Конституция – мемлекеттің ғана емес, қоғамның да айнасы. Онда айқындалған әрбір норма ел болашағына бағыт-бағдар береді
Әсіресе отбасы құндылықтары, ана мен баланы қорғау, гендерлік теңдік мәселелерінің Ата заң деңгейінде бекітілуі – қоғамның тұрақтылығы мен ұлт болашағын айқындайтын маңызды қадам. Мереке қарсаңында осы тақырыптар аясында облыстық Әділет департаментінің басшысы Әлия Аманжоловамен сұхбаттасып, ой-пікірін білген едік.
–Әлия Алтайқызы, жаңа конституцияда отбасы құндылықтарына ерекше мән берілді. Бұл нормалардың қоғам үшін маңызы қандай деп ойлайсыз?
–Конституция – елдің ең басты заңы. Жаңа Конституция жобасында отбасы құндылықтарына, бала құқығына, ата-ана жауапкершілігіне ерекше мән беріліп отыр, демек, мемлекет отбасын қоғамның негізгі тірегі деп таниды. Бұл нормалардың қоғам үшін маңызы өте зор. Отбасы – мейірім мен махаббаттың, татулық пен берекенің ордасы. Мықты отбасы – мықты қоғамның кепілі, ал отбасы құндылықтарын сақтау – әрқайсымыздың басты парызымыз. Әрбір отбасының өз құндылықтары болады, осы құндылықтардың бірегейі – ұрпақ жалғастыру, саналы бала тәрбиелеу, үлкендерді құрметтеу, жақындарына, туған-туыстарына деген сүйіспеншілік, салт-дәстүрді сақтау. Әр бала үшін отбасы – алғашқы тәрбие мектебі. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген мақал орынды айтылған. Әке – отбасының тірегі, ана – отбасының мейірімі мен шуағы деп жатамыз. Бала ата-анадан көрген өнегені бойына сіңіріп өседі. Бала өміріндегі адамгершілік, мейірімділік, адалдық деген қасиеттерді отбасынан, қоршаған ортасынан алады. Үйдегі тәрбие дұрыс болса, қоғам да берік болады. Мемлекет «берік отбасы болса – берік ел болады» деген ұстанымды қолдайды. Ата заңымыз отбасын қорғау арқылы болашағымызды қорғайды. Саналы ұрпақ – елдің ең үлкен байлығы. Заңды құрметтейтін, әділдікті қолдайтын азаматтар елдің тұрақтылығын сақтайды.
–Ана мен баланы қорғау мәселесі Конституция аясында қалай көрініс тапқан? Ол өзгерістер неден туындап отыр? Неге бүгінгі қоғамда әйел мәселесі өзекті?
–Отбасы, ана мен баланы қорғау мәселесіне жаңа Конституция жобасында ерекше мән беріліп отыр. Конституция – мемлекеттің адамға беретін ең үлкен кепілдігі. Отбасы ол қоғамның іргетасы болғандықтан, әр уақытта мемлекеттің қорғауында болатыны сөзсіз.
Жаңа Конституция жобасы аясында ана мен бала мәселесіне қатты назар аударылуының басты себебінің бірі соңғы жылдары қоғамда дүрбелең туғызып жатқан тұрмыстық зорлық-зомбылық, ажырасу, бала құқығының, әйелдер құқығының тапталуы болса керек. Осындай қоғамда туындап жатқан мәселелер заңның жаңаруына, күшеюіне себеп болып отыр.
Бүгінгі қоғамда әйел мәселесінің өзекті болуының себебі әйел рөлі тек отбасымен шектелмейді, бұл қоғамның барлық саласын қамтиды. Бүгінгі күнде әйел – ол маман, кәсіпкер, қоғам белсендісі, саясаткер.
–Әйел басшы ретінде гендерлік саясаттың жүзеге асырылуын қалай бағалайсыз? Бұл бағытта әлі де жүзеге аспай жатқан дүниелер бар ма?
