Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда «Прогрессивті ұлтқа айналу үшін кітапты бала кезден бастап оқуға дағдылану қажет» деген еді.
Осының аясында «Кітап оқитын ұлт» жобасы жүзеге асуда. Жоба аясында қоғамның түрлі санаттарын қамтитын «Кітап оқитын мектеп», «Кітап оқитын колледж», «Кітап оқитын университет», «Кітап оқитын педагог», «Кітап оқитын әулет», «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» бағыттары бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде.
Әр бағыт бойынша қатысушылардың жас ерекшеліктері мен қызығушылықтары ескеріліп, мазмұнды әрі жүйелі түрде 15 кітаптан тұратын арнайы тізімдер жасақталған. Жалпы тізімге «100 кітап» жалпыұлттық сауалнамасы негізінде іріктелген үздік шығармалар, сондай-ақ әлем әдебиетінің танымал бестселлерлері енгізілді. Бұл өз кезегінде оқырманның ой-өрісін кеңейтіп, түрлі жанрдағы әдебиеттермен танысуына мүмкіндік береді.
Атап айтқанда, «Кітап оқитын мектеп» бағыты бойынша 6-10 сынып оқушыларына әр сыныпқа 15 кітаптан ұсынылып, жалпы саны 75 кітапты қамтитын ауқымды әдеби қор қалыптастырылды. Бұл тізімге балалардың жас ерекшелігіне сай тәрбиелік мәні жоғары, танымдық және көркем әдеби шығармалар енгізілген.
Жобаның басты мақсаты – жас ұрпақтан бастап ересектерге дейін кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, рухани құндылықтарды дәріптеу және үздіксіз білім алуға деген қызығушылықты арттыру. Сонымен қатар, бұл бастама қоғамда интеллектуалды ортаны нығайтып, ойлы, парасатты, білімді ұлт қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.

Білімдерін сарапқа салды
Қостанайда «Кітап оқитын ұлт» республикалық жобасы аясындағы «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» бағыты бойынша облыстық кезең өз мәресіне жетті. Жобаға облыс бойынша 480 мемлекеттік қызметкер тіркеліп, олардың арасынан іріктеу нәтижесінде 78 қатысушы ақтық кезеңге жолдама алды. Финалға өткен үміткерлер өздері оқыған кітаптар негізінде білімдерін сарапқа салып, ой-өрісінің кеңдігін, кәсіби әрі зияткерлік дайындық деңгейін жоғары деңгейде көрсете білді. Аталмыш жоба өңірде зияткерлік мәдениеттің дамып, кітап оқуға деген қызығушылықтың арта түскенін айқын көрсетті. Байқау барысында қатысушылар тек әдеби шығармаларды талдап қана қоймай, өз пікірлерін дәлелді жеткізіп, кітаптан алған тағылымын қызметтік және өмірлік тәжірибемен ұштастыра білді. Бұл олардың жан-жақты дамыған, ізденімпаз тұлға екенін айқындады. Аталған жоба мемлекеттік қызметшілер арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, рухани құндылықтарды дәріптеуге, үздіксіз білім алуға деген ұмтылысты арттыруға зор ықпал етуде. Сонымен қатар, бұл бастама интеллектуалды орта қалыптастырып, қызмет сапасын арттыруға да өз үлесін қосып отыр.
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ардақ Бегатаров та жобаға қатысты өз пікірін білдірді.
– Барлығы 11 кітапты толық оқып шықтым, ал кейбірімен қысқаша мазмұны арқылы таныстым. Маған ерекше әсер қалдырған еңбек – «Үшінші әлемнен бірінші әлемге». Бұл кітап Сингапурдың даму жолын, оның табысқа жету тетіктерін терең түсінуге мүмкіндік берді. Өзім де іссапармен осы елде болып қайтқанмын, сондықтан кітаптағы ойлармен тәжірибеде көргендерімді салыстыра алдым. Кейбір кітаптарды Kaspi қосымшасы арқылы сатып алуға тура келді. Жалпы, ұйымдастырушылар тарапынан сирек кездесетін немесе қолжетімсіз кітаптарды табуға жақсы қолдау көрсетілді, – деді ол.
Сонымен қатар, Ардақ Құрмашұлы жоба форматын жетілдіруге қатысты өз ұсынысын да ортаға салды.
– Уақыттың шектеулі екенін ескере отырып, оқылатын кітаптар санын 7-8-ге дейін оңтайландыру қатысушылар үшін әлдеқайда тиімді болар еді деп есептеймін. Бұл әрбір еңбекті тереңірек меңгеруге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда жоба пилоттық режимде үш облыста жүзеге асырылып жатыр, ал алдағы уақытта оның ауқымы кеңейіп, мазмұны одан әрі жетілдіріледі деп сенемін, – деді ол.
