Образование

«Кітап – асыл қазына» классикалық әдебиет шығармаларын оқу конкурсы өтті

Мұндағы басты мақсат – оқушыларды көркем әдебиет оқуға баулу

«Қостанай дарыны» өңірлік ғылыми-практикалық орталығы оқушылардың классикалық әдебиет шығармаларын оқуға деген қызығушылықтарын арттыру үшін екі жыл бойы 7-9 сынып оқушыларына арналған «Кітап – асыл қазына» атты конкурсын өткізіп келеді.

Конкурстың мақсаты – көркем әдебиетті оқуға баулу және балалар әдеби шығармаларын оқу арқылы оқушылардың рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптастыру болып табылады.

2020 жылы еліміздегі «Оқитын мектеп – оқитын ұлт» республикалық жобасын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылып жатқан бұл конкурс ауылдық жерлерде тұратын оқушылардың оқу сауаттылығын арттыруын көздейді. Оқу сауаттылығы – бәсекеге қабілетті жеке тұлғаны және қазіргі қоғамда өзара әрекеттесу қабілетін қалыптастырудың негізгі дағдыларының бірі.

Осы уақыт аралығында 2000-нан астам оқушы қазақ, орыс және шетел көркем әдебиетінің 10 шығармасын оқыды. Б.Момышұлының қызықты да тартымды «Ұшқан ұя» шығармасы 300-ден астам оқушының қызығушылығын тудырды. Орыс классикалық әдебиет шығармаларының арасынан балалардың ерекше есінде қалғаны – Г.Троепольскийдің «Белый Бим Черное ухо» шығармасы. Сонымен қатар, шетел әдебиеті шығармалары арасынан Д.Дефоның атақты «Робинзон Крузо» шығармасы да назардан тыс қалған жоқ.

Конкурс қорытындысы бойынша, Б. Майлин ауданындағы Тобыл жалпы білім беретін мектебінің оқушысы Әйгерім Қуантай байқаудың 3 мәрте жеңімпазы атанды. Оның осы конкурс аясында оқыған сүйікті шығармасы – «Менің атым-Қожа».

Әйгерім бұл шығармаға ерекше қызығушылық танытты. Өйткені, оқиға мектеп өмірінің айналасында өрбиді және шығармада қарапайым ауыл тіршілігі, қараша қазақ қауымының күйбеңі, ауыл балаларының мінез-құлықтары көркем де, қарапайым түрде суреттелген.

– Осы конкурстан оқушылардың классикалық әдебиет шығармаларын оқуға деген қызығушылықтары жоғары екенін атап өтуге болады. Көркем әдебиет оқу арқылы жалпы оқушылар дүниетанымын кеңейтеді, сын тұрғысынан ойлау қабілеттерін арттырады, сонымен қатар көркем әдебиет оқушыларды адамгершілік құндылықтарға баулиды. Сондықтанда мұндай байқауларды үнемі өткізіп отырудың маңызы зор,-дейді Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының «Қостанай дарыны» өңірлік ғылыми-практикалық орталығы» КММ әдіскері А.Каримова.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77