COVID-2019
в Казахстане



Вся информация здесь

102323

Выздоровевших

107529

Зарегистрированных случаев

3472

Зарегистрированных случаев в Костанайской области

1699

Летальных случаев

Біздің Қостанай

Кітапхана – рухани қазына ошағы

Қалалық кітапхана директоры Гүлмира Сәбитқызымен ашық әңгіме

«Қостанай қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің орталықтандырылған кітапхана жүйесі» ММ-не жақында жаңа басшы тағайындалған болатын. Гүлмира Сәбитқызы, бұл уақытқа дейін Л.Н. Толстой атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханада директордың орынбасары қызметін атқарған.Бізде арнайы барып, тілдесіп қайтқан болатынбыз. Ашық әңгіме барысында жаңа басшы кітапхананың тыныс-тіршілігімен бөлісті.

– Гүлмира Сәбитқызы! Алғашқыдан жаңа қызметке тағайындалуыңызбен құттықтағым келеді. Орныққаныңызға көп болмаса да, кітапхана жай-күйімен таныс боларсыз. Әңгімемізді кітапхана жұмысы, алдағы жоспарлар мен жобалардан бастап айтсаңыз?

– Құттықтауыңызға рақмет! Иә, бұл орынға келгеніме бір айдың көлемі ғана болды. Дегенмен де, әуелден осы салада яғни, облыстық кітапханада қызмет атқарғандықтан, қалалық кітапхананың сыртқы жұмыстарынан хабарым бар. Мұндағы жобалармен де, атқарылып жатырған жұмыстармен де жақсы таныспын. Екі кітапхана бір-бірімен әріптестік қарым-қатынаста қызмет атқарады. Осы уақытқа дейін атқарып келген істері оң дер едім. Енді міне, ішкі жұмыстарына да араласып көріп-біліп жатырмын. Негізгі атқарылатын істер оқырманмен ете жақындық орнату. Келушілерді кітапхана іс-шараларына тарту, жастарды қатыстыру.Кітапхана негізі барлық мемлекеттік және аймақтық бағдарламалар бойынша жұмыс істейді. «Қазақстан-2050» Стратегиясы, «Ақпараттық Қазақстан – 2020», «Цифрлық Қазақстан 2017-2021», «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы, «Ұлы даланың жеті қыры» және жыл сайынғы «Бір ел – бір кітап» акциясы және осы сынды бағыттар бойынша жұмыс тізбектеле береді. Кітапхана қорында 323871 дана кітап бар, оның ішінде мемлекеттік тілде 68101 дана кітап қоры бар. Екінші жарты жылдықта қалалық бюджет қаражатына 1202 дана кітап, оның ішінде мемлекеттік тілде 169 дана кітап сатып алынды. Алдағы уақытқа құрылған жоспарымыз бар. Айталық, алдыда «Расскажи мне, книга, о войне» тақырыбында онлайн семинарлар өткізу. Абай Құнанбайұлының 175-жылдығына орай, «Ғасырдың аңыз тұлғасы – Абай» іс-шарамыз өтеді. Қостанай қалалық ОКЖ–нің кітапханалар күнін өткізу. Сонымен қатар, жақында ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев, «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялаған болатын. Осы бағытта Жолдауын түсіндіру бойынша іс-шаралар жоспары әзірленді. Биыл өзіңіз білесіз, Ұлы Жеңіске – 75 жыл. Осыған орай, «Қостанайлықтар – Кеңес Одағының Батырлары» кітабы бойынша Web – квест құратын боламыз. Атқарылатын іс-шаралардың сыртында, брендті немесе оның компоненттерін өзгерту бойынша бірқатар іс-шараларды қамтитын ребрендингті жүзеге асыру жоспарлануда. Бұрынғы оқырмандардың қызығушылығын арттыру және жаңа оқырмандардың назарын аудару үшін ОКЖ-нің жаңа сайтын әзірлеу, сондай-ақ, кітапханалардың материалдық-техникалық базасын жақсарту жоспарлануда.

– Өзіңіз білесіз, елдегі жағдайға орай, карантин режимі еңгізілген болатын. Қалай десекте, оқырман арасындағы байланыс тоқтап қалмаған болар. Кітапхана сол кезеңде жұмысын қалай үйлестірді? 

