Мектептерде домбыра пән ретінде оқытылса деген ұсыныс айтылды
Еліміздің мектептерінде жаңа пән пайда болады. Бұдан былай оқушылар домбыра ойнайды үйренеді. Бұл туралы Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Алмагүл Мұхамедханова айтты деп жазды zakon.kz тілшісі.
Оның айтуынша, мұндай пәнді 6-сыныптан бастап оқыту қажет. Қазір оқу бағдарламасы сараптамадан өтіп жатыр, бұдан кейін барлық білім беру мекемелеріне жіберіледі. «Ұлттық құндылықты түгендеу қашанда өте маңызды. Біз Отанын сүйіп қана қоймай, оған жан-тәнімен берілген, халқының, туған елінің құндылығын ардақтап, идеяларын алға тартатын тұлға қалыптастыруымыз керек. Бірақ бұл бүкілі бірдей жаппай осы пәнді игеруге максимал түрде жылдам көшеді дегенді білдірмейді. Барлығы мектептің даярлығы мен ресурсына байланысты болмақ», – деді вице-президент елордада өткен тамыз конференциясында. А.Мұхамедханова бұл пән әсіресе қазақ тілінде оқитын сыныптарға қатысты болатынын айтты.
Осы ретте біз қала орталығындағы білімнің қара шаңырағы Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатына арнайы барып, домбыраны пән ретінде өткізу жайы қалай болып жатқанын сұраған болатынбыз.
-Домбыра үйірмесі біздің білім ордасында бұрыннан бар. Бұл бастама мектеп-интернаттың директоры Беген Қаженұлы қолға алған болатын. Ол кісі алғаш рет домбыра үйірмесін ашып, оған жетекші етіп композитор, өнерлі жан Қайырғали Әбіловты шақырған. Ол кісі мұнда көп жыл қатарынан еңбек етіп, шәкірттерді домбыраның құлағында ойнауға үйретті. Кейін жасы келіп зейнетке шыққан кезде біздің мектеп-интернатқа ол кісінің қызы Айнұр Әбілова жұмысқа орналасты.
Бүгінде Айнұр Қайырғалиқызының домбыра үйірмесінің жетекшісі болып келе жатқанына 10 жылдың жүзі болды. Осы уақыт ішінде ол домбыраға ден қойған шәкірттерге өзінің білгенін үйретіп, үлкен жеңістерге жетуіне себепкер болып келеді. Біздің домбыраның құлағында ойнайтын бірқатар оқушыларымыз халықаралық, республикалық деңгейдегі өнер байқауларында жүлделі орын алып жүр.
Жаңа оқу жылында 6-11 сынып оқушылары арасында 1 жетіде 12 сағат домбыра үйірмесі жүргізілетін болады. Домбыраға икемі бар оқушылар ұстаздарының бір көрсеткенін лезде қағып алып, жас күйші атанып жүр.
Сонмын қатар біздің мектеп-интернаттың оқушыларынан құралған «Ыбырай толқындары», «Серпін», «Керуен» деп аталатын ансамбльдер мен «Шашу», «Жастар» топтары құрылған. Мұнда өнерле оқушылар Дәулеткерейдің, Құрманғазының, Қазанғаптың күйлерін орындайды,-дейді диектордың тәрбие жөніндегі орынбасары Ақмарал Серікбаева.
«Құлақтан кіріп, бойды алар, жақсы ән мен тәтті күй. Көңілге түрлі ой салар, әнді сүйсең менше сүй» деп Абай атамыз айтқандай, қоңыр үнді домбырадан төгілген күй ойыңды биік белестерге жетелейді.
Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77