Біздің Қостанай Культура

Композитор Қалибек Деріпсалдинді еске алу кешінен

Арада қаншама жылдар өтсе де халқына еңбегі сіңген тұлғалардың есімдері ешқашан ұмытылмайды.

Солардың бірегейі Қазақстан Композиторлар Одағының мүшесі, музыка өнерінің майталманы Қалибек Деріпсалдин болатын. «Тау алыстаған сайын биіктейді» демекші, оны туған жерінің жұртшылығы яғни ән сүйер қауым сағынып қалыпты.

Көзден кетсе де, көңілден кетпейді

Өйткені, таяуда Қостанай шаһарындағы «Мирас» мәдениет сарайында өткен айтулы азаматты еске алу кеші осы сөзіміздің жарқын айғағы. Жұмыс күні болғанына қарамастан оның шығармашылығын құрметтейтін қауым өте көп. Тіпті ине шаншар орын болмады.

«Сағыныш сазы» деп аталатын бұл жиын жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Оған Қостанай облыстық мәдениет басқармасы, оның ішінде өңірдегі көркемөнерпаздардың халық шығармашылығы орталығы және отбасы мұрындық болды.
Кешті елімізге танымал Ербол Ипбергенов жүргізді. Ол кіріспе сөзін атақты сазгердің өмір жолымен таныстырудан бастады. Қалекеңнің бүкіл ғұмырын қазақ руханиятының өркендеуіне арнаған, артында өшпес мәдени мұра қалдырған көрнекті қайраткер екендігіне кеңінен тоқталды.

Өзінің тынымсыз ізденісі мен кәсіби шеберлігінің арқасында талай биіктерді бағындырып, құрмет пен абыройға бөленгендігі хақында жан-жақты айтты. Кезінде оның кеудесіне тағылған Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері, халық ағарту ісінің озық қызметкері, Аманкелді ауданы мен Қостанай қаласының құрметті азаматы атақтарымен марапатталғандығы көп жайдан хабар беріп тұрған жоқ па?

Ол өткен жылдарда көптеген сазды да сыршыл әндер мен бірнеше күйлерді жазып, олар талғампаз қауымның жүректерін тербетті.

Төменде біз осы туындылар жайында кеңінен әңгімелейміз. Өйткені, олардың бірқатары кеш барысында өнер шеберлерінің орындауында шырқалды.

Халықтың сүйіктісіне айналған досым өте қарапайым, адам баласының қадірін жақсы білетін. Ғұмырында шығармашылықтың шыңына көтерілумен қатар, ізбасар інілері мен қарындастарына қамқорлық жасады. «Бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей, артынан ерген әрі болашағынан үміт күттіретін жастардың танылуына тікелей ықпалын тигізді.

Олар да асыл азаматты яғни жүрегі үлкен ағаларын ешқашан ұмытқан емес. Өнердің үлкен сапарында қайда жүрсе де тәлімгерлерін еске алып, онымен тығыз байланыста болды. Жоғарыда аталған рухани басқосуда сол шәкірттері, шапағатын көрген дарын иелері арнайы келіп, оның әсем әндерін шеберлікпен орындап, жерлестеріне ерекше рухани ләззат сыйлады.

Жүректі жарып шыққан туындылар

Мінезі қазақтың кең даласындай дарқан, әрқашан да жүзінен жылы шуақ төгіліп тұратын бауырымыз көзі тірі кезінде өзінің алдындағы аға буын өкілдерінен бата алып, солардай болуға талпынды. Мәселен, ұлтымыздың мақтанышына айналған жарқын тұлға Әсет Бейсеуов кезінде бұның бойындағы дарын ұшқынын көргендіктен ақ батасын бергені қалың жұртшылықтың жадында болса керек.

Сондай-ақ, Торғай өңірінің дара тұлғалары Болат Хамзин, Қайыржан Мақанов, Айтбай Мұздахановтарды өзіне үлгі тұтты. Олармен тонның ішкі бауындай араласты. Ал, егіз қозыдай жарасып, бір-бірінің шығармашылықтағы табысына ортақтасқан әріптесі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Бақытжан Сәуекеновпен арадағы сыйластықтарын да бір кісідей білемін. Екеуі талай байқаулар мен сайыста топ жарып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленгені өз алдына бөлек әңгіме.
Біз екеумізді әу баста өнер мен шығармашылық табыстырды. Ол өмірден өткенше талай қуанышын бірге бөлістік. Оның көкейде жүрген ой- толғаныстарын өз аузынан естіп, қойын дәптерімен жазып та алған едім.

