Культура

«Ұлттық мұра–домбыра»: Қостанайда Ұлттық домбыра күні кең ауқымда тойланды

Бұл айтулы мерекені Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзі Жарлық етіп шілденің алғашқы жексенбісі Ұлттық домбыра күні деп белгілеп берген болатын

Содан бастап Ұлттық домбыра күніне арналған мерекелік  шаралар еліміздің барлық аймағында шілденің алғашқы күндерінен басталып, кең көлемде сипат алған.

Осы мереке ұлттық құндылық пен мәдениетті сақтау мен жүйелі жаңғырту ойын одан әрі біріктіру мақсатында ұйымдастырлыған жақсы бастама екені анық. Осы айтулы күн тек Қазақстанда ғана тойланумен шектелмей, көршілес Ресей мен өзге де шет елдерде аталып өтілуде. Шетелдіктер қазақтың домбырасынанан шыққан әсем күйге еліп, ерекше құрмет білдіріп жатқандары әлеуметтік желіден кең таралуда.

Шілде айының алғашқы жексенбісі астанамыздан бастау алып, барша аймақтарда күй күмбірі әуеледі. Біздің өңірдегі салтанатты шара Тәуелсіздіктің 25 жылдығы саябағы жағалауында тойланды. Онда жиналған есебі жоқ халық еселене түсіп домбырадан шыққан күмбірге еліп, үлкені мен кішісі осы жерден табылды.

«Ұлттық мұра–домбыра» деп аталатын мерекелік думан сахнасы да әсем кейіпте. Жағажай алабына үлкен боз үй тігіліп, оның ішіне облыстық тарихи-өлкетану, Ы.Алтынсарин атындағы мұражайлардан әкелінген көне және белгілі тұлғалардың домбыралары қойылды. Олардың арасында ұлт-азаттық көтеріліс сардары Амангелді Имановтың, қазақ өнерінің падишаһы, халық әртісі, жерлесіміз Серке Қожамқұлов пен Халық ақыны Әсия Беркенованың да домбырасы бар.

Қостанай облысының мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов домбырасын арқалай келіп, жырдан шашу шашып, шараның шымылдығын түрді. Шаһарымыздағы І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрының әртістері домбыра өткенінен сыр шертетін театрландырылған көрініс қойды. Облыстық Е.Өмірзақов атындағы филормония оркестрі ән-күй орындап жиылған халықты бір серпілтіп тастады.

Қостанай облысындағы жүзден аса домбырашы жиылып ашық аспан астындағы алаңда күй тартып, өнерлерін көрсетті. Облыстық тарихи-өлкетану мұражайының мамандары қолөнер, музыкалық аспаптардың бірегей көрмесін өткізді. Көрмеде қазақ музыкалық аспаптарының кең ауқымымен қатар, қостанайлық суретші Арлан Анкауов өз жұмыстарын ұсынды. Соңғы сегіз жыл ішінде қолөнермен айналысып, жұмыс істеп жүргені біразына аян.

Домбыра – халықтың жаны, даланың даусы, үні шынайы. Бүгінде қазақтың киіз үйі, қара домбырасы және айтыс өнері әлем елдерінің ең ежелгі мұралары ретінде «ЮНЕСКО» тізімінде.

 Сералы МЫРЗАБАЙ

Суретті түсірген Бағдат Ахметбеков


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77