Біздің Қостанай

Ұлағатты ұстаздар кәсіби мерекелерінде құрметке бөленді

Қайрат Ахметов ұстаз, патронат ана Гүлсім Шадайқызын марапаттады

Ұстаздардың кәсіби мерекесіне орай қаламызда салтанатты жиын өтті. Оған қала мектептерінің бірқатар ұстаздары шақырылды. Жиын шымылдығы ұстаздарға арналып арнайы түсірілген бейнебаянмен түрілді.

Мұғалімдерді кәсіби мерекесімен құттықтауға Қостанай қаласының әкімі Қайрат Ахметов келді.

– Дәстүр бойынша қазан айының алғашқы жетісінде ұстаздардың кәсіби мерекесін атап өтеміз. Сонымен қатар, сапалы білім беру үрдісінде олардың рөлі мен еңбегін анықтауға жиналамыз. Биылғы жыл бәріміз үшін сынақ болды. Балалардың өмірі мен денсаулығын сақтау үшін оқу үрдісі қашықтық түрге ауысуға мәжбүр болды. Сол кезде мұндай шешім ата-аналар қоғамының наразылығын тудырған болатын. Бірақ, қазір біздің еліміз пандемияны өткергеннен кейін, бұл шешімнің дұрыс жасалғанын мойындауымыз керек. Барша ұстаздарды кәсіби мерекелірімен құттықтаймын. Саналы ұрпақ тәрбиелеу жолында, еңбектеріңіз еленіп, шәкірттеріңіз шыңдардан көріне берсін, – деді Қостанай қаласының әкімі Қайрат Ахметов.

Жиын барысында еңбегі елеулі ұстаздар ҚР Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасымен және Қостанай қаласының әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Мұның сыртында «Үздік педагог» байқауының жеңімпаздарына сый-сияпаттар табысталды. Оқушыларды ізденіске жетелеп, түрлі ағартушылық әдістермен жетілдіріп жүрген ұстаздар «Бізбіргеміз» естелік мүсіншесімен марапатталды.

Қалалық №20 мектептің билолгия пәнінің мұғалімі Айжан Қосанова қалалық деңгейде ұйымдастырылған «Үздік педагог» байқауының 1 орын иегері атанды.

– Мұғалімдік қызметте жүргеніме 13 жыл уақыт болды. Қазіргі таңда биология пәнінен сабақ беремін. Қалалық «Үздік педагог» байқауына қатысып, жүлделі 1-орынды жеңіп алдым. Байқау бірнеше кезеңдерден тұрды. Мұнда ең алдымен, мұғалім портфолиосын даярладым. Ашық сабақтарымды таныстырдым. Биыл байқау онлайн форматта өтті. Мен бейнесабақтарды түсіріп жібердім. Байқауға қала мектептерінен ұстаздар қатысты. Өз басым жүлдегер атанам деп ойлаған жоқпы. Кәсіби мереке қарсаңында бұл мен үшін зор қуаныш болып отыр. Әріптестерімді мерекесімен құттықтағым келеді, – дейді ұстаз, Айжан Қосанова.

Қалалық «Үздік педагог» байқауынан марапат алған мұғалім Айжан Қосанова өзінің жалақысының үш айлық есептік көрсеткішінде қаржылай сыйлық алатын болады.

Өтетілеуова Гүлсім Шадайқызы қырық жылға жуық ұстаздық етіп келеді.

Алғашында қазақ тілі пәнінің мұғалім болып қазмет еткен, қазір балабақшада тәрбиеші. Өзінің үш қыз баласы бар, оның сыртында бір ер баланы асырап алып тәрбиелеп отыр.

– Мен Әміржанды 2 жасында қарауыма алдым. Қазір ол 9 жаста. Қазір немерелеріммен бірге өсіп келеді, 3 сыныпта оқиды. Мен ешқайсынан бөліп-жармаймын. Ол мені әже деп атайды. Мен бұл шешімді жайдан-жай қабылдаған жоқпын. Қазақ жетімін жылатпаған ел, сол себепті ана жүрегім осындай жақсы істі қалап тұрды. Әлеуметтік педагог болып қызмет атқарған шақта, ата-анасының қарауынсыз қалған балалармен жұмыс істедім. Екінші жағынан сол сеп болды деп ойлаймын. Ол балаларға ата-ананың мейірімі жетіспейді, соны бергім келді, – дейді патронат ұстаз-ана Гүлсім Өтетілеуова.

Сералы МЫРЗАБАЙ
Суретті түсірген Нұржан СМАЙЛОВ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77