Биыл Ы.Алтынсарин мемориалдық музейіне 30 жыл толып отыр
«Кел балалар оқылық, оқығанды көңілге ықыласпен тоқылық» деп қазақ баласын білімге шақырған ағартушы, педагог Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдың мерейтойы елімізде аталып өтілуде. «Қазақ хрестоматиясының» атасы Ыбырай Алтынсариннің білім саласына қосқан үлесі ұшаң теңіз.
Ыбырай Алтынсарин 1841 жылы қазіргі Қостанай облысының аумағында дүниеге келген. Әкесінен ерте айрылған ол атасы Балқожаның тәрбиесінде болған. Бала кезінен білімге құштар зерек бала көп оқиды. Өзінің білгенін ұлтына үйрету мақсатында қазақ жерінде алғаш мектеп ашты. Балаларды білімге шақырды. Ыбырай Алтынсарин салған білімнің сара жолымен қазір қаншама ұрпақ өсіп-өніп, үлкен жетістерге жетіп отыр.
Туған жері Қостанай өңірінде ұлы ұстаздың есімі барынша ардақталып келеді деп айтуға негіз бар. Оның атында Қостанай қаласында көше, дарынды балаларға арналған меткеп-интернат, еңселі кесенесі, музейі бар. Мұның бәрі бірігіп бір үлкен кешенді құрайды. Бүгінде өңіріміздегі Ы.Алтынсариннің осы кешені сырттан келген қонақтардың арнайы бассұғып, ішін аралап, үлкен қызығушылық тудыратын орны болып отырғаны белгілі.
Биыл еліміздің Тәуелсіздігіне 30 жыл толып отыр. 1991 мемлекетіміз өз алдына Тәуелсіздік алған жылы Қостанай қаласында Ы.Алтынсарин атындағы мемориалдық музейінің де ашылу салтанаты жоғары деңгейде өткен болатын. Ұлы тұлғаның есімі берілген музей сол кезден бері өнегелі істерді қолға алып, ағартушы, педагогтың өмірі мен шығармашылығы жайында тың дүниелерді іздестіруді жалғастырып келеді.
Бұл жұмыс қазіргі уақытқа дейін өз жалғасын тауып отыр. Музей басшылығы мен қызметкерлері Ы.Алтынсарин жайында мәліметті жүрген жерлерінде құлақтары шалып қалса, оны қалыс қалдырмай дер кезінде анықтап, сол тың дүниенің немесе жаңалықтың музейде орын алуына елеулі еңбек етіп келеді.
Осыған байланысты болар қазіргі таңда музей көпшіліктің қызығушылығын тудырып отырған құнды жәдігерлерге өте бай. Сырттан келген қала қонақтары бұл музейді аралап, Ы.Алтынсарин жайында жан-жақты мәлімет алып жатады.
Мұнда барлығы 26 адам жұмыс істейді. Сондай-ақ музей экспонаттарының жалпы саны 12 мыңнан асады. Оның ішінде негізгі қорда – 11072, осы негізгі қордың 3875 жәдігері электрондық базаға енгізілген. Ал ғылыми-қосалқы қорда 1757 экспонат бар. Келушілер саны жылына 30 мыңнан асып жығылады екен.
Сондай-ақ музейге келе алмай жүрген, шалғайда тұратын жандарға аталмыш мекеменің ресми сайтына кіріп, екі тілде жүргізілетін вертуалды экскурсия арқылы үйде отырып-ақ маңызды ақпараттарды алуға барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар музейдің «инстаграм», «фейзбук» әлеуметтік желілері де жұмыс істейді.
Музей қорында Ыбырай Алтынсариннің отбасы пайдаланған көрпе тыс пен ашқан мектептерінің бірінің кірпіші де көздің қарашығындай сақтаулы.
Ұлт ұстазының 180 жылдың мерейтойына орай музейде бірнеше ауқымды жобалар қолға алынған. Солардың ішіндегі «Тұлға тағылымы» арнайы жобасы аясында ыбырайтанушы ғалымдармен онлайн платформа арқылы іске асырылған көптеген кездесу, сұхбаттар, дәрістер өткізілді. Сондай-ақ ұлы ұстаздың мерейтойы қарсаңында Ыбырай музейінің бастамасымен облыс әкімінің қолдауымен 44 млн теңгеге қала орталығында еңселі ескерткіш бой көтерді.
Ал «Алтынсарин аймақтарда» ғылыми-іздестіру жұмыстары нәтижесінде «Ыбырай Алтынсариннің тілі мен стилі» тақырыбындағы лингвист-ғалым Секерхан Хасанованың ғылыми еңбегінің 500 беттік қолжазба нұсқасы музей қызметкерлерінің қолына түскен. Сонымен қатар Қазақстанның халық жазушысы Мәриям Хәкімжанованың жеке хаттарын, қазақ қаламгерінің қолжазбаларын жазушы, публицист Мағира Қожахметовадан алған. Енді алдағы уақытта осы еңбектерді кітап ретінде шығару мақсатында баспаханаға беру үшін музейде ғылыми кеңес құралатын болады.
Қоры құнды дүниелермен жыл санап толығып келе жатқан музей басшысының ғылыми жұмыстары жөніндегі орынбасары Салтанат Өтелбаевамен арнайы жолығып, өзімізге тың деректермен танысып қайтқан болатынбыз.
– Ұлы ұстаздың әлі де бізге беймәлім тұстары көп. Музей ұжымы педагогтың өмірі, шығармашылығы жайында мәліметтер іздестіруден бір жалыққан емес. Осы жерде бір атап өтетін мәлімет, Ыбырай Алтынсарин Ресей еліндегі Тройцк қаласында медресе салуға демеуші болған екен. Өйткені, сол кездері сол медресеге қазақ балалары оқуға барған көрінеді. Бұл жайында да біз соңғы жылдары мәліметтер тауып отырмыз. Осы ретте қолымыздағы құнды жәдігерлерді және мәліметтерді «Қазақстан» ұлттық арнасы түсірген «Ұстаз» деректі фильміне ұсындық. Біздегі құнды жәдігерлердің көмегімен көпшіліктің көңілінен шыққан деректі фильм дүниеге келді.
Жалпы, біздің ұжым ұстаздың қолданған заттарын немесе өз заманында жасаған игі істерін жинақтау ісімен айналыса бермек. Болашақта Ыбырай Алтынсариннің бай мұрасының қорын көбейте беру басты мақсатымыз болып отыр. Сонымен қатар өңіріміздегі Ы.Алтынсарин кешенін көпшілікке таныту мақсатында да тынбастан еңбек ететін боламыз. Әсіресе, ғаламтор арқылы ұлт ұстазының мол мұрасын тек елімізде ғана емес шет елдердің азаматтарына таныту маңызды болып отыр. Өйткені, мұндай дүниеге қайтып келмейтін тұлғаның артында қалдырған мұрасы барша қауымның жадында сақталып қалуы тиіс деп ойлаймыз, – дейді ол.
Ыбырай Алтынсарин иманы түзу, ислам дінін жетік білген көзі ашық, көкірегі ояу қоғам қайраткері. Ол «…істің болар қайыры, бастасаңыз Аллалап» деп сыныпта әр сабағын «Біссіміләсіз» бастамаған, діні мен дәстүрін ластамаған. Оның ислам дінінің қағида-шарттарын түсіндіретін, қазақ балаларына арнап шығарған тұңғыш оқу-құралы «Шариғатул-Ислам». Бұл еңбек арқылы ұлт ұстазы алдына келген балалардың білімін ашып, ой санасын дамытып отырған.
Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77