Біздің Қостанай

Ұлттық ұлан – ел қорғаны

Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов пен Ұлттық ұланның ақпараттық-насихаттық тобы Қостанайда болды

Сапардың негізгі мақсаты – әскери қызметшілер мен өңір азаматтарына Қазақстан Республикасы Президентінің «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауын және еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерін насихаттау.
Әскери қызметшілер мен азаматтық жастарды қазақстандық патриотизм және конституциялық борышқа адалдық рухында тәрбиелеу, ішкі істер органдары мен Ұлттық ұланның имиджін нығайту, азаматтардың әскери қызметшілерге, олар орындайтын қызметтік-жауынгерлік міндеттерге деген оң көзқарасын қалыптастыруға бағытталған.

Алдымен министр Марат Ахметжанов Полиция департаментінде болып Қостанай облысы әкімінің бірінші орынбасары Гауез Нұрмұхамбетовпен бірге Әулиекөл ауданындағы өртті жоюға қатысқан полицейлер мен ұландықтарды марапаттады. Полицейлерге «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медальдары, төсбелгілер, құрмет грамоталары және Алғыс хаттар табысталды. Содан кейін ведомство басшысы Жастар сарайында өңір тұрғындарымен кездесіп, проблемалық мәселелерді көтеріп, жергілікті жұртты алаңдатқан сұрақтарға жауап берді. Кездесуге 1500-ден астам адам жиналды. Аталмыш шарада ІІМ басшысы ішкі істер органдарында жүргізіліп жатқан жұмыстар мен елдегі және өңірдегі криминогендік ахуал жайында баяндады. Оның айтуынша, жыл басынан бері өңірімізде қылмыс 15%-ға төмендеген. Атап айтқанда, адам өлтіру – 36%, ұрлық – 24%, тонау – 22%, зорлау – 80%, алаяқтық – 14%, бұзақылық – 72%-ға азайған.

– Алайда өңірде жыл басынан бері тоғыз айда 27 қасақана адам өлтіру оқиғасы тіркелген. Аймақта есірткі қылмысы да азаяр емес. Онымен күрес жалғасуда. Бұдан бөлек, жыл басынан бері өңірде жол-көлік оқиғасы салдарынан қаза тапқандар саны көп, – деді министр.

Жұмыс сапары аясында Марат Ахметжанов өңірлік полицияның жеке құрамымен кездесуде министр ішкі істер органдары қызметкерлерін әлеуметтік қорғау мен материалдық қамтамасыз етуді нығайту бойынша қабылданған шаралар туралы хабардар етті. Қостанайлық тәртіп сақшыларының алдына қоғамдық тәртіпті, жол қауіпсіздігін қорғаудың жоғары деңгейін қамтамасыз ету және заңдылық пен тәртіпті сөзсіз сақтау бойынша нақты міндеттер қойылды.

Еліміздегі Ұлттық ұлан ән-би ансамблінің құрылғанына биыл 30 жыл. Осы мерейтой аясында ансамблдің жеке құрамы концерттік бағдарламамен Астанадан Қостанайға арнайы келді. Ұжым өнерпаздары патриоттық туындылар орындау арқылы әскери қызметті насихаттады.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша министрлік ауқымды және терең сапалы өзгерістер енгізуді бастады. Негізгі мақсат – халықтың сенімін арттыру, бюрократиядан арылу, адамның сұранысына бағытталған жұмыс моделіне көшу. Бұл бағытта жұмыс процестерін автоматтандыру, цифрландыру және оптимизациялау шаралары қабылданып жатыр. Қайталанатын функциялар алынып тасталып жатыр. Құқық бұзушылық салдарымен күресу емес, олардың алдын алу мәселесі – басты назарда. Сервистік модельге ауысу аясында полиция қызметі жаңа форматқа көшіп жатыр. Қызметтің барлық саласында аналитиканы қолданып, проблемаға бағдарланған тәсілді енгізіп жатырмыз. Полиция мен Ұлттық ұландағы арнайы бөліністердің жауынгерлік дайындығын нығайтамыз. Кәсіби «ядроны» сақтау үшін кадрмен жұмыс істеу тәсілдері қайта қаралып жатыр. Біздің басты міндетіміз – ХХІ ғасырдың жаңа, ашық, кәсіби және құзыретті қазақстандық полициясын құру, – деді Марат Ахметжанов.

Аталмыш концертті Қостанай қаласының тұрғындары, ардагерлер, студент жастар, полиция қызметкерлері, әскери қызметшілер, тамашалай алды. Шара барысында әскери, халық әндері тағы да басқа түрлі музыкалық композициялар шырқалды.

– Бүгін біз Ұлттық ұлан ән-би ансамблінің кезекті концерттік бағдарламасын Қостанай халқына ұсындық. Бұған дейін акция аясында еліміздің бірқатар қалаларын аралап, жанды дауыстағы концерттік бағдараламамызды ұсынып келеміз. Қостанайлықтар бізді жылы қабылдады, алғысымыз шексіз, – деді ән-би ансамблінің бишісі Әсел Сейілхан.

Әсел ЕДРЕСОВА
Суреттерді түсірген
Әбіл ДОСЖАНОВ,
Бағдат АХМЕТБЕКОВ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77