Қалекең тек әнші-композитор болған жоқ, рухани жағынан кемел жан-ды. Сондықтан көркем әдебиетті, газет-журналдарды үзбей оқыды. Республикалық және жергілікті басылымдардың жаңа сандары келгенше асыға күтетін. Ол қазақтың ұлы ақын-жазушылары мен жергілікті қаламгерлердің жазған дүниелеріне де айрықша құрметпен қарайтын.

Әрбір жүрегін жарып шыққан әннің мәніне ерекше көңіл бөлетін. Өйткені, оның айтар ойы, мазмұны терең болса ғана тыңдарманына жететіндігіне шүбәсіз сенетін. Торғай қасиетті жер екендігін барша қауым жақсы біледі. Ол сөз зергерлері, ақындар Ғафу Қайырбековтың, Жұмаш Сомжүректің, Серікбай Оспановтың, Серік Тұрғынбековтың, Ақылбек Шаяхметтің, Хамитбек Мұсабаевтың, Бүркіт Бекетовтың және басқалардың сөздеріне ән жазып, олармен туған бауырлардай болып кеткен-ді.
Кейіпкеріміздің бойындағы ұйымдастырушылық, іскерлік қырлары да көпшілікке аян. Осы қырлары Торғай-Тобыл өңірлерінде қызмет атқарған кезінде барынша жарқырап көрінді. Оның тікелей ықпалымен ансамбльдер құрылды. Сондай-ақ, тікелей басшылығымен дүниеге келген өнер ұжымдары қысқа мерзімде үлкен табыстарға қол жеткізіп, республикалық, аймақтық байқауларда топ жарды.

Қалибек Деріпсалдиннің еске алу кешін Зухра Өтепбергенқызы басқаратын «Мирас» мәдениет сарайында өткізілуінің өзіндік себебі бар. Торғай облысы жабылған соң, ол Қостанай қаласына көшіп келді.

Сөйтіп, қалалық мәдениет бөліміне қарайтын аталмыш өнер ордасына қызметке орналасты. Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Абай Әмірханов жетекшілік ететін ансамбльге қабылданып, өмірінің соңғы күндеріне шейін аянбай тер төкті. Онсыз облыс орталығындағы бірде-бір мерекелік және концерттік бағдарламалар өткен жоқ. Мұны қолына қалам ұстаған әріптестерім мен талғампаз азаматтар біледі.

Әндері – өлмес рухани қазына

Халықтың ілтипатына бөленген Қалибек Деріпсалдинді еске алу кешінде оның артында қалдырған туындылары шырқалып, жиналғандардың ыстық ықыласына ие болды. Алыс-жақыннан келген өнерпаздар әсем әндерімен сахнаны әуелетті.

Осы арада «Мирас» ұлт-аспаптар ансамблі орындаушыларды музыкалық жағынан сүйемелдегенін айтып өткеніміз абзал. Өйткені, мұндағылар өз кәсібінің шеберлері әрі ұлттық мәдениетімізді өркендетуге лайықты үлесін қосып келе жатқан жандар.

Кеште алғаш болып әлгі аталған ансамбль мүшелерінің қолдауымен Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздіктері Азамат Мұқатов пен Ботакөз Дүбірбаева Төлеген Сейдахметовтың сөзіне жазылған «Қостанай» әнін тамылжыта шырқап, көрермендердің көңілінен шықты.

Сазгердің халық арасына кең тараған әндерінің бірі – «Ерке құсым». Бұл туынды барша қауымның көзайымына айналғаны ешкімнен де жасырын емес. Аталмыш шығарманы Қалибек сонау бір жылдары өнердегі ерекше құрметтейтін досы, Торғай даласының бұлбұлы атанған Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғазиза Жұмекеноваға арнаған. Талантты қазақ қызының орындауындағы ән үлкен сахнаның сәнін келтіріп, ажарын арттырды.

Оның сөзін жазған ұлтымыздың дарынды ақыны Серік Тұрғынбеков. Мәтіні мен әуені әдемі үйлескен әнді эстрадада жарқырап көрініп келе жатқан дарынды ініміз Қанат Ражанов орындап, жиналғандардың қошеметіне бөленді.