Спикердің айтуынша, мұндай жобалар мемлекеттік қызметшілердің кәсіби дамуына ғана емес, олардың рухани көкжиегін кеңейтуге, жүйелі ойлау қабілетін қалыптастыруға да зор ықпал етеді.
Кітап оқу дағдысы қалыптасты
Облыстық кезеңге қазақ лигасы бойынша 8 команда қатысып, олардың қатарында басқарма басшыларының орынбасарлары, бөлім жетекшілері, сондай-ақ аудан және қала әкімдіктерінің мамандары болды. Бұл байқау мемлекеттік қызметшілердің тек кәсіби ғана емес, зияткерлік деңгейін де айқындайтын алаңға айналды.
Оқырмандық белсенділік тұрғысынан Қарабалық ауданы, Рудный қаласы және әсіресе Лисаков қаласы алдыңғы қатардан көрінді. Мәселен, Лисаков қаласынан екі команда орыс лигасына, бір команда қазақ лигасына қатысып, өңірдегі кітап оқуға деген қызығушылықтың жоғары екенін көрсетті. Қатысушылар құрамында жастардың болуы да жобаның келешегі зор екенін аңғартады.
Дегенмен, 15 кітапты толық оқу оңай емес екені байқалды: көркем әдебиет жеңіл қабылданғанымен, философиялық және публицистикалық бағыттағы еңбектер кейбір қатысушылар үшін күрделірек болған.

Байқау quiz форматында ұйымдастырылып, бірнеше кезеңнен тұрды. Қатысушылар оқылған шығармалардың мазмұны, кейіпкерлер жүйесі мен негізгі идеялары бойынша сұрақтарға жауап берді. Нәтижесінде мемлекеттік қызметшілердің тек кітапты оқып қана қоймай, оны терең түсініп, талдай алатыны, өз ойын нақты әрі дәлелді жеткізе алатыны айқын көрінді. Іс-шараның ұйымдастырылу деңгейі де жоғары дәрежеде өтті.
Жобаға деген қызығушылықтың жоғары екенін қатысушылар құрамы да дәлелдейді. Аудан және қала әкімдері аппараттарының, басқарма қызметкерлерінің белсенділігі ерекше назар аудартты. Мысалы, Федоров ауданында 12 ауылдық округ әкімі мен 18 бөлім басшысы тіркелсе, Рудный қаласынан – 15, Қарабалық ауданынан – 9 ауыл әкімі, Амангелді ауданынан – 5, Қарасу ауданынан – 3 ауыл әкімі қатысқан. Сонымен қатар басқарма басшыларының орынбасарлары мен қала әкімдерінің орынбасарлары да жобаға белсенді түрде тартылды. Іріктеу нәтижесінде облыстық кезеңге қазақ лигасына 24, орыс лигасына 54 қатысушы жолдама алды.
«Мен осы жобаға қатысушы ретінде айтарым, бұл бастама мен үшін өте маңызды әрі пайдалы болды. Кітап оқу арқылы ой-өрісімді кеңейтіп, көптеген жаңа дүниелерді таныдым. Осындай жобалар адамдарды жақындастырып, ортақ рухани құндылықтарды қалыптастыруға ықпал етеді деп санаймын. Болашақта бұл жоба өз жалғасын табады деген үміттемін және оған әлі де көп адам қатысады деп сенемін. Қазіргі заманда технологияның дамуына байланысты адамдардың кітап оқуға деген қызығушылығы біршама төмендеп кеткені жасырын емес. Осындай жағдайда ұлттық кітап оқу жобаларының маңызы ерекше арта түседі. Бұл бастамалар қоғамды, әсіресе жастарды кітап оқуға баулып, олардың рухани дамуына жол ашады. Сонымен қатар, оқылған шығарма төңірегінде пікір алмасу, талқылау мәдениеті дамиды», – дейді Федоров ауданы, Воронеж ауылдық округінің әкімі Наташа Жұпар.
Жалпы, «Кітап оқитын ұлт» жобасы мемлекеттік қызметшілер арасында оқу мәдениетін жүйелі түрде қалыптастырып, олардың зияткерлік әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды бастама ретінде бағаланып отыр. Мұндай жобалар қоғамда білім мен руханиятқа деген құрметті күшейтіп, интеллектуалды орта қалыптастыруға ықпал етеді.
Байқау қорытындысы бойынша қазақ тіліндегі лигада мемлекеттік қызметшілерден құралған «Абай» командасы бірінші орынды иеленді. Екінші орын Амангелді ауданының мемлекеттік қызметшілеріне бұйырса, үшінші орынды Жангелдин ауданы білім бөлімінің «Торғай» командасы иеленді. Жеңімпаздар арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталып, үздік оқырман ретінде танылды.
Ая ӘБДІЛДА,
суреттерді түсірген автор
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77