–Гендерлік саясат – ерлер мен әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерінің теңдігіне қол жеткізуіне бағытталған мемлекет пен қоғамның қызметі. Барлық қоғам өмірінің салаларында гендер түсінігі әйелдердің ғана емес ерлердің де тұлғалық ерекшеліктерін қорғайды. «Гендер» деген сөзді көп адам дұрыс түсіне бермейді. Көпшіліктің түсінігінде бұл термин көбіне әйел мәселесі, әйелдің билікке араласуы деп қана қарастырылады. Шындығында бұл одан да терең. Гендерлік саясат туралы айтатын болсақ, қазіргі таңда қоғамымыздағы түрлі қызметте істейтін қыз-келіншектердің қызмет пен отбасын қатар алып жүруіне ештеңе кедергі келтірмейді, отбасына да көңіл бөліп, қызметінде дөңгелетіп отырған қыз келіншектер жетерлік. Қоғамымыз дамып, әйелдің құқықтары назарға алынуда, мемлекет тарапынан әйелдердің құқықтары қорғалуда, әйелдердің кәсіп ашуынабірқатар мүмкіндіктер жасалуда. Осыған қарамастан әлі де болса қоғамда «Әйел үйдің шегесі» деген қоғамдық стереотип орын алып жатады. Басшылықтағы әйелдердің үлесі ерлермен салыстырғанда төменірек. Гендерлік теңділіктің қалыптасуы тек заң қабылдау арқылы жүзеге аспайды, сонымен қатар қоғамның көзқарасын өзгерту маңызды. Әрбір әйел қызметінде табысты, білімді, қоғамда белсенді болуға лайықты.
–Мемлекеттік қызметте әйелдердің рөлін арттыру үшін қандай қадамдар қажет деп санайсыз? Қазақстанда гендерлік саясатты дамыту бағытында қандай оң өзгерістер бар деп ойлайсыз?
–Мемлекеттік қызметте әйелдердің рөлін арттыру үшін мемлекет тарапынан қолдау қажет, гендерлік стеоротиптерді жеңу, тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету, барлық салаларда әйелдерге қолдау көрсету маңызды.Бұл бағыт әйелдерге ғана емес, жалпы қоғамға пайдалы болары анық. Қазіргі қоғамда әйел адамның қолынан келмейтін іс жоқ, әйелдер күрделі техниканы меңгеріп, спорттық салаларда ерлерден қалмай жетістіктерге жетіп, құқық қорғау органдарын басқарып, кәсіп ашып үлкен жетістіктерге қол жеткізуде. «Әйел – бір қолымен бесік тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді», мұның астарында әйел адамның кез келген ауқымды істерге араласып, үлкен нәтиже шығара алатынын аңғартатын мағына жатыр.Бесік тербейтін, батырды өсіретін, ұлтымызды сақтайтын, ертеңгі ерлерді өсіретін ол – Ана.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыруға, оларды барынша қорғауға және жан-жақты қолдауға әрдайым баса мән беріп келеді. Гендерлік саясаттағы оң өзгерісті әйел болсам да, мемлекет тарапынан қолдау алып Департаментті басқарып отырғанымнан байқауға болады деп ойлаймын. Қостанай облысы Әділет департаментінің тарихында 15 басшы болған, оның 14-і ер азамат біреуі ғана әйел, маған дейін 2000-2004 жылдары Новикова Сакыпжан Жаркенқызы басшылық қызмет атқарған. Қазіргі таңда мен басшылықта болған екінші әйелмін, қарамағымда департамент аппаратының қызметкерлерінен басқа, мыңнан астам Қостанай облысының заң қауымдастығының қызметкерлері бар, олар адвокаттар, жеке нотариустар, заң кеңесшілері, жеке сот орындаушылар, барлығымыз заң саласында қоян-қолтық жұмыс істеп келеміз.
–Әділет саласында әйелдердің құқықтарын қорғау бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Қыз келіншектерге көшбасшылық қасиетті дамыту үшін қандай кеңес берер едіңіз?
–Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа жауапкершілік күшейтілуде, заңдарға өзгерістер енгізілуде, өңірлерде отбасын қорғау орталықтары ашылуда. Мұндай орталықтар мемлекеттік отбасы саясатын жүзеге асыра отырып, отбасын сақтауға, отбасылық жанжалдарды шешуге ат салысады, сенім телефондары жұмыс істейді, тегін заң көмегі беріледі. Әйелдердің құқықтық мәдениетін көтеру үшін түсіндіру жұмыстары, семинарлар, қабылдаулар, ақпараттық жобалар жүргізілуде.
Қыз-келіншектерге көшбасшылық қасиетті дамыту үшін біліміңізді дамытыңыз, көп оқыңыз, жауапкершіліктен қашпаңыз, өзіңізге сеніңіз деп айтар едім.
–Сіздің де отбасыңыз, бала-шағаңыз бар. Қызмет пен отбасы арасындағы тепе-теңдікті қалай сақтайсыз? Біздің қоғам отбасы құндылықтарын сақтай алып отыр ма? Ажырасу мәселесі неге алдыңғы қатарға шықты?
– Мен әр уақытта жұмыста басшы болсам да, үйде әйел, ана екенімді ұмытпаймын. Әрбір әйел осы екі әлемді шатастырмай, қадірлей білсе отбасында береке болады деп ойлаймын. Өйткені қызмет – уақытша, ал жар, ана болу ол өмірлік миссия.
Отбасы – мейірім мен махаббаттың, татулық пен берекенің ордасы. Мықты отбасы – мықты қоғамның кепілі, ал отбасы құндылықтарын сақтау қоғамның ғана емес, әрқайсымыздың басты парызымыз.
Қазіргі таңда жастардың ажырасу мәселесінің алдыңғы қатарға шығуының себептерінің бірі қаржылық жауапкершіліктің төмендеуі, тұрақсыздық, жұмыссыздық, ойын құмарлық, жеңіл ақша табу, түсініспеушілік.Жастарға айтар кеңесім бақыт дайын күйінде келмейді, ол екі адамның ортақ мақсатынан құралады дегім келеді.
–Сіздің отбасыңыздағы басты құндылықтар қандай?Анаңыздан алған тәрбие өміріңізге өзек бола алды ма?
–Отбасы беріктігін сақтау, сенім, қамқорлық, сүйіспеншілік, құрмет, сыйластық, жауапкершілік. Осының бәрі тұтас болған жағдайда отбасындағы туындаған қиындықтарды жеңуге көмектеседі.
Ана – ақылды тәлімгер, бала бақытының бағбаны. Ана тәрбиесі-өмір бойы бірге жүретін рухани қор. Қанша есейсең де анаңның айтқан ақылы жол көрсетіп тұрады. Дана халқымыз «Ананың қадірін балалы болғанда білесің» деп өте орынды айтқан екен, өзім де ана болып, ұрпақ тәрбиелеп отырмын. Өмірден ұққаным – дүниедегі ең үлкен бақыт анаң тірі кезде қадірін біліп, алғысыңды айту. Ата-ананың алғысын алу үлкен сауап, олардың батасын алған жанның жолы ашық, ісі берекелі болады. Өмірдегі ең әдемі тілек – ол ата-ананың батасы.
–Алдағы халықаралық әйелдер күні қарсаңында өңір әйелдеріне қандай тілегіңіз, кеңесіңіз бар?
–Көңілдерімізге көктем шуағындай сезім мен нұр құйып, тағы да 8 наурыз Халықаралық әйелдер мейрамы келіп қалды. Осынау көркем мерекенің қай кезде де орны бөлек. Олай болатыны аналарға деген ыстық сезім, алғыс пен құрмет ешқашан сөнбек емес. Аналар өмірдің гүлі, көңілдің жыры, әр отбасының алтын діңгегі. Аналарға, аруларға айтар тілегім көктемнің гүліндей құлпырып, әсемдіктің, әдеміліктің, әдептіліктің иесі болып, шаттық пен қуанышқа бөленіп, береке-бірліктің, игі істердің бастаушысы болып жасай беріңіздер дегім келеді.
–Әңгімеңізге рахмет, мереке құтты болсын!
Ая ӘБДІЛДА,
сурет кейіпкердің архивінен алынды
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77
