Біздің редакцияға Қостанай ауданының ата-аналарынан жиі келетін сұрақтардың бірі – балаларын шығармашылыққа баулитын қазақ тілді үйірмелер туралы. Әсіресе, мемлекеттік тілде қандай үйірмелер бар екенін білгісі келетіндер көп. Осыған орай, Балалар шығармашылық үйінде атқарылып жатқан жұмыстар жайлы толық ақпарат беруді жөн көрдік.
Қостанай ауданының Балалар шығармашылық үйі балаларды шығармашылыққа баулу, ұлттық мәдениетті дәріптеу және олардың қабілеттерін дамыту бағытында жемісті жұмыс істеуде. Мемлекеттік тілде үйірмелердің саны жылдан-жылға артып келеді. Бүгінгі таңда бұл орталықта 45 үйірме жұмыс істейді, олар 660 тәрбиеленушіні қамтиды. Жақында Балалар шығармашылық үйі жаңа ғимаратқа көшіп, жұмысын кеңейтуге мүмкіндік алды.
Қаңтар айына жоспарланған ресми ашылу балалар мен ата-аналар үшін маңызды оқиға болмақ. Қазір ұжым жаңа ғимаратта екі аптадан бері жұмыс істеп келеді. Құрылғылар орнатылып, сыныптар жабдықталуда. Директор Клара Исмағұлова жаңа ғимараттың маңыздылығын ерекше атап өтті.
— Бұрын біздің үйірмелердің барлығы мектептерде орналасатын. Жеке ғимараттың болуы – балалар үшін де, педагогтер үшін де өте маңызды. Мұнда барлық жағдай жасалады, — дейді директор.
Балалар шығармашылық үйі түрлі бағыттарда қызмет етеді: әскери-патриоттық тәрбие, туристік-өлкетану, сәндік-қолданбалы өнер, көркем-эстетикалық және әлеуметтік-педагогикалық бағыттар қамтылған. Әсіресе ұлттық ойындар үйірмелері ерекше танымал болып отыр.
2007 жылдан бері орталықта қызмет етіп келе жатқан Жаңыл Ахметова ұлттық ойындарға баулитын үйірмені басқарады. Ол бұрын ат спорты үйірмесінде жұмыс істеген, бірақ кейін бұл бағыт басқа мекемеге ауысып, Жаңыл Ахметова ұлттық ойындарға ден қойды.
— Қазіргі таңда ұлттық ойындар үйірмесіне 90 бала қатысады. Балалар негізінен 6-18 жас аралығында, олардың көбі бастауыш және орта сынып оқушылары. Асық ату, тоғызқұмалақ сияқты ойындар балалардың қызығушылығын тудырады. Бұл ойындар қазір ұмытылып бара жатыр, ал біз оларды қайта жаңғыртқымыз келеді, — дейді педагог.
Ауылдық округтердегі даму
Мемлекеттік тілде үйірмелер тек орталықта ғана емес, ауылдық округтерде де белсенді түрде ашылуда. Қазіргі таңда Айсарын, Ыбырай Алтынсарин, Қостомар, Нұржан Наушабаев атындағы мектеп-гимназия, Кәрімов мектебі, Майкөл, Надеждин, Озерное, Половников және Шеминов мектептерінде барлығы 33 үйірме жұмыс істейді. Бұл үйірмелерге 485 бала қатысады.
Заречный ауылындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектепте 12 үйірме жұмыс істейді. Олар әскери-патриоттық, туристік-өлкетану, көркем-эстетикалық және сәндік-қолданбалы өнер бағыттарын қамтиды. Мұнда 175 бала тәрбиеленуде. Алдағы уақытта Заречный №1 мектебінде де жаңа үйірмелер ашу жоспарланып отыр.
Директор Клара Исмағұлова ауылдық округтерде де балалардың сұранысы ескерілетінін айтты.
— Біз жыл сайын зерттеу жүргізіп, балаларды не қызықтыратынын анықтаймыз. Соның нәтижесінде жаңа үйірмелер ашып, олардың уақытын тиімді өткізуге жағдай жасаймыз. Мысалы, биыл Майкөл және Шеминов ауылдарында театр үйірмелері, Қостомарда дебаттық клуб ашылды. Мұндай жұмыстар жалғасын табады, — дейді ол.
Балалар шығармашылық үйінің тәрбиеленушілері түрлі байқаулар мен жарыстарда жоғары жетістіктерге жетуде. Олар ұлттық мәдениетті насихаттап, өңірдің мақтанышына айналды. Әсіресе, ұлттық ойындар мен өнер бағытындағы балалардың белсенділігі ерекше атап өтуге тұрарлық.
— Мемлекеттік тілдегі үйірмелерге сұраныс жыл сайын артып келеді. Балалардың ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығы бізді қуантады. Қазір әр баланың шығармашылық қабілетін ашу үшін барлық мүмкіндікті жасап жатырмыз, — дейді директор.
Қаңтар айындағы жаңа белес
Қаңтар айында өтетін ресми ашылу Балалар шығармашылық үйі үшін жаңа кезеңнің бастамасы болмақ. Жаңа ғимараттың ашылуы орталықтың жұмысын кеңейтіп қана қоймай, балалардың шығармашылық қабілетін дамытуға қосымша мүмкіндік береді.
Қостанай ауданының Балалар шығармашылық үйі — бұл тек балалардың бос уақытын тиімді өткізетін орын ғана емес, сонымен қатар, ұлттық мәдениеттің, өнердің және шығармашылықтың дамуына үлес қосатын мекеме.
Үйірмелерде түрлі ұлт өкілдерінен шыққан балалардың қызығушылығы артып келеді. Мемлекеттік тілде жұмыс істейтін үйірмелер тек қазақ балаларын ғана емес, өзге ұлт өкілдерін де баурап отыр.
— Біздің үйірмелерде қазақ, орыс және басқада көптеген ұлт өкілдерінің балалары бар. Олар мемлекеттік тілді үйреніп қана қоймай, ұлттық мәдениет пен дәстүрлерді де терең түсінуге тырысады. Бұл балалар үшін өзіндік дамуға және қоғаммен қарым-қатынасқа үлкен мүмкіндік береді. Мемлекеттік тілде жұмыс істейтін үйірмелердің есігі барлық балаға ашық. Өзге ұлт өкілдері мемлекеттік тілді үйренуге ынталы, және бұл олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуда үлкен рөл атқарады. Балалардың қызығушылығын көріп, біз қуанып отырмыз, — дейді Клара Исмағұлова.
Мұндай үйірмелер балалардың тілдік қабілетін арттырып қана қоймай, олардың қоғамдағы өз орнын табуына көмектеседі. Әртүрлі ұлт өкілдерінің бір ортада білім алып, шығармашылықпен айналысуы — Қостанай ауданындағы бірлік пен татулықтың жарқын көрінісі.
Аяжан СЕРІК,
суретті түсірген
Лариса БОЖКО
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77