– Дұрыс айтасыз, оқырманмен байланысты үзуге болмайды. Соңғы жарты жылда пандемияға байланысты барлық іс-шараларымыз тоқтап қалды. Өйткені, басқосуларға тиым салынды. Кітапхана қызметкерлері де қашықтан жұмыс жасауға көшірілді. Кітапханашылар үйлерінде отырып ғаламтордың көмегімен кітапхананың әлеуметтік желісі арқылы жоспарлы шараларды онлайн түрде өткізді. Онлайн форматта бірінші жартыжылдықта 111 іс-шара өткізілді, жалпы қаралым саны 38926 көрерменді құрады. Ал, «Северный» кітапхана-бөлімшесінде қазақстандық кәсіби баскетболшы «Астана» баскетбол клубының атқарушы директоры, «Қазақастанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Рүстем Ерғалимен онлайн-диалог өткізілді. Оның сыртында, «шексіз өнер» халықаралық байқауларының лауреаты, «Қазақстан дауысы» телевизиялық жобасының жартылай финалисті, әнші Зарина Божаковамен онлайн-кездесу өтті. «Туған жерге тағзым» республикалық жобасы аясында «Рахмет саған, туған ел!» тақырыбында, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлемнің екі дүркін чемпионы, түрлі халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін чемпионы Сапар Тұмановпен онлайн кездесу өтті.Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 175-жыл толуына орай, Семей қаласының Абай атындағы Шығыс Қазақстан облыстық әмбебап кітапханасымен «Қазақтың қазынасы, Ибраһим!» тақырыбында онлайн кездесу ұйымдастырылды. Оған қаламызға белгілі зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, журналистер арнайы шақырылды. Міне, айтып отырғанымдай карантин уақытында кітапхана жұмысын тоқтатып қоймай, жұмысын жемісті жалғастырды десем де болады. Әлеуметтік желілерде де қаралым саны артпаса кеміген жоқ.

Мұның сыртында, кітапхана қызметкерлерінің біліктіліктерін арттыру мақсытында ұйымдастырылған теренингтерге қатысады. Облыстық кітапхана ұйымдастырған медиа сауаттылық бағыты бойынша шеберлік-сағаты өткізілген болатын. Оған аудандық кітапханалардың қызметкерлері қатысты. Онда Украинадан тәжірибелі мамандар қатысып, Нұр-Сұлтан мен Қостанай қалаларынан тәжірибелі медиа-тренерлер дәріс оқыды.

Қалалық кітапхана құрамына кіретін бөлімдердің жай-күйі қалай?

– Қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесіне Н. Островский атындағы орталық қалалық кітапханасы, А.С.Пушкин атындағы қалалық балалар кітапханасы және 10 кітапхана-филиалы кіреді. Жақында жұмыс барысында кітапхана-филиалдарын аралап қызметімен танысып келдім. Жалпы жағдайлары жаман емес. Орналасқан жерлері, ішкі ауқымы бәрі жақсы. Қаланың әр шетінде орналасқандықтан көбі ойлауы мүмкін онша көңіл бөлінбейді деп. Олай емес. Кітап қорлары, мемлекеттік тапсырыс бойынша да жақсы кітаптар келеді. Үш кітапханада, атап айтар болсам «Южный», «Северный», «Киевский» кітапхана-бөлімдерінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ол көрсетілетін қызметтердің сапасын едәуір жақсартуға септігін тигізеді. Кітапханаларда кәсіпорындар мен мекемелерге кітап беру пунктері жұмыс істейді. Кітапхана-филиалдарында мұның сыртында клубтар қызметін атқарады. Он алты клубтың 2-уі жастарды, 4-уі балаларды қамтитын клубтар. Ал, аға ұрпақ, егде жастағы кісілердің қызығушылығын арттыру бойынша 10 клуб жұмысын жалғастыруда. Орталық кітапханада «Лада», «Западный» кітапханада «Золотой возраст», «Северный» кітапханасында «Сударушка», «Мугунхва», «Шаңырақ», «Как молоды мы были» клубтары, «Дорожный» кітапханасында «Совершенство», «Южный» кітапханасында «Собеседник» клубы, «Строительный» кітапханасында «Оптимист», «Узкоколейный» кітапханасында«Степные напевы» клубы. Сонымен қатар, жастарды өңірдің мәдени өміріне тарту үшін «Тұмар» үйірмесі және «Толқын» шығармашылық студиясы жұмыс істейді. Балалар үшін «Ақбота», «Радуга», «Арулар», «Книгочей» балалар үйірмесі қызметін жалғастыруда. Жоғарыда айтып кеткенімдей, «Сударушка», «Мугунхва», «Шаңырақ», «Как молоды мы были» клубтарының отырыстарында шағын аудан мен қаланың қызықты, еңбек сіңірген адамдарымен кездесулер өтеді. Ұзақ жылдар бойы клубтарда өз дәстүрлері қалыптасқан. Жыл сайын Қарттар күні мен Наурыз мерекесіне арналған клуб мүшелері жалпы дастархан басына жиналады. Мереке барысында клуб мүшелері бір-бірін құттықтауға, барлық ішкі ойларын айтуға, естеліктерімен бөлісуге мүмкіндік алады. Сондай-ақ, қызығушылық клубтарының мүшелері кітапхананың тұрақты оқырмандары және көпшілік іс-шараларының қатысушылары болып табылады. Кітапханаларда коворкинг орталықтарын құру ең өзекті тақырып болып табылады. «Goworking zone: кітапхана – шығармашылық аумағы, жақсылық аурасы» атты өткізілген семинар барысында, «Северный» кітапхана-филиалының ортақ кеңістігі келушілермен бірлесіп жұмыс істеу үшін қалай пайдаланылатыны көрсетілді. «Северный» кітапхана-филиалында қызығушылық клубтарының бірлескен жұмысы үшін пайдаланылатын коворкинг-аймақтар құрылды. Мұнда, қарт адамдар арнайы атмосферада және толық тыныштықта жұмыс істеу үшін кітапханаға барады.

