Біздің Қостанай

Әлеуметтік пакеттер үлестіріле бастады

Қала бойынша 900-ге жуық бала пакет жиынтығын алады

Қостанайда АӘК алатын отбасылардың үйлеріне кепілдендірілген әлеуметтік пакеттер жөнелтілді.

Қала бойынша бір жастан алты жасқа дейінгі 900-ге жуық бала кепілдендірілген әлеуметтік пәкет жиынтығын алады.

Қостанай қаласының көп балалы отбасыларына арналған алғашқы әлеуметтік пакеттерді қалалық әкімдік пен «Rauzet Сауда» ЖШС өкілдері ұсынып отыр. Аталмыш сауда орталығы республикалық бюджеттен жиынтыққа кіретін қажетті заттардың барлығын сатып алып, оларды реттестіру құқығына ие болған.

Айтпақшы, сауда орталығының тауарлары Қостанай қаласына ғана емес, облыс аймағына да «Қазпочта» арқылы тиісті мекен-жайға жеткізіледі.

– Қала бойынша 1-6 жасқа дейінгі 891 бала тамақ өнімдері мен гигиеналық құралдары бар жиынтығына ие болады. Олардың ішінде 1-3 жасқа дейін 484 бала, ал, үштен алты жасқа дейін 407 бала осы пакетті тұтынады. Осы әлеуметтік пакетті алатын отбасыларға 10 күннің ішінде жеткізілетін болады, – деді жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ақбөпе Манатова.

Мекеме басшылығы осы уақыт ішінде кепілдендірілген әлеуметтік пакет алатын отбасыдан кәмелетке толған адам үйде болуын ескертеді. Әлеуметтік пакет мекен-жайға жеткен уақытта, қол қойып қабылдап алу қажет екен.

Бекжановтар отбасында 5 бала бар. Олар баспана кезегінде 8 жыл бойына тіркеуде болған. Үй алғанға дейін жатақханада 15 шаршы метр жерде тұрып келген. Қараша айында әкімдік көп балалы анаға үш бөлмелі пәтер берді. Гүлмира Бекжанованың үлкен баласы 19 жаста кіші қызы бір жарым жаста. Қызы Томирис 1-3 жас аралығында берілетін әлеуметтік пакетке ие болды.

– Мемлекеттің көрсеткен көмегі үшін алғыс білдіремін. Сегіз жыл бойына баспана кезегінде тұрып, жатахқананың тар жерінде қиналып келіп едік. Үйге де қол жеткіздік. Енді міне мемлекет тарапынан әлеуметтік пакетті үйге жеткізді. Мен қарадым, қорап ішінде балаға қажетті дәрумендермен байытылған тағам өнімдері бар. Өзімідің әкімдікке рахмет айтқым келеді, – деді Гүлмира Бекжанова.

Бұл пакет екі бағытқа бөлінеді: 6 жасқа дейінгі және 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға арналған. Мектепке дейінгі балалар үшін азық-түлік пакеті қарастырылған және оның өзі екі санатқа бөлінеді: 1 жастан 3 жасқа дейін және 3 жастан 6 жасқа дейін. Ең кішілерге арналған жиынтыққа ультрапастерленген сүт, балалар печеньесі, жүгері және ұнтақ жарма, балалар гипоаллергенді ботқасы, пюре, сұлы үлпегі. Бұл жастан үлкен балалардың жиынтығы бұған қарағанда көптеу.

Оның құрамына макарондар, күнбағыс майы, гематоген, таңертеңгілік ас үшін сүт түйіршіктері, бал және тағы да басқа тағамдар бар. Бұл жиынтықтар балалардағы дәрумендердің жетіспеушілігінің алдын алу үшін бөлінеді. Олар айға бір рет беріледі. Ал құрамына балалар кремі, крем-сабын, тіс пастасы, балалар сусабыны, тіс щеткасы және кір жуатын ұнтақ кіретін гигиеналық құралдары бар пакеттер тоқсанға бір рет беріледі.

Айта кету керек, алдағы уақытта еңбекке жарамды отбасы мүшесіне жұмыс ұсынылатын болады, егер ол жұмыстан бас тартса АӘК-тен айырылады. Сонымен қатар, балалар да кепілдендірілген әлеуметтік пакеттен қол үзеді.

Сералы МЫРЗАБАЙ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77