немесе кафедра меңгерушісі, белгілі ғалым Бибігүл Өтегенова жайлы мөлтек сыр
Сарыкөлдің мақтанышына айналған
Қостанай өңірінде саналы ғұмырын бәсекеге қабілетті, сауатты да білімді жас кадрларды дайындауға арнап келе жатқан қазақ қыздары да аз емес.
Бүгін солардың бірегейі педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Бибігүл Мазанқызы Өтегенова жайлы сыр шерткелі отырмыз.
Осынау бауырымыздың өз саласын жетік білетін маман екендігін бәрі де мойындайды. Себебі, ол өз қызметіне аса жауапкершілікпен қарайтын тұлға. Жұмысқа ерте келіп, кеш қайтуды әбден дағдыға айналдарған.
Әріптестері мен шәкірттері де оны ерекше құрмет тұтады. Өйткені, ол әрқашан да өзіне қатаң талап қоюмен қатар, шәкірттерінің білімді, қазіргі заман талабына сай толыққанды кадр болып шығуына айрықша назар аударады.
Біздің қазақ ұлы мен қызының өмірден өзі орнын табуы өскен ортасына, кішкентайынан тәрбиелеген ата-анасына да әбден байланысты деп босқа айтпайды.
Бибігүл Мазанқызы ұлтымыздың айрандай ұйыған тату-тәтті шаңырағында өсті. Оның кіндік қаны тамған қасиетті жері өңіріміздегі табиғаты ерте көктемнен қоңыр күзге дейін тамылжып тұратын Сарыкөл ауданы.
Жастайынан тындырымды, ширақ әрі қандай шаруа болмасын айтқызбай істейтін қыздарынан үй ішіндегілер де үлкен үміт күтті. Бұл да әке-шешесін жерге қаратпады.
Мектепте жақсы оқыған зерделі шәкірт қолына кәмелеттік аттестат алған соң ұстаздарына деген құрметтен болса керек, мұғалім болуды алдына мақсат етіп қойды.
Сондықтан да шығар, шалғайдағы қалаларға бармай-ақ облыс орталығындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетіне түсті.
Осы білім ордасына да биыл 80 жыл толмақ. Онда әрине, кешегі студент, бүгінгі педагогика кафедрасының меңгерушісі Бибігүл Өтегенованың да қосқан үлесі аса зор дер едік.
Студенттік жылдар да өте мәнді де мағыналы өтті. Ауыдан келген ақылды да зерек бойжеткен ұстаздарының лекцияларын мүлт жібермей өзінің үлгілі шәкірт екендігін оқу барысында әбден дәлелдеді.
Жоғары оқу орнын тәмәмдаған соң білім ордасында оқушыларға дәріс берді. Әрбір сабақтың және кезекті тақырыптың терең де мазмұнды болуына жете көңіл бөлді.
Содан кейін мұндай тиянақты әрі білікті маманды университеттегілер де дер кезінде көрді және еңбегін лайықты бағалады.
Осы сөзіміздің нақты дәлеліндей өзі түлегі болып табылатын білім ордасына педагогика кафедрасының оқытушысы қызметіне шақырылды.
Мұнда да үлкен абыройға бөленді. Себебі, аспирантурада оқып, кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғады. Аға оқытушылықтан кафедра меңгерушісіне дейін жоғарылатылды.
Есімі елімізге танылды
Белгілі ғалым табандылығы және еңбекқорлығының арқасында доцент, сондай-ақ профессор ғылыми атағына ие болды. Оның көптеген шәкірттері республикалық және халықаралық жарыстар мен олимпиадаларда жүлделі орындарды жеңіп алды.
Әсіресе, оның жазған көптеген еңбектері мен әдістемелік оқу құралдары әріптестерінің және өзін ардақ тұтатын шәкірттерінің іздеп жүріп оқитын кітаптарына айналды десек біз артық айтпаған болар едік.
Онымен қызмет бабымен талай рет жүздестім. Өте салмақты, сабырлы да инабатты жан екен. Өзін-өзі мақтап, мадақтауды ешқашан да жаны сүймейді.
Сондықтан да оны ерекше сыйлайтын және бір мақсат, ортақ мүдде жолында аянбай қызмет етіп келе жатқан әріптестерін әңгімеге тартып, олардың пікірлеріне сүйенгенді жөн көрдік.
Мәселен, жоғарыда аталған мемлекеттік педагогикалық университет ректорының кеңесшісі, профессор, белгілі тұлға Тілеген Ахметов өз сөзінде:
-Бибігүл Мазанқызы біздің мақтанышымыз. Өте білімді жан. Тәжірибесі мол. Оның тиянақтылығына бәріміз де дән ризамыз. Өздеріңіз білесіздер, біздің білім ордамыз педагогикалық бағыттағы кадрларды дайындайтындығы белгілі.
Өткен жылдарда оның алдынан қаншама түлектер терең білім алып шықты. Бәрі де бұл күндері еліміздің түкпір-түкпірінде жұмыс істеп жатыр.
Өзі теория мен тәжірибені тығыз байланыстырып отырады. Қазіргі таңда өңіріміздегі көптеген мектептер мен жоғары оқу орындарымен тығыз байланыста. Сондықтан ғалымның сіңірген еңбегі айрықша дер едім,-деді.
Сондай-ақ университеттің басқарма басшысы, есімі көпке танымал азамат Нұрлан Қабдырахметов те кейіпкеріміздің бүкіл әріптестеріне үлгі көрсетіп, артында жарқын із қалдырып келе жатқан нағыз педагог, білікті ғалым екендігін де ерекше ілтипатпен атап өтті.
Өткен жыл Бибігүл Мазанқызы Өтегенова үшін жемісті болды деп нық сеніммен айта аламыз. Білім ордасының тарихында 15 ғалым Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі ұйымдастырған «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» байқауында жеңімпаз атаныпты.
Соның бірі біздің замандасымыз, қазақтың қайраткер қызы Бибігүл Өтегенова дер едік. Бұл әрине, оның көп жылғы адал еңбегі мен төккен маңдай теріне берілген әділ баға екендігі сөзсіз.
Ол қазір де тың ізденіс үстінде. Сүйікті қызы Дана да анасының жолын қуып, жастайынан білімге ден қойған еді. Қазіргі таңда ол шет елде оқып жатыр. Біз Бибігүл Мазанқызына алдағы уақытта да мықты денсаулық, ғылымда табыстан-табысқа жете беріңіз деген ең ізгі тілегімізді білдіреміз.
Оразалы Жақсанов
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77