Сахнада шырқалып, көпшілікті терең ойда қалдырған шығарманың бірі- «Аға туралы ән» деп аталады. Сөзі белгілі ақын Ақылбек Шаяхметтікі. Ол Алаш ардақтысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлына арнап жазылған. Оны жоғарыда есімі аталған Қанат Ражанов пен Нұриден Қабыкен орындады.

Тірі кезінде «Қостанайдың Шәмшісі» атанған Қалибектің тағы бір көрермендердің жүрек қылын шертетін әсем туындыларының қатарына жататын «Арман айым». Оны айтыс өнерінде өзіндік қолтаңбасы бар Бүркіт Бекетовтың сөзіне жазылған. Бұл туынды Нұриден Қабыкеннің орындауында тыңдаушыларының тарапынан қолдау тапты.

Өңірімізде Деріпсалдиндер әулеті құрметпен аталады. Мәселен, ағасының сазгерлік жолын жалғастырып келе жатқан Жарқынбектің талантты өнер иесі екендігін халық мойындағалы қашан. Еске алу кешінде Жарқынбек Деріпсалдин жеке «Әкенің арманы» және өмірлік жары Гүлбақытпен бірге «Айнакөл жағасында» әндерін өздерінің ешкімге ұқсамайтын асқақ дауыстарымен халыққа жеткізе білді. Бұл туындылардың сөздері республикамызға танымал ақындар Әлпия Орманшина мен Серік Жетпісқалиевтікі.

Кеш барысында Қалекеңнің қайталанбас әндерін өнерді өзіндік қолтаңбалары бар Оразбек Ғалымов, Нұрболат Арзамасұлы, Талғат Молдағалиев, Ғизат Кемелбаев, Жазылбек Сейітқалиев, Арыстан Құрманов, Нұрболат Қадыров, Анар Құмарова, Фариза Жоламанова, Асхат Шыңғысов және «Шабыт» тобының жігіттері шырқады.

Атақты композитор Қалибек Деріпсалдин халықтың еркесі, олармен тығыз байланыста жүрген, өзіндік айтары бар қоғам қайраткері де еді. Бүгін мақалаға өзек болған азаматқа деген ілтипаттың белгісі ретінде облыс орталығынан, өзге де қалалардан беделді азаматтар қатысып, қайталанбас тұлғаға жүрек жарды лебіздерін білдірді.

Олардың қатарында облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Саят Жүсіпов, Қазақстанның құрметті жазушысы, көрнекті ақын Серікбай Оспанов, Аманкелді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, досы Есім Дауылбай, Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясынан полиция полковнигі Ерлан Ахметов, Арқалық қалалық мәслихатының төрайымы Гүлбану Елтебаевалар болды. Сөз сөйлеген кісілер көрнекті композитордың мәдениет үшін аянбай еңбек еткендігін, азаматтық тұлғасын, руханиятта алатын орнын, оның аты ешқашан да өшпейтінін тілге тиек етті.

Осы «Сағыныш сазы» еске алу кешіне арқау болған тұлғаның есімін мәңгі қалдыру мақсатында ой-пікір де білдірілді. Мәселен, танымал қаламгер Әбдіқадыр Әбілтаев Қалибек Деріпсалдиннің атында қоғамдық қор құрылса деген ұсынысын ортаға салды.

Жиын соңында композитордың тұңғыш перзенті, запастағы подполковник Ербол Деріпсалдин тебірене сөз сөйледі. Оның ардақты әкесі жайлы айтқан шынайы лебізі көпшілікті терең ойға қалдырды. Ол алыстан арнайы келген үлкенді-кішілі қауымға ризашылығын білдірді.

Сондай-ақ, кештің жоғары деңгейде өтуіне қолдау көрсеткен облыстық мәдениет басқармасының басшыларына, барша жанашырлық танытқан өнер ордаларының жетекшілеріне, әкесімен сыйлас, сырлас әрі әріптес болған зиялы қауымға алғысын айтты.

Сонымен мәдениет сарайындағы бұл рухани кеш Қалибек Деріпсалдиннің шығармашылық шабыт үстінде жазған әндері мен күйлері қалың жұртшылықтың сүйіп тыңдап, жиі шырқайтын туындыларына айналғандығын айқын танытты.

Оразалы ЖАҚСАНОВ,
суреттерді түсірген
Лариса БОЖКО


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77