шығар, менің замандастарымның көбі осындай асыл жандармен пікірлесуден қашқақтайды. Ол дұрыс емес. Жан дүниелеріне шындап үңіле білсең, өнеге алар барлық асыл қасиеттер дала академиктері атанған осы қазақтың қара шалдарында жатқан жоқ па?

Шынымды айтсам, кейде сол балалық шақта той-жиындарда аға ұрпақ өкілдерінің айтқан тәлімдік маңызы зор өсиеттерін, ақ жаулықты әжелеріміздің тәрбиелік мәні терең жырларын сағынамын. Бір өкініштісі, солардың көбісі о дүниелік болып кетті.
Өзіңіздің қойған сауалыңызға тоқталар болсам, тілді терең меңгерудің сыры көп еңбектенуде. Таңдап, талғап оқи білуде. Сонау бала кезімнен бері қазақ ақындары мен жазушыларының поэзиялық және прозалық жинақтарын үздіксіз әрі зер сала ұғынып оқумен болдым. Әлі де сол өз бетіммен ізденуді жалғастырып жатырмын.

Жастарды жалқаулық жарға жығады. Ерінбей айқын мақсат қойсаң, оған сөзсіз жетесің. Мысалы, артта қалған жылдар мен үшін тіл мәселесінде табысты болды.

Алдымен әскери бөлім ішінде, содан соң Қарағандыда Орталық өңірлік қолбасшылық ұйымдастырған жарыста бірінші орынды иелендім. Содан кейін Алатаудың баурайындағы Алматы қаласында Қазақстан Республикасы ұлттық ұлан өткізген байқауда жеңімпаз атандым.

Онда Бас қолбасшының тағайындаған мәртебелі жүлдесін алып, «Ұлттық ұлан жауынгерлік қызметінің үздігі» төс белгісін кеудеме тақтым. Әрине, бұл марапаттар өзіме деген сенімімді арттырып, қанаттандырды. Алайда, қол жеткенге тоқмейілсуге болмайды.
Өзімді бақыттымын деп есептеймін. Мемлекет басшысының қолынан медаль алдым. Бұл мен үшін ұмытылмайтын сәттердің бірі. Алдағы уақытта да қазақ тілінің мәртебесін көтеру үшін аянбай еңбек ете беремін.

Әңгімелескен
Оразалы ЖАҚСАНОВ,
сурет кейпкерден алынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77