Социум

Латын қарпіне көшу – жарқын болашақтың бастауы болмақ

Елімізде латын графикасындағы жаңа қазақ әліпбиі жарияланды

Елімізде әлемдік дамыған 30 елдің қатарына ену мақсатында латын әліпбиіне көшу туралы әңгіменің бастап кеткені қашан. Бірақ бәрі бір-ақ күнде бола салмайды ғой. Оған көп уақыт керек. Сондықтан латын әліпбиін толық енгізуге үкімет тарапынан асығыстық туындап отырған жоқ. Халыққа бұл жазу түрін үйрету деңгей-деңгейімен өтіп жатыр.

Ендігі алға қойылған мақсат – 2023-2030 жылдар аралығында латын қарпін толық қолданысқа енгізу. Бұл бір қараған жанға аз уақыт емес. Осы мерзім ішінде халықты латынша жазуға үйретуге әбден болатын сияқты.

Әрине, мемлекетіміздің латын әліпбиіне көшуі жолында тіл мамандарының атқарар міндеті өте көп. Біріншіден халыққа үйретілетін әліпби толыққанды, дұрыс құрылуы қажет. Осы уақытқа дейін еліміздің бірқатар ғалымдарының, тіл мамандарының қатысуымен әліпбидің бірнеше нұсқасы дайындалды. Бірақ олардың бәрі әлі де жетілдіруді талап еткені жасырын емес.

Осы орайда, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті 2021 жылғы 26 қаңтарда Орфографиялық жұмыс тобының онлайн отырысын өткізгені бәрімізге белгілі. Онда латын қарпіндегі қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасы ұсынылған болатын.

Жетілдірілген әліпбиде әріп саны – 31, әліпби тек латын әліпбиі базалық жүйесі таңбаларынан құралған. Бұл әліпбиде қазақ тілінің 28 дыбысы толық қамтылған. Қазіргі ә(ä), ө(ö), ү(ü), ұ(ū) және ғ(ğ), ш(ş) қазақ әріптері диакритикалық таңбалармен берілген. Әліпбиде халықаралық тәжірибеде қолданыста бар умляут ( ̈ ), макрон ( ˉ ), седиль ( ̧), бревис ( ̌ ) диакритикалық таңбалары қолданылған.

Міне, осы әліпбидің жаңа нұсқасының қаншалықты қолданысқа жарайтыны жайында тіл мамандарынан сұрап білгенді жөн көрдік.

– Біз латын қарпіндегі әліпбидің жаңа нұсқасын талқылау мақсатында дөңгелек үстел өткіздік. Онда өңіріміздің ғалымдары, тіл мамандары, бұқара ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Тіл маманы ретінде әліпбидің жаңа нұсқасы менің ойымнан толық шықты. Өйткені, ол қазақ тілінің дәстүрінде орныққан «Бір дыбыс-бір әріп» принципіне толық сәйкес келеді.

Мәселен, кирилицада біздің кейбір қазақ тіліндегі сөздерімізді орыс ұлтының өкілдері дұрыс оқымай яғни дұрыс айтпай жатады. Атап айтатын болсам, қазақ тіліндегі «Отан» сөзін олар «Атан» деп оқып жатқанының куәсі болып жүрміз. Міне, осындай олқылықтарды болдырмау үшін қазақ тіліндегі жазуды латын қарпіне көшірудің үлкен мәні бар деп ойлаймын.

Сонымен қатар қазіргі заманауи техника дамып, ағылшын тілін меңгеріп жүрген жастардың саны артып келеді. Бүгінде әрқайсымыздың электронды поштамыз ағылшын әріптерімен жазылып жүрген жоқ па. Оны кез-келген адам танып, көріп жүр. Болашақта латын қарпіде уақыт өте толық қолданысқа енетініне сенімдімін. Еліміздің жаңа әліпбиге көшкенін қолдаймын.

Сондай-ақ өзім басқарып отырған тіл үйрететін орталық елімізде латын қарпін енгізу туралы бастаманы әрдайым қолдап келеді. Сондықтан алдағы уақытта тұрғындарға латын қарпінде жазуды үйретуде ерекше белсенділік танытатын боламыз.

Латын қарпінде жазу бір күнде ғана енгізілмейді ғой. Халықты оқыту науқаны кезең-кезеңімен өтеді. Сондықтан уақыт өте бұл бастама да оң шешімін табатын болады. Халқымыздың латын қарпінде сауатты да еркін жазатын сәті туытынына сенімдімін, – дейді Қостанай қалалық «Тілдарын» оқыту орталығының басшысы Жұлдызай Ербатырова.

«Көз қорқақ, бол батыр» демекші, латын қаріптерін көріп, бұны қалай үйренеміз, бұл әріптермен қалай жазамыз деп қорқып жүрген жандар баршылық. Бірақ елмен бірге үйренсе, қолына қалам алып латын қаріптерін жаза бастаса, бұл үрейден де арылуға болады. Елімізді жарқын болашаққа жетелейтін бұл бастама үлкен мәнге ие. Сондықтан «көппен көрген ұлы той»-деп ел болып осы белеске бірге көтеріліп кетсек нұр үстіне нұр болар еді.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77