Орталық қалалық кітапхана ішінен құрылған, «Толқын» және «Тұмар» клубтарының жұмысы бүгінде жанданған. «Толқын» жас-ақын жазушылар үйірмесінің мүшелерін өзге қалалардағы осындай клуб мүшелерімен онлайн байланысқа шығарсақ деп едік. Осы уақытқа дейін жас ақындарды оқырманға таныстыру жұмысы жүйелі жүргізілді. Кітапхана ақындардың шығармашылық кештерін өткеріп, өлең-жырларын жинаққа еңгізіп қолдау білдірді. Осындай сипаттағы қолдау жұмыстары жалғасын табатын болады. Жақында, онлайн форматта «Туған елінің еркесі» атты жас ақын қыз, «Толқын» шығармашылық студиясының мүшесі, Кеңшілік Бақытжамал Маратқызының жаңа кітабының тұсаукесері өтеді. Студияға мүшелікке қабылдау тоқтамайды, дарынды, талантты жастар лек-легімен келіп қосылуда.

– Қорытынды бір сұрақ қойғым келіп отыр. Көптеген зиялы қауым өкілдерінің талап-тілектерін естіп жүрміз. Осы, Н.Островский кітапханасына өзге атау берсек деп ұсыныс айтып жүргендер бар. Осы жайлы ойыңызды білсек?

– Ия, ол жайынан мен де хабардармын. Жақында маған ҚР Жазушылар Одағының мүшесі Жолбарыс қажы Баязид ағамыз жолықты. Ол кісінің келгендегі мақсаты кітаптарын сыйға тартып, кітапхана атауын өзгертуге байланысты болды. Жолбарыс аға кітапхана атын өзгертіп, атауын «М.Әуезов» атындағы кітапхана деп атасақ деген ұсыныс айтты. Сол сияқты, облыстық кітапханаға Бейімбет Майлиннің есімін берсек деген ұсыныстар да айтылып жүр. Өз басым қарсы емеспін. Оны қоғамның талқысынын өткізіп барып жасау керек сияқты. Алайда, менің қазіргі мақсатым кітапхананы заманауи талапқа сай құру. Жаңа құрылғылармен жабдықтау. Ол шараулардың барлығы қаражатқа келіп тірелетінін өзіңіз біліп отырсыз. Кітапхананы автоматтандыру жұмысына басымдылық бергім келеді. Құжаттамалар мен кітап, мақалаларды цифрландыру үшін кәсіби сканер қажет. Оның да құны қымбат тұрады. Қазіргі таңда біз мақалаларды ғана енгізіп қойдық.

– Ашық әңгімеңізге рақмет. Кітапхана оқырмандары көбейе берсін. Әрдайым осындай жаңа жобалармен ел мүддесі үшін қызмет ете беріңіздер.

 Сералы МЫРЗАБАЙ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77